• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Құтқарушы 15 Ақпан, 2025

Әуе кемесіндегі ерлік

255 рет
көрсетілді

Қажы сапарынан келе жатқан павлодарлық азамат жетісулық дәрігердің арқасында аман қалды. Ақ желеңді абзал жан әуе кемесіндегі жолаушының өмірі үшін төрт сағатқа жуық күресіп, Алматыға есен-сау жеткізген.

Павлодар қаласының тұрғыны Мұрат Иманғазиновтің Сауд Арабиясындағы Жидда қаласынан Алматыға ұшқан әуе кемесінде келе жатып, аяқ астынан денсау­лы­ғы күрт нашарлайды. Тұмауға қарсы дәрінің бірнешеуін ішіп, ұйықтап кеткен отағасы арада бір сағат өткенде бет-аузы адам танымастай ісіп оянады.

– Аллергиялық ауру пайда болғанын бірден сезіндім. Бетім, мойын тұсым ісініп кеткен. Жерден 10 мың метр биіктікте келе жатқан соң ба, тынысым тарылып, қан қысымым көтеріліп, ахуалым нашарлап бара жатты. Бортсерік қырғыз қызы жағдайымды ұшақ ішіндегі жолаушыларға хабарлап, шұғыл түрде дәрігер қажет екенін айтты. Абырой болғанда бізбен бірге Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов деген азамат ұшып келе жатыр екен. Бірден жаныма келіп, дәріхана қобдишасын алып шықты да, маған екпе жасап, ем қолдана бастады. Бұл уақытта шамамен Қап тауларының үстінде ұшып келе жатқанбыз. Экипаж шұғыл жағдай болса, ұшақты жақын маңдағы әуежайдың бірі­не қондырамыз деген шешім қабылдаған екен. Бірақ Жаннұр Мәуленұлы өз ісінің кәсіби маманы екенін танытып, Алматыға аман түсірді. Абзал жанға шексіз ризашылығымды жеткізгім келе­ді, – дейді М.Иманғазинов.

Ж.Сырымов бүгінде Жетісу облысы, Көксу аудандық аурухана­сы­ның бас дәрігері болып қызмет атқарады. Оның да Меккеге әкесін қажылыққа апарып, қайтып келе жатқан беті екен. «Науқасқа өмірімде әуеде медциналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, жанымда дәрі-дәрмек қобдишасын ұстайтынмын. Бортсерік қыздың хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Анафилактикалық шок байқалды. Мұны медицина тілінде «Квинке ісінуі» деп атайды. Егер 15–20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетілмесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден «Аллергопресс» және «Преднизолон» препараттарын ектім. Қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастап кеттім», деді телефон арқылы тілдескенімізде Ж.Сырымов.

Абзал жанның Гиппократтың антын қабылдап, медицина саласына араласқанына 15 жылдың жүзі болған. Уролог-транс­план­толог маман­дығын меңгер­ген. Көксу ауда­­нындағы қызметіне дейін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орта­лы­ғын­да бүйрек трансплантологиясы, урология және экстракорпоралды детоксикация бөлімшесінің меңгерушісі, Талдықорған қаласында аурухана басшысының орынбасары болып еңбек еткен. Медицина саласындағы алғашқы қызметін санитарлық фельдшер болып бастаған. «Мұндай шұғыл сәттерде не істеу керек екенін білемін», дейді ол. Әрі бортсерік қыз да көмек­тесіп жанында жүргенін жеткізді.

Жаннұр Мәуленұлының жұбайы да медицина саласында, сәулелік диагностика дәрігері болып жұмыс істейді. Ерлі-зайып­тылар шаңырағында бес баланы өсіріп-өрбітіп, көпбалалы әрі үлгілі отбасы атанып отыр. Сырымовтар отбасы 2023 жылы Жетісу облыстық «Көшбасшы» байқауында «Үздік жас отбасы» номинациясын иеленген.

Flynas әуе компаниясының бортсерігі Ұлкелсін Осубалиева мұндай оқыс жағдайды алғаш рет кездестіріп отыр­ғанын әңгімеледі.

– Өзім Қырғыз елінің азаматымын. Біраз жылдан бері Сауд Арабиясының әуе компаниясында еңбек етіп жүрмін. Алматыға айына кем дегенде бір мәрте келіп кетеміз. Жолаушы М.Иманғазиновтің жағдайы нашарлаған алғашқы сәтте капитанымыз ұшақты кері бұрып, Жидда қаласының әуежайына қону­­ға шешім қабылдаған. Бірақ кейін білгеніміздей, кері оралып, жерге қонғанша оның өмірін аман сақтап қалуға уақыт жетпейді екен. Дәрігер Ж.Сырымовтың бұл рейске отырғаны да кездейсоқтық емес, бір құдіретті күштің ықпалы деп ойлаймын. Сөйтіп, адамды өлім аузынан алып қалған дәрігердің ерлігіне тұңғыш рет куә болдым, – деді бортсерік қыз ағы­нан жарылып.

Алматы әуежайы Flynas әуе компаниясының ұшағын әуежайға қондырып, М.Иманғазиновті же­дел жәрдеммен күтіп алған. Отағасының жағдайы бүгінде қалыпты, Павло­дардағы отбасына оралды.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар