• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Ақпан, 2025

Қызыл жарты ай қоғамына құқықтық мәртебе керек

130 рет
көрсетілді

Нархоз университетінде Қызыл жарты ай қоғамының еліміздегі қызметіне қатысты   дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызыл жарты ай қоғамы қазіргі кезде еліміздің 17 өңірінде жұмыс істейді. Әрі еліміздегі жалғыз ресми гуманитарлық ұйым, оның негізгі міндеті – жараланғандар мен науқастарды тасымалдау және емдеу, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттар кезінде шұғыл көмек көрсету. Бұл ұйымның қызметі 1949 жылғы Женева конвенциялары мен олардың қосымша хаттамаларында, сондай-ақ БҰҰ Бас ассамблеясының қарарларында бекітілген.

Бұл іс-шара Қазақстандағы Қызыл жарты ай қоғамы туралы заңды қабылдаудың маңыздылығын талқылауға арналды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, оның құқықтық мәртебесін заңды түрде бекіту қоғамның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қазақстан бұл тұрғыда әлі де артта қалып отыр. Дөңгелек үстелге ХҚКК Орталық Азиядағы өңірлік делегациясының басшысы Бильяна Милошевич, ХҚКК Қазақстандағы миссиясының басшысы С.Сағымбаев, Қызыл ай қоғамының президенті Е. Арғымбаев,  Парламент Мәжілісінің депутаты И.Смирнова және басқалар қатысты.

Орталық Азиядағы өңірлік делегациясының басшысы Бильяна Милошевичтің айтуынша, халықаралық гуманитарлық құқық – бұл қарулы қақтығыстар кезінде бейбіт тұрғындарды, медициналық қызметкерлерді, әскери тұтқындарды қорғауға және соғыс жүргізудің әдістерін реттеуге арналған құқықтық жүйе. Оның негізгі мақсаты – қарулы қақтығыстардың салдарын жеңілдету, заңды әскери іс-қимылдар мен адамгершілік қағидаттарының арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Бұл құқықтың тамыры тереңге кетеді. Ол ежелгі өркениеттер мен діни нормалардан бастау алып, бүгінгі күнге дейін дамып, қазіргі таңда оның негізі 1949 жылғы Женева конвенцияларында және олардың қосымша хаттамаларында бекітілді.

Қазақстандағы Қызыл жарты ай қоғамы президенті Ержан Арғымбаевтың айтуынша, қоғамның төтенше жағдайларға ден қоюы және қалпына келтіру бағдарламалары шеңберінде көптеген көмек көрсеткен. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңмен реттеледі, бюджеттен қаржыланбайды. Ұйым табиғи, техногендік және басқа да төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету операцияларына қатысқан. Соңғы төрт жылда су тасқыны, өрт, жарылыс, құрғақшылық және басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккен 65 мың адамға көмек көрсетілген.

«Басты мақсатымыз – төтенше жағдайларға жедел әрекет етіп, зардап шеккен азаматтарға шұғыл көмек көрсету. Осыған байланысты біз бірнеше бағытта жұмыс істейміз: гуманитарлық көмек көрсету, апаттардың алдын алу және қоғамды төтенше жағдайларға дайындау. Мысалы, елдегі төтенше жағдайда отбасылық байланыстарды қалпына келтіруге көмектестік. Сонымен қатар, қабылдау-тарату орталықтарында болған мигранттарды гигиеналық құралдармен қамтамасыз еттік. Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей азаматтарына шетелдегі отбасыларымен байланыс орнатуға жәрдемдестік. Осы жұмыстардың аясында 60-тан астам өтініш қарастырылған. Сондай-ақ, Халықаралық Қызыл крест комитетімен және Қырғыз Республикасының Қызыл жарты айымен бірлесіп, 78 Қырғызстан азаматының өз отанына оралуын ұйымдастырдық» дейді қоғам президенті.

Қызыл жарты жай қоғамы  биыл стратегиясына сәйкес, климаттың өзгеруінен туындайтын апат қаупін азайту және оның салдарын жеңілдету жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Ұйым әлем бойынша 190-нан астам елде жұмыс істеп, табиғи апаттар мен қарулы қақтығыстар кезінде миллиондаған адамдарға қолдау көрсетті. Былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка мемлекеттері Халықаралық Қызыл Крест комитетімен бірлесіп, жаһандық халықаралық гуманитарлық құқыққа қатысты саяси міндеттемелерді жандандыру бойынша бастама көтерген болатын. Бұл бастама Женева конвенцияларына адалдыққа  бағытталған.

Шарада Женева конвенциялары құндылықтарын Қазақстан заңнамасына енгізу мәселелері қарастырылып, қоғамның құқықтық негіздерін нығайтуға арналған нақты ұсыныстар әзірленді. Бұл бастама халықаралық және ұлттық деңгейде гуманитарлық құқықтың рөлін күшейтуге, осал топтарға көмек көрсетуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Қызыл жарты ай қоғамының жұмысы болашақта еліміздегі гуманитарлық қызметтердің тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтіледі.

Соңғы жаңалықтар