Биыл – Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы қоғамда адал еңбекті бағалауды міндеттей отырып, жоғары оқу орындарымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде білікті кадр даярлауды, жақсы оқыған түлектерді мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бүгінде республикада 700-ден аса техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы мен 40-қа жуық филиалы жұмыс істейді. Онда 500 мыңнан аса студент білім алады. Биыл сапалы кадрлар даярлау мақсатында кәсіптік білім беру ұйымдары үшін тірек ресурстық орталығы міндетін атқаратын 10 жетекші технологиялық колледж құру қолға алынды. Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің деректеріне сәйкес, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында колледждердің материалдық-техникалық базасын жабдықтау, педагогтердің біліктілігін арттыру уақыт талабынан туындап отыр.
Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, білім беру бағдарламаларына үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу, кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізу, дуалды оқыту жүйесін дамыту және бизнес құрылымдары, инвесторларды тарту да назарда тұр.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласының сарапшысы Ернат Жүнісов Президенттің тапсырмасына орай жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылын барынша тиімді пайдалану қажет екенін айтады. Сарапшының пікірінше, біріншіден, колледждердің инфрақұрылымын жақсарту қажет. Өйткені басым көпшілігінің жағдайы сын көтермейді. Отыз жылдан бергі аралықта көңіл бөлінбегендері де баршылық. Соңғы бес жылда ғана колледждердің 30 пайызына жуығы материалдық-техникалық талаптарға сай жабдықтала бастады. Бұл мәселені мемлекет тарапынан, сондай-ақ инвестиция тарту арқылы іске асыруға болады. 2022 жылы еліміздегі колледждерге академиялық дербестік берілді. Осыған орай колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындауға тиіс болатын.
– Бірақ колледждердің көпшілігі өздеріне берілген академиялық еркіндікті толыққанды пайдаланбады. Өйткені жұмыс берушілердің талабын орындау үшін материалдық базасы жеткілікті болуы қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын дуалды оқыту жүйесі енді. Ол да қосымша мүмкіндік ретінде ғана қолданылып, оқу үрдісінің ажырамас бөлігіне айнала алмады. Бұл үшін сабақтың 60 пайызы кәсіпорында, 40%-ы ғана оқу орындарында өтуге тиіс болатын. Мұндай жағдайда материалдық базасы жеткіліксіз болғанымен, студенттер заманауи жабдықталған кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттыра алатын еді. Алдағы уақытта дуалды оқытуды дамытып, түлектердің бірден өндіріске жұмысқа кірісіп кетуіне жағдай жасай аламыз. Бастысы, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты жандандыру қажет, – дейді Е.Жүнісов.
Тиісті министрлік тарапынан техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 60 мың орынға ұлғайып, геология, машина жасау, энергетика, ІТ, металлургия, көлік және тағы да басқа техникалық мамандықтар бойынша көбейетіндігі айтылды. Осыған орай, былтыр мемлекеттік тапсырыспен қамту 80 пайызға жетіп, биыл 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру және «WorldSkills» стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленбек. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлеп, өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтуге тиіс.
Осы орайда Ернат Ғапуұлы мемлекеттік тапсырысты міндеттеу қажеттігін алға тартты. Сұраныс кәсіпорындар тарапынан болғанымен, студент оқуды бітіргеннен кейін кәсіпорындар өндірістегі өзгерістерді, басқа да себептерді желеу етіп түлектерді жұмысқа алмайтын жағдайлар кездеседі. Өндірістегі жұмыстың ауырлығынан, жалақының аздығынан да түлектердің ол жұмысқа барғысы келмеуі мүмкін. Қазіргі кезде қарап отырсақ, құрылыс саласы, ауылшаруашылығы мезгілдік жұмыстарға тәуелді. Жұмыс барысы автоматтандырылмаған. Мұнымен қоса, аспаз, шаштараз, көлік жөндеу орындарындағы механик, дәнекерлеуші сияқты жұмыстарға күнбе-күн келісімді еңбекақы төленетіндіктен, әлеуметтік жарна тұрақты аударылмайды. Осындай бірқатар себептерге сәйкес, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 65-68 пайызды құрап отыр. Егер де жастардың келешегін ойлайтын болсақ, кәсіпорындарды мақсатты мемлекеттік жұмысқа орналастыруға міндеттеу қажет. Сонда ғана өндіріске қажетті кадрларды дайындап, кәсіпорындар колледждермен оқу бағдарламасын, тәжірибеден өткізуді бірлесіп жүйелейтін болады.
Колледждердегі негізгі білім тәжірибеге бағытталған. Бүгінде елімізде балабақшадан бастап жоғарғы оқу орнына дейін жан басына қаржыландыру жүйесі іске асып келеді.
«Осы жүйеде ең төменгі қаржыландыру көзі колледждерге тиесілі. Яғни, жылына жан басына шаққандағы көрсеткіш 450 мың теңгені құрайды. Оқытушылардың еңбекақысы мен коммуналдық төлемдерден қалғаны студенттердің қажетті дағды алуына жетпейді. Яғни студенттің тәжірибеден өтуіне қаражат қарастырылмаған. Биыл осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр», деді ол.
Соңғы 10 жылда еліміздегі колледжер «WorldSkills» қозғалысына белсенді қатысып келеді. Жетістіктері де аз емес. Ал студенттердің білімі мен біліктілігін бағалауға мүмкіндік беретін, кәсіби шеберлікті анықтайтын халықаралық чемпионаттың қатысушыларға қоятын талаптары, өз жүйесі бар.
«WorldSkills жүйесінде демонстрациялық емтихандар студенттердің біліктілігін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай емтихандарды еліміздегі колледждердің 50 пайызы қолданып та жүр. Бірақ ескере кететін жайт, демонстрациялық емтихандар қосымша шығынды қажет етеді. «WorldSkills» жүйесіне сәйкес, колледжде оқып жатқан болашақ кәсіп иесінің өз мамандығы бойынша игерген дағдысы бағаланады. Ал студент дипломдық жұмысында қандай да бір бұйым жасайтын болса, оған қосалқы заттар қажет. Бірақ көптеген колледждерде демонстрациялық емтихан өткізуге қаражат мүмкіншілігі жоқ. Мұндай қадамдардың студентке үлкен мотивация беретінін, таңдаған кәсібін меңгеруде өз-өзіне деген талабының да күшейетінін басшылыққа ала отырып, сапалы кадрлар даярлауда осы мәселені де ескеретін кез келді» дейді сарапшы.
Жоғарыдағы деректерден аңғарғанымыз, оқу бағдарламаларын қайта қарастыру да уақыт күттірмейді. Оқу тәсілін, яғни түлектеріміз кез келген салада табысқа жетіп, бәсекеге қабілетті болуына ықпал ететін дағдылар оқу үрдісіне аса қажет. Ернат Ғапуұлы атап өткендей, әлемдік экономикалық форум болашақтың мамандықтарын анықтап, нақты трендте болатын, сұранысқа ие дағдыларды жария етті. Оның ішінде креативті, аналитикалық ойлау, үлкен деректерді сараптау, жасанды интеллект сияқты уақытпен бірге жылдам дамып жатқан жаңа заман дағдылары колледждер бағдарламасына біртіндеп енуге тиіс. Мұнымен қоса студенттер оқу орнынан кәсіпкерлік дағдыларды да меңгеріп шығатын болса, кәсібі нәсібіне айналдырып, экономиканың дамуына барынша үлес қосатыны анық.
АЛМАТЫ