• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2025

«Зерделі» жасампаздыққа үндейді

90 рет
көрсетілді

Былтыр «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің құрылғанына 10 жыл толды. Кішігірім орталықтан басталған ұйым осы жылдар ішінде іргелі ұжымға айналды. Қазіргі таңда оның ел көлемінде 40-тан астам орталығы, 7 мектебі, жалпы саны шамамен 50 бөлімшесі бар. Бүгінде 20 мыңнан аса оқушы осы «Зерделі» мектептерінде білім алады. Оларға барлық жағдай жасалған. Білім орындары барынша заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

«Зерделі» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаған Ырысбек Мәуіттің айтуынша, мұнда сапалы білім жүйесіне баса мән берілген. Әсіресе математиканы тереңдетіп оқыту мен логиканы дамытуға айрықша назар аударылған. Сондай-ақ «Зерделінің» тағы бір ерекшелігі – авторлық оқулықтар мен оқу бағдарламасы. Мұнда өте білікті ұстаздар еңбек етеді.

Қазір елімізде жеке мектептер мен орталықтар көп. Бірақ олардың көбінде өздерінің оқу құралы мен авторлық әдістеме­сі жоқ. Мәселен, «Зерделіде» математика пәнінен әр сыныпқа арналған авторлық кітабы мен бағдарламасы бар. Бастысы, мұн­да балалар таза қазақ тілінде білім алады. Әсіресе ұлттық құн­­дылықтармен бірге математи­ка, ағылшын пәндеріне басым­дық күшті. Сондай-ақ мек­теп­терде домбыра сабағы негіз­гі пән ретінде аптасына екі рет өтеді. Оқушылар жүз пайыз дом­­быраның құлағында еркін ой­­най­ды. Сонымен бірге «Зерде отбасы» атты кітап оқуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ар­нал­ған жобаны іске асырған.

Бүгінде сапалы оқулық жазу – өзекті мәселенің бірі. Осы жа­ғынан келгенде, «Зерделі» шы­ғарған оқулықтардың жөні бөлек. Бұл еңбектер көптеген мұғалімді жаңа ізденіске бастап, мықты құралға айналған.

« Біздің мақсатымыз – ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтар­ға негізделген сапалы оқулық дайындау. Бірақ біз осыған не­гіз еткен оқулық пен сапалы кон­тенттің қажеттілігі көбірек еке­нін байқадық. Сондықтан да әрбір сыныпқа арнап, оқулық жазып жатырмыз. Бұған дейін жазылған оқулықтар да жетерлік. Мысалы, 3 сыныптың математикасына арналған төрт түрлі оқулық бар. Оның біріншісі – мектептерге бағытталған жай оқулық болса, екіншісі – қо­сымша дидактикалық материал, үшіншісі – оқушыларды олим­пиадаларға дайындайтын ло­ги­калық дүниелер. Ал төртіншісі – мектептерде өзімізге қосымша материалдар ретінде пайдаланатын олимпиадалық бағыт­тағы кітаптар. Тура осы секілді ағыл­шын тіліне де байланысты бірнеше жинақ басылды. Онда­ғы әрбір сурет авторлардың қолы­нан шыққан. Ең үлкен арманымыз – ұлттық білім жүйеміз­ді халықаралық деңгейге көтеру», деді Ырысбек Мәуіт.

Осы ағылшын оқулықтарын­да әлемді өнерімен тамсандыр­ған Димаш Құдайберген жа­йында, Каспий теңізі туралы, сондай-ақ Қозы-Көрпеш – Баян сұлу хақында тың деректер, та­нымдық ақпараттар берілген. Қыс­қасы, ағылшын тілі арқы­лы отансүйгіштік рухты оятатын кон­­тенттері өте тартымды.

Өткен жыл соңында осы білім ұйымында қызмет істейтін 38 педагог Сингапур еліне сапарлап қайтты. Бір жағынан, олар ел көріп, жер көріп демалды. Бұл да аталған мекеменің өз ма­­мандарының біліктілігін же­тіл­дірудің бір жолы. Жарты ға­сыр ішінде кедей елден әлем­нің дамыған үздік мемлекетіне айналған Сингапурға тамсанбайтын жан жоқ.

Ырыс­бек Мәуіт бұл сапар әріп­тестерінің үлкен тәжірибе жинап, көзқарасын кеңейтуге үлес қос­қанын жеткізді. Әсіресе Син­гапурдың жер тапшылығына қарамастан қалдықтарды өңдеу, жаңбыр және теңіз суларын қай­та өңдеу әдістері таңғалдырға­нын айтты. Сондай-ақ төрттілдік жүйені қамтитын тіл саясаты, жа­сыл­дандыру бойынша ерекше тәсілдері де мұғалімдердің қызы­ғушылығын оятқан.

«Сингапурдың «Pisa» және «Teams» зерттеулерінде үз­дік орын­да тұруы – бізді қат­ты қы­зық­­тырды. Әсіресе мате­­ма­­тика бағ­дар­ламасына тән­ті болдық. Бұл елдің білім саласы туралы айт­қанда, алдымен олар­дың айқын әрі нақты оқу бағдар­ла­ма­ла­рын атап өткен жөн. Олар оқу­­шы­ларға өмірде қажет болатын білім мен дағдыларды мең­геруге ба­сымдық берген. Бірін­­­ші сынып оқушылары 100-ге де­йін ер­кін санап, есептей алады. Ал бізде мұндай қарапа­йым есеп­ті игеру 2 сыныпқа дейін жал­­ға­сады. Сондай-ақ бастауыш сы­­нып­тағы оқыту әдістемесі де өз­геше. Мысалы, біз көп таң­балы сандарды қосу-азайтуды күр­­делендіріп жіберсек, олар оны қа­рапайым және көрнекілік­пен үй­ретеді. Балаларға образды ой­лау дағдысын сіңірген. Әр есептеуді көзбен көріп, қол­мен ұстап түсінуге мүмкіндік бе­реді. Ал біз «қолыңмен емес, ойың­мен қос» деп айтамыз. Бұл – бірден абстрактілі ойлауға жете­леу. Бірақ ол балалардың тү­сі­ніп, қабылдауына қиындық ту­ғызады», деді ол. Ы.Мәуіттің сөзіне зер салсақ, Сингапурда педагогикалық бі­лім саласы да ерекше дамыған. Болашақ мұ­ға­лімдер университетте бірінші күннен бас­тап, өздерін осы ма­ман­дыққа лайықты сезініп, прак­тикаға араласады. Бұл олардың білім саласындағы әдіс-тәсілді тез меңгеруге көмектеседі. Осы сала бойынша мемлекет тарапынан да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес көрінеді.

«Мұнда тәртіп пен талап қа­таң сақталған. Білім жүйе­сінде жем­қорлық мүлдем жоқ. Сонымен қатар біздегі білім саласында оқу­лықтың саны көп. Менің бай­қауымша, Сингапурда оқулық саны аз. Бізде үштілділік болса, оларда төрттілділік енгізілген. Кембридж оқулықтарын шыға­ратын әлемдегі төрт ірі баспа­ның бірін таңдаған. Себебі ағыл­шын тілі оларда екінші тіл бол­ғандықтан, оқулықтарының тілі жеңіл, әдістемелері түсінікті жа­зылған», деді Ырысбек ағамыз. Шынында да, Сингапур халқы білімді ең басты құндылық ретін­де қабылдаған. Соның арқасын­да бүгінгі адам таңғаларлық дең­гей­ге жетіп отыр. Олар балала­рына барынша сапалы білім алуға мүм­кіндік жасайды. Бәсекелестік өте күшті.

«Зерделі» ақыл-ой дамыту ор­талықтары мен мектептер желі­сінің негізін қалаған ағамыз Сингапурдың үш универси­теті әлемнің топ-100 жоғары оқу орындарының қатарында екенін баяндады.

«Біз Ханьян университетіне бардық. Оқу орынның ішін авто­буспен араладық. Мұнда ғы­лым­ды дамытуға айрықша мән бе­рілген. Педагогикалық инс­титутқа түсу өте қиын, жылына тек 200 студент қабылдайды. Бәсеке өте жоғары. Университет базасы керемет. Студенттерге ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалған. Мысалы, пе­да­гогикалық бағытқа арнал­ған мұғалімдерді оқытатын инс­титутқа бас сұқтық. Сон­да оқыған, жанымызда Мұ­рат есімді азамат жүрді. Оның айтуынша, кезінде Қазақстан­нан барған 14 студенттен 5-уі ғана оқуға түскен. Осыны көріп, біздің елімізде де жаңашыл­дық­қа бағытталған білім мен ғылым­ды дамыту тәжірибесін назарға алу керек деп ойладым. Біз са­пар барысында 70-80 оқулық алып, оларды зерттеуге кірістік. Әри­не, Сингапурдан бәрін көшіру мүмкін емес. Бір жағынан, оны дұрыс деп ойламаймыз. Бірақ олардан үйренеріміз мол екенін түсіндім», деді Ы. Мәуіт.

Бұл сапар «Зерделі» мұға­лімдеріне жаңа идея мен күш-жігер берді. Енді олар дамы­ған елден көрген білім сала­сын­дағы әдіс-тәсілдерді өз тәжі­ри­беле­рінде іске асырып, білім сапасын арттыруға үлес қоспақ.

Бір сөзбен айтқанда, «Зер­делі» ақыл-ой дамыту орталық­тары мен мектептер желісінің он жыл ішінде қол жеткізген жетісті­гіне қайран қаласыз. Тәнті бола­сыз. Бастысы, ұлттық құндылыққа не­гізделген білім ұйымының бәсі жоғары бола берсін!

Соңғы жаңалықтар