Тобыл өңірінде Бірмағамбет Алдияров есімді ауқатты адам өмір сүрген. Бұл кісі өз заманының көзі ашық азаматы болған. Жарлы-жақыбайға да көп көмегі тиген. 1920 жылдан бастап, кеңес өкіметі еліміздегі ірі байлардың мал-мүлкін тартып алып, өздерін басқа жаққа жер аударды. Осы науқанға Бірмағамбет байдың да отбасы алдымен іліккен. Кеңес билігі оның да бар мал-мүлкін тәркілеп алған. Қазір сол атамыздың үйінен алынған кейбір заттар Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр.
Бірмағамбет Алдияров – Қостанай округі Қарабалық ауданының №10 ауылында тұрған. 1927 жылы сол жерден тәркілеуге іліккен. Бірақ ол кісінің кейінгі өмірі беймәлім. Алайда дәулетті отбасының тұтынған заттарынан халқымыздың ғажайып мұрасын көреміз.
Мәселен, қызыл барқыттан алтынмен әдіптеліп тігілген қазақ әйелінің қамзолы қандай әдемі. Ою-өрнегі де ерекше. Астары мақта-матадан жасалған. Қалталары көкшіл барқыттан тігілген. Бірақ қамзолдың матасы уақыт өте келе тозыпты. Содан кейін оны 1994 жылы халық шебері Тұрсынкүл Жайлаубаева қайтадан қалпына келтірген. Айта кетейік, мұны Бірмағамбет байдың бәйбішесі киген. Сондай-ақ Бұхараның қымбат матасы – қамқадан тігілген ер адамға арналған шапан да өзгеше. Оны алтын сарғыш түсті металл жіппен зерлеген. Шапанның қызыл күрең түсті гүлдері де көркем. Өңірі мен жеңі түсті тоқыма баумен әдіптеліп, астарын Бұхараның жібегімен жасаған. Өкініштісі, қазір шапанның материалы әбден тозған. Қайта жаңғырту қажет.
Әсіресе төбесі биік, етегі кең айыр қалпақ айрықша. Оның қайырмасындағы жоғарғы бөліктің етегіне сызық салып қондырған. Етегі ақ киізден тігіліп, екі жағы айырланып келген. Толығымен алтындалған жіппен зерленген. Бұрын ерлермен бірге әйелдер де атқа мінді. Бірақ шеберлер ер-тоқымды әйелдерге бөлек жасаған. Бұл – әйелдерге арналған сондай ер-тоқымның бірі. Ердің негізі ағаштан жасалып, терімен қапталған. Алдыңғы қасы артқы қасынан биіктеу, артқы қасы жалпақтау. Ердің алдыңғы биік қасына күмістен жапсырма бекітілген. Оны өсімдік тектес ою-өрнектермен жүргізген. Күмістің бетіне қызғылт сары үш ақық және көгілдір түсті перузалар қондырған. Ер-тоқым жақсы сақталған. Көзге бірден түседі.
Қазір бұл жәдігерлерге ғасырдан аса уақыт болды. Бірақ оны көргендерге сол дәуірден сыр шерткендей әсер береді.