• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Таным 20 Ақпан, 2025

Кие

100 рет
көрсетілді

Қазақ «кие» деген сөзге айрықша мән берген. Марқұм әжем де киелі ұғымдар туралы жиі айтушы еді. Әсіресе Торғай жұрты әулие деп дәріптейтін Сары Қошқар бабамыздың киелі адам болғаны жайында көп әңгімелейтін. Сондай-ақ әрбір жануар мен құстың да киесі бар. Мәселен, «аққуды неге киелі» дейміз? Өйткені халқымыз оны құстың төресі санап, оған ешқашан оқ атпаған. Шынымды айтсам, жас күнімде бұл ұғымға онша мән берген жоқпын. Бірақ есейгенде оның бекер емес екенін түсіндім. Оған бір оқиға себеп болды.

Біздің балалық шағы­мызда ауыл қызық еді. Көңілді болатын. Бірақ 90-жылдардағы экономикалық қиыншылық ауылға қатты соққы болып тиді. Қатты күйретіп кетті. Ұжымдық шаруашылық жабылғаннан кейін жұмыссыздық белең алды. Жұрт «екі қолға – бір күрек» іздеп, басқа жаққа көше бас­тады. Көпшілігі қалаға қоныс аударды. Сөйтіп, ауыл­да біраз үйлер бос қалды. Сту­дент­пін. Бірінші курсты аяқтап, жаз­ғы демалысқа келген едім. Ауыл­дың ортасында ну орман секілді үлкен саябақ бар-тұғын. Аумағы да атшаптырым. Жазда жастар кешқұрым соған жиналады. Саябақтың қасында Мәдениет үйі орналасқан. Мен де асығып осы жерге келдім. Көптен көр­меген құрдастарыммен кез­десіп, мәре-сәремін. Бір кезде клубқа қарасам, орнында жоқ. Тып-типыл. Төмпешік болып жатыр. Шошып кеттім.

Бұл Мәдениет үйі сонау 60-жылдары бой көтерген. Ауылға айрықша көрік берген сәулетті ғимарат болатын. Оның сахнасында кім­дер ән салмады дерсіз? Ақжол Мейірбеков, Құдайберген Бекіш, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева секілді мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Бұрынғы Торғай облысының атағы кең жа­йылған «Шертер» фольк­лор­­лық-

этнографиялық ан­сам­блі­нің өнерпаздары да жиі келетін. Оның үстіне ауыл­ға қо­наққа келген қаншама ақын-жазушы, ел ағаларымен осында талай мәрте кездесу өтті. Мәдениет үйінің бір жағында ауылдың орталық кітапханасы орналасқан еді. Оның кітап қоры өте бай болатын. Сондай-ақ бала күнімізде клубта күнде кино көрсететін. Сонымен қатар сенбі-жексенбі күндері жас­тар би кешін өткізетін. Міне, осындай тарихы бар ғимарат кеңшар тарағаннан кейін қарау­сыз қалды. Жылу жүйесі істен шықты. Тоналды. Ақыры, иесіз қалған дүниені бір күні ауыл адамдары бұзып, материа­лын ту-талақай бөліп алған.

Бірде анамнан шай үстінде осы оқиғаның мән-жайын сұрадым. Менің сұрағыма апам ұзақ ойланып барып, жауап қатты. «Біздің жастық шағымыздың көзі еді сол клуб. Бір күнде бұзып тастады. Оның бір-екі заты қай жыртыққа жамау боларын білмеймін. Бір жағынан, қазіргі пенделердің пейілі өзгерді ме деп ойлаймын. Клубтың сахнасында ел сыйлаған қаншама жан өнер көрсетті. Сөз сөйледі. Мұнда осы елге еңбегі сіңген ата-әжелеріміздің де табанының ізі қалды. Олардың арасында киелі адамдар болды. Солардың киесі ұрар деп ешкім ойлаған жоқ. Мен содан қорықтым», деп күрсінген еді.

Ауылға барған сайын баяғы клубтың төмпешік болып қалған орнын көремін. Сонда марқұм анамның кие туралы айтқаны ойыма түседі.

Соңғы жаңалықтар