Жалпыадамзаттық құндылықтарды, ережелер мен мүмкіндіктерді қабылдамай, не әрі, не бері емес күй кешкен адам өзінің саяси, мәдени, әлеуметтік-экономикалық өмірдегі орнын таппай сенделеді. Бойындағы құдай берген қабілет-қарымын толық іске асыра алмай, қоғам «шекарасында» тұралап қалған жандардың (көбіне тұрмысы төмен, жұмыссыз азаматтар, этникалық аз топтар, жастар) дағдарысқа, қылмысқа, психоэмоционалдық бұзылуларға, тіпті радикалдануға да бейім тұратыны белгілі.
Мұның соңы әлеуметтiк тұрақсыздыққа ұрындырып, қылмыстың өсуi, халық денсаулығының нашарлауы, экономикалық дамудың баяулауы сынды жағдайларға әкелуі мүмкін. Әлеуметтік интеграцияның әлсіреуі экономикалық өсу мен институттарға деген сенімнің негізін бұзады. Жалпы, жаһандану мен экономикадағы жылдам өзгерістер барысында халықтың бір бөлігі жаңа сын-қатерлерге төтеп бере алмай жатады. Адамдар орнықты табыс табу, отбасын қолдау, лайықты өмір сүру мүмкіндігінен айырылған кезде экономикалық маргиналданудың жетегінде кетеді.
Ауылдық жерлерде немесе қолайсыз мекендерде тұратын бiлiм деңгейi төмен азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі, экономикалық белсендiлiгі төмен, әлеуметтік рөлі шектеулі. Кейбір шалғай аудандарда сапалы білім проблемасының әлі де өзекті болуы әлеуметтік жіктелуге әкеледі. Жастар көбіне келешегі бар жұмыс тек қалада деп санап, ел бесігінен орталыққа ағылатыны үйреншікті үрдіске айналған.
Маргиналдану – әртүрлі жастағы адамға қатысты болуы мүмкін. Дегенмен ресми дерекке сүйенсек, маргиналдануға негізінен «жаңа мыңжылдық буыны» (1981–1996 жылдар кезеңінде туған азаматтар) ұшырап отырғанын, олар жиі алаңдаушылық пен күйзеліске түсетінін, жағдайды «орта жастағы дағдарыс», өмiрлiк тәжiрибенi қайта бағалау шиеленiстiретінін байқауға болады. Бұл жағдайда адамдар қызбалыққа (ажырасу, жұмыс орнын ауыстыру, көшу) салынуға, өз сәтсіздіктеріне сыртқы факторларды айыптауға бейім. Деректерге жүгінсек, елімізде осы буын шамамен 4,7 млн адамды құрайды. Әлеуметтік нормалардан шығып, игіліктерге қол жеткізе алмаған жағдайда, олардың қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру тәуекелі жоғары.
Қоғамның қабағына кірбің салатын құбылыс күрделі проблемаға айналмауы үшін халықтың барлық топтарын елдің саяси-әлеуметтік өміріне қосудың тиімді тетіктерін құру маңызды. Оның ішінде зейнетақы, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға көмек, мүгедектердi қолдау сияқты базалық әлеуметтiк игiлiктерге қол жеткiзуге кепiлдiк болуға тиiс. Осал топтардағы адамдар қоғам өміріне қатысып, өз құқықтары мен қажеттіліктерін іске асыра алатын инклюзияға жағдай жасау әлеуметтік оңалту, қолдау жөніндегі жобаларды қамтуы мүмкін. Сонымен қатар тегін медициналық көмек, оқшауланған адамдарға арналған психоәлеуметтік оңалту бағдарламалары маргиналданудың алдын алуда негізгі рөл атқарады. Азаматтық бастамаларды дамыту, саяси белсенділікті арттыру мен адамдарды шешім қабылдауға қатыстыру әлеуметтік оқшаулануды болдырмайды. Мемлекеттің, азаматтық қоғам мен бизнестің күш-жігері біріккен тұста әр азаматтың өз қабілетін іске асырып, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндігі артары хақ. Маргиналды топтардың қоғамдық өмірге кірігуіне ықпал ететін бағдарламалар қолжетімді білім беруді, әлеуметтік-мәдени бастамаларды, сондай-ақ жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдауды қамтиды. Әрбiр адамның әлеуметтiк жағдайына, этникалық немесе саяси ұстанымына қарамайтын тең мүмкiндiктер – маргиналдану деңгейiн төмендететiн, неғұрлым үйлесiмдi қоғам құруға бастайтын қағидаттардың бiрi.
Миллениалдар буыны мен өзге де нысаналы топтардың әлеуметтік оптимизмін, болашағына сенімін оятатын медиалық жобалардың да берері мол. Бұл жерде Мәдениет және ақпарат министрлігі басқа да салалық органдармен бірлесіп қолға алып отырған халықтың маргиналдану қаупі бар топтарына бағытталған іс-шаралар назар аударарлық. Ауқымды жобалық карта NEET-санатындағы жастарға, ауыл тұрғындарына, тұрмысы нашар отбасыларға, мәдени, этникалық аз топтарға, еңбек мигранттарына, жалғызбасты адамдарға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ жаза басып түрмеге түскен, маскүнемдікке салынып, нашақорлыққа, құмар ойынға тәуелді болған азаматтарға арналған. Соның ішінде тұрақты түрде көрсетілетін «Қадамдар» жобасында маргиналды топтардың өкілдері табысқа жету, стереотиптерді еңсеру тәжірибесімен бөлісіп, шақырылған сарапшылардан қолдау алады. «Өмірді өзгерту» деректі бағдарламасында психологтер, тәлімгерлер, жұмыс берушілер маргиналды топтардың қатысушыларына өз көмегін ұсынады. «Бірлік жолында» жобасы – маргиналданған этникалық, мәдени аз топтарды қолдауға арналған деректі бағдарлама. Онда әлеуметтік, кәсіби интеграцияның табысты үлгілерін көрсетуге, сондай-ақ стереотиптер мен кедергілерді еңсеруге көмек көрсетуге мән беріледі. «Қаржы және құқық» бағдарламасы маргиналды топтардың қаржылық, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталып, адамдарға өз құқықтарын дұрыс түсінуге, қаржыны басқаруға, өмір сүру сапасын жақсартуға қолжетімді ресурстарды пайдалануға үйретеді. Ауыл тұрғындарының, әйелдер мен қыздардың проблемаларын қамтитын реалити-шоу жасау жақсы өмір сүруге ұмтылуға: білім алуға, саяхаттауға, жаңа мәдениеттерді тануға ынталандыра алады. «Ата-аналарға арналған мектеп» психология, педагогика, қаржы саласындағы сарапшыларды қатыстыра отырып, жалғызбасты ата-аналарға бірқатар маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі. «Қазақстан халқының өмірінен сыр шерту» телебағдарламасы – егде адамдар өздерінің бірегей өмірлік оқиғаларын әңгімелейтін деректі жоба. Бұл қарт адамдардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, олардың физикалық, эмоционалдық белсенділігін қолдайды. Сондай-ақ олардың медициналық сауаттылығын арттыратын «Денсаулық» бағдарламасын ашу көзделген. «Жаңа өмір» бағдарламасы алкогольдің, есірткінің немесе ойын-сауықтың шырмауына түскен, «темір тордың» ар жағынан келген азаматтарды оңалтуға, әлеуметтендіруге, нақты оқиғаларды көрсету арқылы жаңа өмірге ынталандыруға арналған.
Қазірде мүгедектікпен өмір сүретін жер тұрғындарының 15 пайызын қамтитын «WeThe15» халықаралық бастамасы бар. Бұл науқан мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы хабардарлықты арттыруға, стереотиптерді жоюға, инклюзивті ортаны қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Қырғызстанда журналистер үшін БАҚ-та мүгедектік проблемасын көрсету тәсілдерін ашатын арнайы глоссарийлер мен брошюралар әзірленген. Әлеуметтік желілердегі диалог платформасы инклюзия мен теңдікті талқылауға арналады. Онда нашар еститін, көз жанарынан айырылған адамдарды қоса алғанда, әртүрлі қажеттілігі бар аудиторияны қамту үшін мәтіндік, дыбыстық, визуалдық форматтарды қолдайтын бейімделген цифрлық платформалар пайдаланылатын болады.