• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Қаңтар, 2025

Жарыс күнделігі

96 рет
көрсетілді

Дарынды тен­нисшісі Әмір Омар­ханов Аустра­­лия­ның ашық біріншілігінің үшін­ші айналымында жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл межеде оны швеция­лық Уильям Рихтман тоқ­татты. Үш сеттік сайыс 4:6, 6:4, 7:6 есебімен аяқталды.

Еліміздің үш тен­нисшісі Португа­лия­ның Оэйраш қаласында өтіп жатқан «Челленджер» санатындағы турнирдің негізгі бөлігіне жолдама алды. Іріктеу сынының шешуші тұсында Бейбіт Жұқаев германиялық Кристоф Негритті (7:6, 6:4), Денис Евсеев корт қожайыны Тьяго Перейраны (2:6, 6:4, 6:4), Дмитрий Попко бельгиялық Рафаэль Коллиньонды (6:3, 6:2) қапы қалдырды. Михаил Кукушкин Франциядағы доданы сәтті бастады. Тұсаукесер кездесуінде словакиялық Йозеф Коваликтен (6:7, 6:3, 6:4) басым түсті. 5-9 ақпан аралығында Хорватияда күрес түрлерінен Zagreb Open турнирінің жалауы желбірейді. Жарыста еліміздің бір ғана балуаны күш сынасады. Ол – 87 кг салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген грек-рим күресі шебері Ислам Евлоев. Исламның жас­тар арасындағы әлем, Азия (U-20) чемпионы деген атақтары бар. Былтыр дәл осы турнирде еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков (86 кг) күміс медальды иеленді. Латвияда қыздар арасында шайбалы хоккейден өтіп жатқан әлем біріншілігінің екінші кездесуінде еліміздің құрамасы Жаңа Зеландияны 14:3 есебімен ойсырата ұтты. Алғашқы бәсекеде біздің бұрымдылар Ұлыбританиядан айласын асырған еді – 3:1. Танымал қақпашы Давид Лория еліміздің футбол федерациясының (ҚФФ) вице-президенті болып тағайындалды. Кезінде ол отандық «Есіл», «Астана», «Шахтер», «Ертіс», «Қайрат», «Ордабасы», Швецияның «Хальмстад», Ресейдің «Спартак-Нальчик», Түркияның «Ризеспор», «Каршияка» клубтарында ойнады. 1999 жылы Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысты. Ұлттық құрама сапында 47 ойын өткізді. 24 қаңтарда Канаданың Калгари қаласында конькиден Әлем кубогінің шымылдығы түріледі. Екі күнге созылатын бәсекеде еліміздің намысын Мария Деген, Надежда Морозова, Кристина Шумекова, Инесса Шумекова, Маргарита Галиева, Кристина Силаева, Дарья Важенина, Роман Биназаров, Виталий Щиголев, Артур Галиев, Демьян Гаврилов, Александр Кленко, Евгений Кошкин, Бақдәулет Сағатов, Никита Важенин, Вадим Якубовский, Алтай Жәрдембекұлы қорғайды. Биылғы ҚХЛ-дың «Жұлдыздар матчы» 8-9 ақпан аралғында Ресейдің Новосібір қаласында өтеді. Бұл жарыста «Барыстың» жалғыз ғана хоккейшісі өнер көрсетеді. Ол – қақпашы Никита Бояркин. 26 жастағы Қарағандының тумасы «Чернышев дивизионының» намысын қорғайды. Кеше Ташкентте бокстан Өзбекстан чемпионаты басталды. Аталған жарыста сол мемлекетте тұрып жатқан қазақтың 15 былғары қолғап шебері бақ сынайды. Олар – Мадияр Сайдрақымов, Руслан Абдуллаев, Саят Ілиясов, Сабыржан Тастанов, Арман Маханов, Қазбек Есенгеллиев, Ғанибек Мұратқасымов, Машрап Әбдуқайым, Асылхан Анарбаев, Мадияр Данияров, Айдос Тағайбаев, Амантай Шаланов, Иманғали Жайлауов, Сүндет Мұратов, Нұрислам Абдуллаев. 
Соңғы жаңалықтар