• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Сұхбат 07 Ақпан, 2025

Бекен Ыбырайым, жазушы: Шала таным адастырады, шалағай талғам таластырады

281 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдағы 70-жылдардың ортасында әдебиетке бір талантты толқын келді. Олар «біз келдік» деп ешкімге өрекпіген жоқ. Мәдениетті мінез көрсетті. Сыпайылық сақтады. Алдындағы аға буынның бар асылын бойына сіңірді. Көркем сөз өнеріне өзгеше өрнек қосты. Шұрайлы шығармаларымен руханият қазынасын байытты. Бастысы, өнімді жазып, әдебиетке адал еңбек етті. Осы буынның белгілі өкілі, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаты Бекен Ыбырайыммен сын мен әдебиеттің дамуы туралы әңгімелескен едік.

– Алдымен сіз оқыр­манға сыншы ретінде таныл­дыңыз. Сондықтан әңгімені сыннан бастасақ. Қазіргі әде­би сынның деңгейі қандай, оған көңіліңіз тола ма, соған тоқталсаңыз?

– Сыншы – сирек дарын. Бірақ бұл мойындалған шындық десек те, нағыз сыншының қадірін біле бермейміз. Қазір әдеби талдаудың орнына тамсанып жалықтыратын, дәлелдеудің орнына қызыл сөзбен орағытып шапқылай беретін, мәтін ерекшелігін нәзік сезіне алмайтын сырдаң сыдырту белең алды. Шындығында, көбік сөзді көпіртіп жазған сынға ұқсас пікірлердің аткөпірлігі сынның беделін түсірді. Бір жағынан, автордың білім-білігі, таным-түйсігі, ойлау мен сезінуі, сөз саптауы оның жазған сынынан немесе көркем шығармасынан анық көрінеді. Нағыз әдеби сын – терең көркемдік таным мен сергек эстетикалық талғамның, тәжірибе мен шеберліктің, еңбек пен жауапкершіліктің жемісі. Оны айыптау емес, байыптау деп түсіну қажет.

Қазір әдеби сын мүлдем жоқ емес, бар. Негізінен бел­сен­ділік көрсетіп жүргендер – жас сыншылар. Олардың жарияланып жүрген сыни, ғылыми мақалаларында әдеби шығарманы түрлі тұжырымдама мен алуан мәселе тұрғысынан қарауға игі талабы айқын. Әйтсе де сыншылар қатары тым аз. Оларға қолайлы жағдай жасалмай келеді. Сын жаза алатын қаламгерлеріміз де аз емес. Соларға да қозғау салып, сыншылар қатарын көбейту – уақыт талабы. Сан бар жерде сапа да жақсаратыны анық.

Дегенмен әдеби сын үнемі көңіл­дегідей биік деңгейде жазыла бермейді. Елімізде жылына төрт-бес мың жаңа кітап жарық көреді. Оған бұрын жазыл­ғандарды қайталап басып, мезі ететін, ықыласпен оқуың қиын көптомдықты қосыңыз. Қазір классик атанудың ең таптаурын, оңай жолы әлсін-әлсін көптомдық шығару сияқты. Олардың барлығына әдеби сын арқылы талдау жасап, тосқауыл қою мүмкін емес.

– Бұрын сыншының сұсы, сынның азуы бар еді. Бүгінде сол азу қалды ма?

– Қасаң жазылған әдеби сын мен зерттеу еңбектерін оқырман түгілі қаламгерлер де оқымай­ды. Ал мерзімді баспасөзде жарияланып жүрген әдеби сын­­ның әлжуаздығы мен шалағайлы­ғы оқырман талғамын төмендетті. Басқаны былай қойғанда, қан­шама мектеп оқу­шысына ар­налған оқулықтар мен оқу құ­рал­дарында, хрестоматиялар­да білікті әдеби қауым тарапынан мойындалмаған, жоғары ба­­ғаланбаған шығармалардың жыл­дар бойы қайталап ұсыны­луы – бағдарлама жасаумен айналысатын мекемелердің біліксіз­дігі демеске амал жоқ.

Жалпы, белгілі бір тұлға мен күрделі тарихи кезеңді арқау еткен шығармалар тарихи-көр­кемдік мәлімет үшін таңсық немесе құнды көрінер, алайда оны нағыз әдебиеттің биігі, көркем­дік табысы деп айту шындыққа үйлесе қоймайды. Журнализмге ұқсайтын сондай шығармалар әдебиетіміздің табысы деп баға­лануы – сынның азусыздығы дегеннен гөрі жаппай етек алған жалған мадақтың, екі жеп биге шыққысы келе­тін астыртын есеп­шілдіктің, талғам­сыз­дықтың бір көрінісі дер едім. Сыншы да – шығармашылық тұлға. Азулы сын жазса, өтпелі өмірде құлағы­нан қи­қу кетпейтінін, бақиға кетсе де, құла­ғын шулата беретінін көрдік. Соны­мен қатар ақпарат құралын өзінің жеке­меншігі сияқты пайдалануға бейім, кейбір басшылардың «ептілігі», «көңіл­жықпастығы», шалағай мақала­лар­дың жариялануына тосқауыл қоймауы, көркемдік деңгейі нашар кітаптардың көпе-көрінеу насихатталуы ақиқаттан алыстатып, оқырманды адастырады. Бұл басшының да, басылымның да, сынның да беделін түсіреді. Мұ­ны «айтпаса, сөздің атасы өледі» дейміз. Ақиқатын айтқанда, суреттеу мен баяндауды жіті ажырата алмайтын, сөз қолдану си­па­ты­на қарап, сөйлемнің пластикасын, мәтіннің деңгейін аңға­­ра алмайтын, өмірлік-әлеуметтік тия­­нағы мен философиялық ас­тарын түсінбек түгілі түйсіне алмайтын, журналистиканы әде­биет деп, әдебиетті журналистика деп ұғынатын қарабайыр сын-зерттеулерге қалай қарын ашпайды. Мұндайда шала таным адастырады, шалағай талғам таластырады.

– Талғам туралы айтып қал­дыңыз. Бір кездегі көркем сөздің дәміне тамсанатын талғампаз оқырманнан айырылып қалған жоқпыз ба?

– Шынында да, ол буын тым сиреп қалды. Кейде мүлдем жо­ғалып бара ма деп алаңдаймын. Қазір қарапайым оқырман түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдар­­дың біразы «проза көпсөзділік­тен арылып келеді» деп пайымдау­ға бейім. Толқытпайтын, ке­йіпкердің жүрген-тұрғанын ты­қылдатып тізіп бергенге «мәз» есепшот проза, олай бір, бұлай бір ырши беретін үзік-үзік, ше­гірт­ке сөйлемдер, телеграмма мәлі­ме­ті секілді «асығысы» көп шы­ғармалар бірде сценарийге, бір­де пьесаға ұқсап жатады. Уақыт, мекен, кеңістікті нақты жеткі­зе алмайтын журналистік жүрдек қызыл сөздер ағыны – әлбетте, көпсөзділік. Ал жазушының жан тереңінен шымырлап шыққан әр сөзі сөйлемнің сырын тереңде­тіп, әр «бөлігі» ынталы көзге ғана сырын аңғартады. Ал жалпы маз­мұны өзіндік күрделі әлемге айналған шығармалар көрініс­ті, ситуацияны, соны түйсінген кейіпкердің табиғатын, рухани әлемін де сезіндіре алады. Сол арқылы оқырманның интуиция әлеміне жететін, кемелдендіретін импульс қазынасы молая бермек. Көркем әдебиеттің мүмкіндігі мен миссиясы – соған үлес қосуында.

Қазір жүздеген мың тара­лыммен шығатын әдеби шығар­маны таба алмайсыз. Аудан мен ауылдағы кітап дүкендерінің жо­йылуы халқымыздың руха­ни әлеміне орасан зор соққы болып тиді. Бүгінде ойлы оқыр­ман түгіл екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтындар кө­бей­ді. Осындай жағдайда әдеби сын­нан азулылықты талап етуге дәтіміз бармайды. Анығында, бүгінгі әдеби сын сынауға емес, қамқорлыққа зәру! Салмақты бір мақала жазуға қаншама уақыт, қуат жұмсалатынын жазбаған адамдар білмейді. «Аттың жалы, түйенің қомында» жазыла салатын пікірлер – сауатты, шынайы сын емес.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетке де еркіндік келді. Түрлі әдеби ағымдар пайда болды. Бүгінгі қазақ әдебиеті қай бағытпен дамып барады деп ойлайсыз?

– Алдымен бағдарымызды байыптау үшін әдебиеттің даму бағытын таразылау қажет. Дегенмен оны дұрыс немесе бұрыс деп бағалап қақпайлау, тізгіндеу – жөнсіз. Көркем шығармашылыққа қалай қысым жасалғанын кезінде әбден көргенбіз. Ұқсас кейіпкер­лер, деңгейлес шығармалар, таптау­рын тақырыптар, стандартты туын­­дылар миллиондардың, де­мек, тұтас қоғамның рухани да­муына орны толмас зиян кел­тірді. Қазіргі толық еркін­дік жағда­йын­да қиялдың шарықтауына да, санқилы мәнер-өр­нек­ті құл­пыртуға да қаламгердің мүм­кін­дігі шектеулі емес. Болмыстың құбылысы қисапсыз қиырла­рын, сезім­нің сапырылысып, қай­нап жатқан қатпар-қиянда­рын шарлаған тежеусіз қиялдың өзіндік «қисыны» мен өзімшіл өршілдігінен бастау алған алуан ізденіс поэзияда да, прозада да сайрап жатыр. Ең бастысы, солар сендіре ме, көңілге қона ма, көкейкестіні айта ала ма, толған­дыра ма?

Әлемдік әдебиеттің таңдаулы үлгі­лерінен үйрену, нәр алу, жарысу бар. Көзім шалған жекелеген шығармалар бойынша айтсам, бұрын-соңды анық айшықталмаған өрнектер, бояу­лар, толғамдар, кейіпкерлер, та­қырыптар, тәсілдер көріне бастады. Жай еліктеу ме, әлде да­мыту ма, немесе далақтап қап­талдасуға жан салу ма? Жалпы, әдеби үдеріске баға беру үшін қы­руар кітапты оқып, зерттеп ба­рып айту керек. Бұл мәселемен тиіс­ті ғылыми мекемелер мен оқу орын­дары айналысып, зерттеу жүргізгені дұрыс.

Әсілі, тәуелсіздігімізді нығай­тудың бір жолы – өзгелердің бізге деген ықылас-құрметін арттыру. Олай болса, басқа елдер мойындайтындай шығармалар жазу, ең таңдаулысын шет тілдерге аудару қажет. Мақталып жүрген шетел классикасын оқығанда, бірден көзге түсетіні – насихаты керемет, жазу техникасын қапысыз игерген, әдеби сауаттылығы талассыз. Алайда біраз шығарма­дағы эстетикалык қуат кемшіндігі мен көркемдік-философия­лық мазмұн әлемінің жұтаң­дығы қарын ашырады.

– Кейінгі отыз жыл ішінде біраз сүйекті әдеби туынды жазылды. Бірақ кәсіби сыншылар тарапынан ішінара шығармаларға болмаса, жалпы әдеби үдеріске толық баға берілді дей алмаймыз. Мұны қалай түсінеміз?

– Жалпы, әдеби үдерістің ауқымы аса кең. Көркемдік құбылыстар деу­ге лайықты шығармаларды іздеп табу­ға, тануға, талдауға мемлекеттік дең­гей­де мән берілмесе, жекелеген кәсі­би сыншылардың мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда мүдделі министрліктің ұйым­­дастырушылық іскерлігі, әлде қаржы­лық мүмкіндігі жетпей жататынын тәуелсіздік алған­нан бергі кезеңде айқын аңға­ры­лады. Негізінде, министрлік тапсырысы мекемелерге беріліп, солар қаржыландырылады. Ал іс жүзінде әдеби сын, ғылыми зерттеу – жеке шығар­машылық. Бұл салада тиімді жұ­мыс жүргізу екі­­нің бірінің қолынан келе бер­мейтіні талай дәлелденген.

Қазір әдеби үдеріске толық баға беру былай тұрсын, не­гізгі нышандарды жалпылама шамалаудың өзі оңай емес. Шығып жатқан зерттеулер кейде қолға түскенде, әдеби үдеріс­тің ерекшелігін тым құрыса ша­малау үшін кейде парақтап қа­ламыз. Ғылыми дәрежесі жоқ, сауатты оқырмандардың өзде­рі-ақ айқындай алатын, шығар­малардың мазмұны, идеясы, ке­йіпкерлері туралы мәлімет бе­ріледі де, әдебиет тарихы немесе әдеби үдеріс контексін­дегі ерек­шелігі көмескі қалады. Зерт­теушілердің көпшілігі шы­ғар­маның көркемдік сапасын ажырата алмайды. Кейде тіп­ті ақындардың поэзияны, жазу­шылардың прозаны нәзік, терең түсіне бермейтініне қайран қаласыз.

– Көркемдіктің бір кілті – жанр. Әр жанрдың көтеретін өз жүгі бар. Қазір әдеби жанр­ға көп мән берілмейді. Бұл үрдіс жас қаламгерлер арасын­да байқалады. Бұған қалай қарайсыз?

– Өз басым бүгінгі жастар­дың әдеби сауаттылығы мен алуан жанрдағы тынымсыз ізде­ні­сіне қуанамын. Олардың оқуы­­на да, қалам сілтеуіне де ер­кіндік берілген кезеңде қай із­денісін де қол­даймын. «Көш жүре түзеле­ді» ғой. Өскен сайын тәжіри­бе­сі молаяды, өзіне қояр талабы да артады. Шарқ ұрып жүріп, ақыры биікке жететініне сене­мін. Кеңес­тік кезеңдегідей ­поэ­­­зия мен прозаға пародия секілді өлең-репортаж, өлең-очерк, өлең-суреттеме, очерк-әңгіме, очерк-роман, интервью-роман, новелла-роман, жұмысшы табын арқау еткен поэма, су, трактор, аккумулятор зауыты туралы романдар, директор, парторг жайындағы повестердің сарынымен кетпесе дейміз. Жастар түгіл кейбір жаса­мыстардың мақала, этюдтер­ден жамап-жасқаған, қырық құрау ­романдарын көзі­міз шалып қалады. Әр жылдары жазған тақырыптас повес­тердің басын қосып, роман деп жариялағандарды да естідік. Бұл құмды жинап алып, тас деп, тастарды жинап алып тау деген сияқ­ты әсер етеді. Осы тақы­рыпты арнайы қарастыру дұрыс болар.

– Өзіңіз соңғы жылдары тұ­шынып оқыған қай туындыны ерекше бағалайсыз?

– Оқуға мұршам болмай жүр­­ген шығармалар көп. Сон­дық­тан қолыма тиіп, ұнаған бірін ерек­шелесем, әділеттен алыс кетем бе деп тартынамын.

– Балалар әдебиетінің дамуына да қомақты үлес қосып жүрсіз. Бірақ жет­кіншектер тақырыбына қалам тартып жүргендер аз секілді көрінеді. Мұның себебін айта аласыз ба?

– Балаларға арнап өнімді еңбек еткен аға буынның қатары селдіреді. Орта буын өкілдері аз болса да бар. Алайда кейінгі жыл­дары прозада да, поэзияда да, әсіре­се шағын жанрларда жаңа жас буын қаламгерлер молырақ көрініп жүр. Бұл саладағы басты қиындық – балаларға, оның ішінде балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына тартымды, жаңа көркемдік әлем жасау, солар­дың талап-талғамынан шығатын тілмен жазу. Бү­гінгі балалардың өмірі – қаламгерлер үшін бұр­нағы кезеңдерден мүлде басқа. Күр­делі әлем. Жеткіншектер интер­нет арқылы әлемнің қыруар ықпа­лын сезініп отыр. Олардың көргені­нің барлығын білетін бірде-бір қаламгер жоқ. Сондай-ақ басқа жанрлармен салыстырғанда, балалар әдебиетіне байланысты әдеби байқаулар аз.

– «Айбоз» ұлттық сыйлығын алған «Іздер құпиясы» атты балалар әде­биетінде алғаш жазыл­ған шытырман романыңыз­ды оқырман жылы қабыл­дады. Шығарманың сюжеті қызық­ты. Кейіпкерлер бейнесі де тар­тымды. Осы туындыны жазуға не түрткі болды?

– Қай қаламгер үшін де шы­ғармашы­лығына әсер ететін қуат – шексіз болмыс шынды­ғы. Әкемнің інісі шопан болды. Жазғы демалысымды ылғи сол кісінің үйінде, қойлы ауылда өткізетінмін. Шексіз, шалқар кеңістік пен құлазыған құла шөлдің, сағымға малынған қыр мен көгілдір мұнарға оранған таулы өлкенің таңғажайыбы тән­ті ететін. Бала күнімнен маған ұлан-қиырда тағдыр-талайы әр­қилы адамдар, малшылардың тынымсыз бейнетке толы тір­ші­лігі, бүркеулі әлеуметтік тең­сіз­дік, үйреншікті тұрмыстық ауырт­палық сияқты қайнап жатқан сан­сыз құбылыс жақын болды. Романдағы негізгі табиғат көрі­ністерін дерлік өз көзіммен көрдім. Оған сыймай қалған қан­шама «қызық» бар.

Әсіресе оқушы кезімде көрген бір сұмдық сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Моншаға түсіп жатқанмын. Бір кезде жуынатын жерге шертіп жібер­се, жарылып кетердей керілген, төң­кер­ген қоңыр қазандай қарын кіріп келе жатты. Осындай да қарын бола ма екен, қайдан жүр, кімдікі деп, таңғалып үлгіргенімше, оған төменнен кепкен таяқтай екі аяқ ілесіп, жоғарғы жағынан сұп-сұр, қу бұтақтай сидиған екі қол салбырап көзге шалынды. Жары­лып кетердей ісініп, тырсиған қарынның қос қапталында – ескі күлден суырып шығарған жіп-жіңішке шыбықтардай көлде­нең қабырғалар, жоғарғы жағында – әр бедері шүңірейген, әр сы­зы­ғы беді­рейген көкірек, одан жоғарыда – құрғап, қылқиған қу шандыр кеңірдек, оның екі жа­ғын ала жақындауда қиғаштай созылған қос бұғана қағаздан да жұқа, әбден тозығы жеткен теріні тесіп шығар­дай сірескен. Тоқетері, қарауға көз шыдамайтын, атамзаманғы ескі терімен кептеген адам қаңқасы үлкен қарынды алып келді. Үлкен-кішісі бар, отырғандардың барлығы кінәлі адамдардай бір сәтке тына қалды, тым-тырыс. Манадан бері арагідік айтылып жатқан әзілдер сап тыйылды. Ол ақырын жылжып барып, бу бөлмесіне кіргенде ғана сәл жеңілдегендей сезіндік. Үлкен кісілердің бірі: «обал-ай, небәрі он бес-он алтыдағы бала. Радиацияның зардабы» деп ай­тып жатты. Басқалар үнсіз. Ол кезде Семейдегі атом полигоны­ның зардабы айтылмайтын. Оны кейін біліп, күйзелдік қой.

Менің ауылым – Алматыға ­тиіп тұр. Соған еліміздің әр түкпірі­­нен эколо­гиялық және тағы басқа ­да жағдайға байланысты көп аға­йын көшіп келді. Солар арқылы барлық өлкедегі жағдайды біліп жүрдім. Қысқасы, елдің тұрмы­сы, оған әсер еткен қаншама фактор сапырылысы, тарихи-сая­си ықпалдар әлеміндегі қым-қуыт құбылыстар көптеген бауыр­дың өмірін өзгерткенін айқын көрдім. Бұған алаңдамау мүмкін емес. Семей атом полигоны­ның зардабы ғасырларға созылатын, халқымыздың өзегін­дегі өрт, өшпейтін шер. Өміріміз­дің осындай күрделі шын­дығы көкейден кетпеді. Осы жағ­дай шығарманың дүниеге келуіне әсер етті. Сондай-ақ 1991 жылы жазылып, алдымен Мәскеуде, сосын Германияда іріктеуден өтіп, кеңес жазушыларының жинағында (1992) неміс тілінде жария­лан­ған «SOS» белгісі атты әңгімем де, ­былтыр «Алтын қалам» бай­қауын­да бас жүлде берілген «Уран кеніші» деген туындым да Отанымызды сынақ алаңына айналдырған қарсылықтан туды. Соң­ғы қазақ қалғанша, бұл қар­сылық тоқтамайды.

Сонымен бірге әлемдік балалар әде­биетіндегі табысты саналып жүрген бірталай ізденістің ала-құлалығына, көркемдік әлемінің шектеулілігіне таңдандым. Әрине, балдырғандар танымының өресі мен өрісі белгілі. Бірақ көркемдік қиял, шеберлік шексіз емес пе! Кейіпкермен бірге жортып отыратын үйреншікті «оңай» машықтан тартындым. Басты­сы, образдардың сонылығына, та­­биғаттың таңғажайыптығы­на, сол арқылы жеткіншектер­дің көркемдікті түрлі тұрғыдан се­зініп, күрделі ойлауына әсер етуге, жаңа көркемдік әлем жасауға ден қойдым. Нәтижесі қандай? Оған білікті оқырман – төреші.

– Сыншы, жазушы, ғалымсыз. Осы үш саланың басын қалай тоғыстыр­дыңыз?

– Қай-қайсысына да ықыла­сым бол­ғанымен, үшеуін бір арнаға тоғысты­райын деп өліп-өшіп ұмтыла қойған жоқпын. Оған өмірдің өзі ықпал етсе керек. Сөз ыңғайы келгенде, бір «құпияны» айта кетейін. Түрлі салада, жанрларда ізденудің қы­зығы да, қиындығы да бар. Өзіңе «өзіңнің» ғана көзіңмен қа­расаң – біртүрлісің, өзгелердің көзімен қарасаң – көптүрлісің. Соның қайсысы – өзің? Немесе қайсысында өзің барсың? Соны табу түгіл, ойлауға уақыт таба алмасаң, адасып жүрсің. Өзің өзіңнің немесе өзгелердің ішін­де адасып сансырағанда, нағыз өзіңді сағынасың, іздегің келеді. Шын, ақиқат өзің қол жет­пей­тін қашықта бұлдырап, шам­шы­рақтай шақыра береді...

Ендеше, әр салада, әр жанрда іздену, әр шығармаңды алдың­ғыдан «басқаша» жазу – өзіңді өзгеше зерттеудің, өзіңді сынау мен талдаудың жаңа мүмкін­дігі. Өткеніңмен марқайып, жет­кеніңмен шалқайып, «Қасым сал­ған қасқа жолмен» қайқайып тарта беру – қанша ақталғымыз келсе де, бүгінгі шектелгеніміз екенін мойындау керек.

– Зиялы азамат ретінде қо­ғамда сізді қандай мәселе тол­ғандырады?

– Тәуелсіздігімізді нығайтуға, елімізді өркендетуге әсер ететін саналуан мәсе­лелер кім-кімді де толғандырады. Ғарыш әлемінде көрінбейтін нүктедей ғана жер планетасының (ғаламшар емес) ең өзекті проблемалары біздің байтақ жерімізде де шиелені­сіп жатыр. Сол планетамыздың, мем­лекетіміздің қауіпсіздігі, тағ­дыры әр адамның адалдығына, жа­уапкершілігіне байланысты. Адалдықтан аттау, әділетті тап­тау дегеніңіз, түптеп келгенде, өзіңді аздыру, өзіңді торлау, туған еліңді қорлау.

Алайда кім болсаң, ол бол! Сен – өз ойыңның құйыршығысың ба, қолшоқ­парысың ба, қожайыны­сың ба? Соны бақылауды ұмыт­па! Еліңнің бақыты – тәуелсіздік­ке қиянат жасама!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар