• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Ғылым 23 Қаңтар, 2025

Құндылыққа зәру қоғам

91 рет
көрсетілді

Қазір қоғамда діни құндылықтар мемлекеттік деңгейдегі ұстанымдарды тиімді іске асыруға септігін тигізіп жатыр ма? Осы сұрақты ғылыми пайымдаған Философия, саясаттану және дінтану институтының ғалымдары «Әділетті Қазақстан мән-мәтіні аясындағы діни құндылықтар мен қазіргі мәдениет» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сей­думанов жиынның кіріспе сөзін Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатынан бастады.

«Президент сұхбатында Әділетті Қазақстанның бір­қатар идеологиялық басым­дығына мән беріп, оның бірі мемлекет пен қоғамның бір­­лігін нығайту екенін атап өт­ті. Бұл басымдық қоғамды да­мы­туда маңызды қадам әрі ді­ни-мәдени фактор ғылыми қауым­­дастық алдында заманауи құн­дылықтар деңгейінде жа­сам­­паз рөлге ие. «Әділетті Қазақ­стан» концептуалды идея ретінде қоғамның бірлігіне ба­ғыт­талып, құқықтық мемлекет ұстанымдарына негізделіп отыр. Дін азаматтық сананың маңызды бөлігі ретінде қоғамға жан-жақты ықпал етеді десек, діннің әлеуетін, интеграциялық, коммуникациялық функцияларын тиімді пайдалану маңызды. Жаһандану трансформациясында және қоғамның жаңа ақпараттық технологияларға қызығушылығы артқан кезең­де діни құндылықтарды дін атын жамыл­ған деструктивті идеологияда, құқық бұзушы­лықтың басқа да түрлеріне профилактика жүргізуде қатаң ескеру қажет», деді ол.

Бүгінде елімізде 18 конфессияны қамитын 3 мыңнан астам діни бірлестік тіркелген. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Дулат Ибрагимовтің айтуынша, қазіргі таңда Алматыда орналасқан 17 конфессия өкілімен тығыз жұмыс істеліп жатыр. Басқарма жанынан құрылған діни бірлестіктер көшбасшылары клубы конфессияаралық татулықты нығайтуды мақсат етіп келеді.

Қоғамды ізгілікке, жастар­ды отан­сүйгіштікке, құндылықтарды құрмет­теуге үндейтін, дінаралық диалог, мә­дени-танымдық жобалар бар.

Конференцияда Орталық Азиядағы, әлемдегі діни тұрақ­тылық мәселесіне назар аударылды. Академик Р.Алшанов, институттың бас ғылыми қыз­меткері, ҰҒА академигі Н.Сейдахметова, философия ғылымдарының докторы С.Нұрмұратов, жиын тізгінін ұстаған институттың бас ғылыми қызметкері, филосо­фия ғылымдарының докторы Б.Сатершинов, Сүлейман Демирел университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Қ.Бағашаров және басқа ғалымдар ислам дискурсы, мәдени-рухани құндылықтар, конфессия және мәдениетаралық келісімді нығайтудағы діннің рөліне қатысты зерттеулерімен бөлісті.

Аталған институттың бас ғылыми қызметкері, PhD Ал­масбек Ша­ғыр­бай әлеуметтік зерттеулер бары­сына тоқта­лып, қазіргі кезде жастардың 50 па­йыздан астамы діни сауал туын­дағанда оның жауабын әле­у­меттік желілерден іздей­тіндігіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жауап беруші кім, оның кәсіби құзыреті қаншалықты кеңес беруге лайықты екені анық емес. Тексерілмеген ақпараттардың салдарынан жастардың қателесуі, теріс ағымдар жетегінде кетуі қалыпты құбылысқа айналып барады. «Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде діни институттар сандық және сапалық тұрғыдан өсті. Діни бірлестіктер көбейіп, рухани дәстүрлер жаңғырып жатыр. Кейбір белсенді уағызшылар айтып жүргендей емес, Құран іліміндегі ғылым туралы ха­дистерді қоғамның игілігіне бағыттау, ұлт зиялыларының ізгілікке шақырған еңбектерін пайдалану қазір­гі қалыптасқан қасаң қағидалардан арылуға ықпал етеді. Жастарды білім, ғылымға, жаңа технологияларға баулу – бүгінгі күннің талабы», дейді сарапшы.

«Қазіргі қоғамда дін тек құлшылық кейпінде ғана қа­лып­тасып барады. Дінді көп жағ­дайда садақа беру, намаз оқу, орамал тағу, сақал қоюмен ғана шектейтіндер баршылық. Егер біз елді өркениетке бас­таймыз десек, дінді ғылыми, мәдениет және елдер арасындағы қарым-қаты­насты реттеу құралы тұрғысынан қа­рау маңызды. Қазіргі қоғамда құл­шылық кейпінде ғана қалыптасып барады», дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, PhD Мырзахмет Жүзей. Оның айтуынша, әлеуметтік желі – жас­тар ең көп ақпарат алатын ауқымды платформа. Салдарынан жастар діни ұйымдардың жетегінде, әлеуметтік желінің ықпалында кетіп жатыр. Өйткені тұрақты және болашаққа бағытталған, жастарға арналған идеялар қолжетімсіз. Өкінішке қарай, енді ата-әже институтын дамытуымыз қиындау. Өйткені алдыңғы буын жастармен тіл табысуға дайын емес. Ал балабақша, мектептегі тәлім алған балалар арасында кереғар әдеттер белең алып барады. Осыған орай ғалымдар, мамандар тізгінді қолға алатын кез келді. Бір-бірімізді құрметтеу қағидаттары ұлт зиялыларының еңбектерінде аз айтылған жоқ. Абай, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин, беріде Алаш қайраткерлерінің арманы ұлттық мектеп құру болған жоқ па», деген пікірімен бөлісті ол.

Алдағы уақытта сарапшы ғалымдар өз құзыреті шең­берін­де өңірлерге жұрт­шылықтың кө­кейінде­гі сауалдарға жауап беріп, ақпарттық түсіндіру жұмыс­та­рын жалғас­тыр­мақ­шы. Ал ғалымдардың ұсыныс­тары тиісті орындарға жолданатын болады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар