Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптама алаңында «Қ.К.Тоқаевтың 3 жылдық саяси реформаларының нәтижелері» атты «отырыс өтті. Жиын барысында іс-шараға қатысушылар – мемлекеттік органдар мен парламент өкілдері, жетекші талдау орталықтарының басшылары, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері елімізде кейінгі үш жылда жүзеге асырылған саяси реформалардың негізгі аспектілерін, оларды мемлекеттік басқаруды, құқықтық жүйені және азаматтық қоғамды дамытуға ықпалын талқылады.
Іс-шараны Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов алғысөзімен ашып, үш жылда елімізде ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды болмаған демократиялық реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, саяси жаңғыртусыз елдің тұрақты ілгерілеуі мүмкін емес. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында жан-жақты саяси реформалардың жүзеге асуы – әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның өзін сенімді сезінетінін және біздің ауызбірлікті біртұтас ұлт екенімізді білдіретін сигнал. Президент Тоқаев еліміздің даму, ілгерілеу және реформалар жолын таңдап жатқанын көрсетті. Бұл – оның тарихи миссиясы, мемлекеттің басшысы ретіндегі жауапкершілігі. Реформалардың түпкі мақсаты – әрбір отандасымыздың әл-ауқатын арттыру, еліміздің егемендігін нығайту, демократиялық институттарды күшейту және жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастыру, – деді Е.Тұқымов.
Сараптамалық алаңның отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова да сөз сөйлеп еліміздің сот саласындағы, жалпы, саяси реформа туралы пікірін білдірді.
– Конституциялық сот Ата заңның сақталуын қамтамасыз ету бойынша маңызды миссияны жүзеге асырады. Ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын сот жүйесінің негізгі элементіне айналды. Сот заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеріп, конституциялық дауларды шешеді, бұл мемлекетіміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің кепілі саналады. Конституциялық сотты құру оның өз функцияларын тиімді орындауына мүмкіндік беретін тәуелсіздік пен әділдік қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады. Конституциялық сот қызмет етуі жылдарында заңның үстемдігін бекітіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайтуға көмектесетін маңызды нәтижелермен көрінді, – деді Э.Әзімова.
Сондай-ақ ол өзгерістерді енгізу бір бөлек, ал оны сапалы жүзеге асыру да ауқымды міндет екенін атап өтті.
– Біз осы саяси реформаларды қалай қабылдадық деген емес, қаншалықты сапалы іске асыра алып жатырмыз деген сұрақ төңірегінде ойласқанымыз абзал. Жалпы, біз заң мен тәртіптің формуласын қалай түсінеміз? Бүгінде бұл формула жаһандық ауқымдағы маңызды мәселе болып тұр және осылай жалғаса бермек. Жуырда Польша мемлекеті Конституциялық сотқа қатысты бірқатар конституциялық өзгерісті енгізді. Біз қабылдаған 60-тан аса шешім аса үлкен емес мәселелерге қатысты болғанымен, халық үшін өте маңызды болып тұр. Яғни бұл тұрғындардың өздерінің құқығын қорғауға бағытталған күнделікті мәселелерін қамтыған. Шын мәнінде, Конституциялық сот – конституциялық өзгерістердің өнімі. Ол қоғамда азаматтардың «Біз қоғам ретінде заңдарды қабылдауға қатыса аламыз» деген тың түсінік қалыптастырып, саяси сана-сезімін жетілдіреді, – деді Конституциялық сот төрағасы.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Үкімет бірқатар жағдайға, атап айтқанда, Қаңтар оқиғасына байланысты ғана саяси реформалар жүргізуге мәжбүр болды деген пікірді жоққа шығарды.
– Бірақ демократиялық үдерістер тек жағымсыз оқиғаларға реакция ғана емес. Шын мәнінде, саяси реформалар – бұл президент Тоқаевтың философиясы. Бізге қоғамдық-саяси реформалар қажет және оған сұраныс бар. 2015–2019 жылдары Қазақстан экономикалық дамудың шегіне жетті. Ол кезге дейін өсуді қамтамасыз ететін әлеуетіміз болмады. Халық саны 5 миллионға өсті, бірақ бізде осы 5 миллион азаматты бойына сіңіріп, әлеуметтік жеңілдіктер жасай алатын экономика болмады. Қалай болғанда да, біз әлеуметтік-саяси реформаларға келер едік. Сол кездің өзінде-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» кейбір институттары іске қосылды, олардың міндеттеріне Үкіметті, оның органдарын болатын өзгерістерге дайындау, түзету кірді, – деді А.Сарым.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова да өз сөзінде халықтың қолдауы реформалардың табысты болуының маңызды шарты екенін ерекше атап өтіп, Ассамблеяның реформаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталды.
– Азаматтық қоғам Президент реформаларының бенефициарына ғана емес, субъектісіне де айналды. Бүгінгі таңда қазақстандық қоғам жаңа саяси шындықта – жаңа этика, жаңа ережелер, жаңа саяси мәдениет жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл басқалармен қатар онлайн өтініштер институтының және Конституциялық соттың пайда болуымен байланысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық қызметінде консультативтік-кеңесші органнан Парламенттегі өкілдік функциясы бар конституциялық органға айналды. Ассамблеяның барлық жұмысы бірлік орнатуға бағытталған, онсыз еліміздің ілгері дамуы мүмкін емес. Ассамблея Президенттің барлық бастамасына белсене араласады, – деді ҚХА өкілі.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев реформалар әрқашан жайлылық аумағынан шығуды білдіреді деген пікірдегі ойын бөлісті.
– Қазақстан реформаларды күрделі жағдайда жүзеге асырды. Яғни бір жағынан Қаңтар оқиғасы болды, екінші жағынан геосаяси жағдайдың шиеленісуі алаңдатты. Мұның бәрі реформаларды тоқтатып, неғұрлым қолайлы саяси және экономикалық сәтті күтуге себеп болуы мүмкін еді. Реформалардың жүзеге асыру перспективаларынан гөрі тәуекелдері көп болды. Оларды осындай жағдайда өткізу батыл шешім болды, – деді белгілі саясаттанушы.
Сонымен қатар реформа бұл нысанның өзгеруі екенін, ал жаңартылған институттардың мазмұны мен толықтырылуы азаматтық сектор мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысына байланысты болатынына тоқталды.
– Кейінгі үш жылда біз бұл реформалардың нәтижелерін, олардың күрделілігі мен ауқымдылығын көрдік. Бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сарапшылар талқылап, сол кезде іске аспайтындай болып көрінген көптеген бастама қазір шындыққа айналды, – деп сөзін түйіндеді Т.Қалиев.
«Astana Open Dialogue» аналитикалық платформасының тең құрылтайшысы, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі Александр Данилов саяси реформалар негізінен Қаңтардан кейін «қылбұрау салынады» деп болжаған сарапшылардың күтіліміне қарама-қайшы жүзеге асырылғанын жасырмады.
– Саяси реформалардың ең маңызды нәтижесі – осы уақыт ішінде бізде ешқандай кері қайтару болған жоқ және біз ырықтандыруды жалғастырамыз. Дегенмен жүргізіліп жатқан реформаларды бағалау үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. ҚСЗИ – соларды қадағалайтын негізгі институттардың бірі, – деді саясаттанушы.
Талқылау соңында сарапшылар саяси реформалар Қазақстанның тұрақты дамуы мен мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамды топтастыруға және азаматтардың еліміздің саяси өміріне белсенді қатысуына берік негіз қалады деген тоқтамға келді.