• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Қаңтар, 2025

Жарбұлақтың жампозы

156 рет
көрсетілді

Тоқсаныншы жылдардың соңында мамандар тарапынан жас дзюдошы Ерлан Слямбаев туралы жақсы пікірлер жиі айтыла бастады. Ерлан небары 17 жасында Алматыда кіл мықтылар бас қосатын Санжар Жандосовты еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарып, 18 жасында ел чемпионы атанды. Сөйтіп, 60 кг салмақ дәрежесінде еліміздің беткеұстар балуанына айналды. Дегенмен сол дарынды да қарымды балуанға не Олимпия ойындарында, не әлем чемпионатында бақ сынау бақыты бұйырмады. Неге?

1998 жылы Мәскеуде Дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының тұсауы кесілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыста еліміздің спортшылары күміс пен қоланы ғана еншілеумен шектелді. Балуандар да, боксшылар да, басқа да спорт түрлерінің өкілдерінің бірде-біреуіне бас жүлде бұйырмады. Сол олқылықтың орнын Ерлан Слямбаев толтырды. 55 кило сал­мақ дәрежесінде белдескен ол бас­тапқы бәсекелерде Беларусь, Нидерланд, Түр­ік­­­менстан балуандарының аяғын көктен кел­­­тірсе, жартылай финалда Әзербай­жан өкі­­лін жеңді. Финалдық айқаста бельгия­лық Юнг Гаскардың осал тұсын оңай тауып,­ жарыс жеңімпазы атанды. Осы жар­қын жеңісінен кейін Е.Слямбаевтың атағы тіп­тен шарықтады.

Күрес әліппесін туған жері – Абай облысы, Үржар ауданының бұрынғы Жарбұлақ, қазіргі Қабанбай ауылында үйренген Ерлан 8-сыныптан кейін Алматыдағы Қажымұқан атындағы мектеп-интернатта шеберлігін шың­дады. Алакөлдің жағалауында жергілікті жат­тықтырушы Серікхан Шәріповтен тәлім-тәрбие алған бозбала Алатау баурайында көптеген дарынды дзюдошылардың томағасын сыпырып, үлкен аренаға жол ашқан еліміздің ең білікті бапкерлерінің бірі Манарбек Таутановтың қол астында жаттықты.

Алматыға келгенде де Ерлан «көптің бірі емес» екендігін әу бастан-ақ аңғартады. Жаттығу залында шелектеп тер төгіп, әр жарыста жанын салып айқасты. Бойы тапал, денесі шығыршықтай бозбала дзюдо күресін­дегі күрделі әдістерді көз ілеспес жылдамдық­пен орындап, көпшілік назарын бірден өзіне ­аударады.

Көп ұзамай Е.Слямбаевтың жеңісті жолы басталды. 1996 жылы жасөспірімдер біріншілігі мен Өзбекстанның Шыршық қаласында өткен халықаралық турнирде үшінші сатыға жайғасты. Келесі жылы Германия мен Түркияға сапар шегіп, Бре­мен­де бас жүлдені олжаласа, Анкарада қола медальды мойнына ілді. 1997–1998 жылдары қатарынан екі рет ел чемпионатында алдына жан салмады.

Ғасырлар тоғысында Ерлан 66 кило салмақ дәрежесіне ауысты. Жаңа салмаққа бейімделу оңай болмағанымен, елішілік жарыстарда үнемі жеңімпаздар, жүлдегерлер санатында жүрді. 2002 жылы Пусанда алауы тұтанған Азия ойындарына қатысып, бесінші орынға табан тіреді. 2003 жылы Чеджуде (Оңтүстік Корея) ұйымдастырылған құрлық чемпионатын қола медальмен қорытындылады. Содан Афина Олимпиадасында атой салуды армандады.

2004 жылы Алматыда Азия чемпионаты өтті. Осы жарыста Олимпия ойындары­ның жолдамалары сарапқа салынды. Ұлттық құрама бапкерлері «Құрлықтың басты додасында 66 кило салмақ дәрежесінде кім күре­суге лайық?» деген сауалға біраз бас қатырды. Со­дан үш үміткерді іріктеп алып, өзара белдесті­руді жөн көрді. Бұл тартыста Ерлан дарынды жас Арсен Хатипті ұтқанымен, тәжірибелі Мұратбек Қыпшақбаевқа есе жіберді. Осы сәтсіздіктің салдарынан Азия чемпионаты­на қатысып, Олимпиада жолдамасына тала­су мүмкіндігінен айырылды. Бұл жағдай оған ауыр тиді. Әлбетте, әр спортшының басты арманы – Олимпия ойындарында өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілу. Алайда жастайынан дара талантымен оқшауланған намысқой жігіт діттеген мақсатына жете алмады. Содан соң үлкен спорттан қол үзді. Ол кезде Ерлан небары 23 жаста еді...

– Арада талай жыл өтсе де, өкініштің орны толмайды екен. Ғаламдық додаға қатыса алмағаным есіме түссе, күні бүгінге дейін көңілім нілдей бұзылады. Өткенге зер салсам, ешкімнен аз еңбектенбегенім анық. Жаттығу залында аянған емеспін. Жауапты жарыстарда өзіме жүктелген міндетті әркез абыроймен атқаруға тырыстым. Қандай да биік белестерді бағындыруға бойымдағы күш-қуатым мен қарым-қабілетімнің жететініне күмәнданған кезім жоқ. Бірақ атам қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген аталы сөзді бекер айтпаған екен. Бәлкім, маған сол бармақтай бақ жетіспеген болар... Бүгінде байқасам, жеңіп алған жүлделерімді тізбелесе бір беттен еркін асады екен. Соған қарап, көңілім кәдімгідей көтеріледі. «Олимпиадаға бармасақ та, біз де бір кісідей күресіппіз ғой» деп өз-өзімді жұбатып отырамын, – деп Ерлан езу тартты.

Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Ерлан түрлі кәсіптің тұтқасын ұстады. Ком­мерциялық ұйымдарда жұмыс істеді, бизнеспен айналысты, «Қазпоштаның» филиалын басқарды, Алматыдағы «Арлан» базары­­ның директоры, Халыққа қызмет көрсету орта­лы­­ғы басшысының орынбасары болды. Қай жер­де жүрсе де сүйікті спортынан алыстаған жоқ. Ара-тұра жарыстар өтіп жатқан жерлерге ат басын бұрып, бәсекелерді қызыға тамашалауды, жалындап өсіп келе жатқан жастарға қамқорлық көрсетуді дағдыға айналдырған. Осы жағдайдың барлығы дзюдо федерация басшылығы тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Олар іскер әрі жомарт жігіттің еңбегін дұрыс бағалады. Жуырда Ерлан Қапсеметұлы Алматы қалалық дзюдо федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.

Шыны керек, күрестің бұл түрі Алатау баурайындағы әсем шаһарда тұралап тұр. Ұлттық құрама сапында Алматының екі ба­луаны ғана бар. Олар – Ғалия Тыңбаева, Шерзат Давлатов. Әрине, 2,2 миллионан аса халқы бар мегаполиске бұл тым аз. Міне, сол олқылықтың орнын толтыру Ерлан Слямбаев секілді күрестің «отымен кіріп, күлімен шыққан» іскер азаматтарға жүктеліп отыр.

Айта кеткен жөн, Алакөлдің дәл жаға­лауында орналасқан Қабанбай ауылынан Ерлан Слямбаевтан бөлек, тағы бірнеше танымал балуан шықты. Сол саңлақтар ара­­сынан Сағдат Садықов пен Еркебұлан Қо­саевтың шоқтығы биік. Олардың екеуі де Олимпия ойындарында күш сынасты. Сағдат 2000 жылы Сидней, 2004 жылы Афинада айқасса, Еркебұлан 2012 жылы Лондонда ел намысын қорғады. Өкінішке қарай, бабы келіскенімен, бағы кем болған Ерланға ондай бақыт бұйырмады.