• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Тағзым 28 Қаңтар, 2025

Өмірі ізгілікпен өрілген

95 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаеваның есімін халқымыз жақсы біледі. Ардақты тұлғаның білім саласында атқарған еңбегі ерекше. Қайраткер өмірден өткеннен кейін «Білім-инновация» қыздар лицейіне есімі берілді. Жақында өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды.

Ұстаздықты өмірлік мұ­ра­тына айналдырған аяулы жанның отандық білім саласын дамытуға қосқан үлесі өте зор. Ескерткіш-тақтаның ашылуында Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова қайраткер кеңестік жүйенің үстемдігіне қа­ра­мастан, қазақ мектебі мәсе­ле­сін өткір көтергенін сөз етті.

«Оның осындай игі істеріне Қызылордаға іссапармен бар­ған­да көз жеткіздім. Шәмшә Көпбайқызының «Қазақ мектебі – ұлт тірегі» атты еңбегін оқып, көп жағдайға қанықтым. Осында өз ісінің мазмұнына терең үңіліп, қазақ мектебін дамыта отырып, елі мен жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеу екенін баса айтқан», деп еске алды ол.

Бүгінде лауазымды қызмет атқарып жүрген әйел азаматшалар баршылық. Бірақ қоғам қайраткері болу екінің бірінің қолынан келмейді. Жазушылар одағының төрағасы, қаламгер Мереке Құлкенов айтулы тұлғаның мектеп басшылығынан бас­тап сенатор, министр, ректор қызметінде жүріп, ұлтқа жан аямай еңбек еткенін айтты. Ал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Нұрлан Оразалин: «Алматы төрінде Алаштың аяулы қызы, қазаққа қадірі асқан тұлға биігіне көтерілген Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева жайында сөз еткенде, жаны жайсаң, жүрегі жомарт, еліне есепсіз қызмет еткен қайраткерлігі еске оралады. Адамзат баласының рухани еңбегі, ұлтының алдында атқарған ұлы міндеті адал болса, оны халқы ешқашан ұмытпайды. Жадында сақтайды, жүрегіне тұмар етіп түйіп, ұрпақтан-ұр­паққа қалдырып отырады. Ұс­таз­дық мінезіне қаныққан, қайрат­керлік қалыбына көзі жеткен өткен ғасырдың 50 жылында өскенін, өнгенін көрген ардақты қызын елі жақсы біледі», деді ақын.

Сондай-ақ іс-шара барысында белгілі тұлғаның көзін көріп, істеген ісін өзіне де, кейінгі толқынға да үлгі етіп жүрген Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Шәмшә Көпбайқызының қайраткерлігі мен адами болмысына тоқталды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық уни­верситетінің ректоры Гүлмира Қанай Ш.Беркімбаева аталған оқу орнына басшылық еткен тұста тәлім-тәрбие мен әкімшілік-шаруа­шылық жұмыстардың жаң­ғыруына көп атсалысқанын жет­кізді.

«Сол кезеңде ауылдан келген жастарды университетке көп тартты. Заманауи үлгідегі 9 қабатты 450 орындық «Студенттер үйі» салынып, оқу ғимараттары, жатақханалар мен асханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Жастарды білімге, иман­дылыққа тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Оның педагогикалық және басқарушылық қызметі өскелең ұрпаққа үлгі», деді университет ректоры Г.Қанай.

Қазіргі таңда Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық уни­вер­­си­тетінің студенттер үйі Шәмшә Беркімбаеваның есімімен аталады.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар