• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Ақпан, 2025

Креативті индустрияға – кешенді мемлекеттік көзқарас

54 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда сенаторлар Қазақстан мен Түркия арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы заңды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Келісім фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және екі мемлекеттің аумағында карантиндік зиянды организмдердің әкелінуі мен таралуын болдырмау үшін жасалған. Құжатты ратификациялау тараптар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.

«Қаралған келісім Қазақстан мен Түркия арасында өсiмдiктер карантині саласын­дағы бірлескен іс-шараларды регла­мент­тейтін құқықтық негіз қалып­тастыра­ды. Осы мақсатпен келісім аясында фи­то­сани­тар­­лық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге және карантиндік зиян­ды организмдердің тара­луын болдырмауға бағытталған нақты ере­­желер қарастырылды. Жалпы, мақұл­дан­­ған заң мем­лекеттеріміздің арасындағы ынты­мақ­­тастықты одан әрі нығайтуға оң сеп­тігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Депутаттар атап өткендей, келісімде бірқатар міндеттеме белгіленді. Ең алдымен, елдер құқықтық актілермен, карантин­дік зиянды организмдердің ұлттық тізі­мі­мен және карантин мен өсімдіктерді қор­ғауға қатысты басқа ережелермен алмасуы керек. Міндеттемелердің тағы бірі мем­лекеттердің фитосанитарлық жағ­дай, карантин­дік зиянды организмдерді анықтау, тарату жағдайлары, сондай-ақ олармен күресу және бақылау тәсілдері туралы өзара хабардар етуін көздейді.

Бұған қоса Қазақстан мен Түркия өсімдік­тер карантині және оларды қорғау саласындағы ғылыми зерттеу институттары мен ұйымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытады.

 

Креативті индустрияны қолдау қажет

Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депу­таттық сауалдарын да жолдады. Депутат Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, еліміз креативті секторды дамытуда едәуір артта қалып отыр, ал басқа елдер одан миллиардтаған доллар табыс тауып жа­тыр. Бұл ретте еліміздегі шағын биз­нес­­тің үлесі 5%-ға жетпейді, ал жалпы креа­­тив­­тік даму деңгейі – 133 елдің ішінде 78-орында.

Сенатор Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада еліміз белгілі бір жетістіктерге қол жет­кізді: инновациялық орталықтар құрыл­ды, арнайы салық жеңілдіктері енгізілді, нәтижесінде 135 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы креативті индустрия өнімдерінің экспорты 200 млн долларға дейін өседі деп болжанып отыр. Алайда осыған қарамастан, әлі де әлемдік деңгейден едәуір артта қалып келеміз. Біздің елде осы сектордағы шағын бизнестің үлесі 7%-дан аспайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 50-90% шегінде. Сенатордың пікірінше, жағдайды өзгерту үшін кешенді мемлекеттік саясат қажет.

«Инновациялық технологиялық хабтар, арнайы сайттар ашу, аудан, қалаларда қолжетімді инфрақұрылым әзірлеу, стартап экожүйесі мен креативтік кластерлерді құру, креативтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несиелер беруді, облыс орталықтары мен қалалардың эко­но­­микалық ерекшелігіне байланысты өзі­нің креативті және цифрлық қызмет­терін, жоғары технологиялық, шығар­ма­шылық өнімдерін анықтап, халықаралық инвестициялық тартымдылықты арттыру­ды, IT және жасанды интеллект арқылы жаңа бизнес модельдерін қалыптастыруды, ұлттық мәдени құндылықтарды цифрлық платформада таратуды, авторлық құқықты қорғау мен зияткерлік меншік, білім, ғылым стандарттары бойынша заңдық не­гіз­дерді қабылдауды, қолжетімділікті арт­­тыруды, креативті және технологиялық өнім­дердің халықаралық нарыққа шығуына қолдау көрсетуді, жаңа технологияларды меңгерген, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары кәсіби мамандар даярлау жүйесін қалыптастыруды сұраймыз», деді сенатор.

Ғ.Сарыбаев креативті индустрия эконо­миканың түрлі салаларын дамытуға серпін беріп, жаңа технология мен өндіріске енгізуге, материалдық игілікті ұлғайтуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ете алатынын атап өтті. Ол сон­дай-ақ бұл саланы жүйелі түрде қолдап, мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.

 

Қызылорда – Үшқұдық жолын салуды ұсынды

Қызылорда облысы мен оған шекаралас Өзбекстан аймағы арасында тікелей автокөлік қатынасының болмауы сауда, туризм және мәдени байланыстардың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп тұр. Сенатор Наурызбай Байқадамов өз сауалында жаңа жол салу екі өңір арасын­дағы жол жүру уақытын едәуір қысқар­тып, экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бүгінгі таңда екі елдің ағайындары 1 330 шақырымдық қашықтықты еңсеруге мәжбүр. Жаңа жол құрылысы мың шақы­рымға жуық жолды қысқартады. Алдағы уақытта «Қызылорда – Жезқазған» тасжолы арқылы Астана қаласына, солтүстік, шығыс облыстарға, көрші елдердің аймақтарына тікелей шығуға жол ашылады. Депутат сонымен қатар бұл жобаның еліміздің бірқатар нысанын келешекте ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» трансұлттық бағытына қосылуымен тығыз байланысты екенін айтты. Бұл тек көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, туризмнің дамуына да жаңа серпін бермек.

«Тез арада Өзбекстан тарапынан басқа мемлекеттер арқылы қатынас жолдары игерілмей тұрғанда Үшқұдық – Қызылорда бағытындағы автомобиль жолы жобасын іске асыруды қолға алу керек деп санаймыз. Әйтпесе, жаһандану кезіндегі бәсекелестіктің ширығып тұрған шағында кейін қаламыз. Автомобиль жолы құрылысының болжамды құны шамамен 125,3 млрд теңгені құрайды», деп атап өтті Н.Байқадамов.

 

Бала асырап алуға не кедергі?

Елімізде бала асырап алуға және жетім­дердің құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер аса маңызды болып қала береді. Сенатор Геннадий Шиповских депу­таттық сауалында бала асырап алудағы әкімшілік кедергілер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау жүйесінің тиімсіздігіне байланысты проб­лемаларды атап өтті.

Депутаттың айтуынша, мемлекетіміз балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балаларды отбасылық ортаға орналастыру үшін түрлі шара қабылдап келеді. Алайда статис­тикалық деректерге қарағанда бала асырап алу үрдісі баяу. Қазіргі кезде 5 мыңнан аса азамат бала асырап алу кезегін­де тұрғанымен, 2023 жылы – 194, 2024 жылы 153 бала ғана жаңа отбасын тапқан. Бұл көрсеткіштер бала асырап алу жүйесіндегі әкімшілік кедергілердің бар екенін және үдерістің ұзаққа созылатынын аңғартады.

«Жетім балалар – мемлекеттің қамқор­лығына мұқтаж ең әлсіз топ. Олардың әрқайсысы толыққанды отбасында тәрбиеленуге лайықты. Сондықтан мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен заңнамалық шаралар олардың шынайы қажеттіліктеріне сай болуы керек. Өкінішке қарай, көптеген жетімдеріміз балалар үйінде тәрбиеленіп, отбасының жылуын сезінбей өседі. Бұл олардың болашақта қоғамға бейімделуін қиындатады. Бала асырап алу рәсімін жеңілдету және оны цифрландыру, құжаттарды рәсімдеу мен қажетті тексерістерді онлайн форматта өткізу арқылы үміткерлер үшін үдерісті оңайлату қажет. Жетім балаларды отбасылық ортада тәрбиелеу сая­сатын күшейту, қамқоршылық пен патронаттық тәрбие жүйесін жетілдіру, патронаттық тәрбиешілерге төленетін қаржылық қолдауды арттыру маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейту және асырап алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділерін тарту керек. Бала асырап алу саласындағы заңсыздықтарға күресті күшейту қажет, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қатаң бақылау шараларын енгізу керек», деді депутат.

 

Қой шаруашылығы құлдырап тұр

Елімізде қой саны 90-жылдары 37 млн болса, қазіргі кезде 18 млн-ға дейін қысқарып кеткен. Ал көршілес мемлекеттерде бұл көрсеткіш қарқынды өсіп жатыр. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов сауалында Үкіметті жедел шаралар қабылдауға шақырып, саланың бәсекеге қабілеттілігін толық жоғалту қаупі бар екенін атап өтті.

«Мемлекеттік қолдау бойынша былтыр бұл салаға 15,3 млрд теңге субсидия бөлінгенімен, қой шаруашылығы ірі қара, құс және шошқа шаруашылығынан кейінгі 4-орынға ысырылып қалды. Алайда қазіргі таңда қойдың 95%-ы тек ет мақсатында өсіріліп жатыр. Саладағы негізгі түйткілдің бірі – қой өнімдерін өңдеу мен сату жүйесінің әлсіздігі. Етті, жүнді, теріні өңдейтін кәсіпорындар мардымсыз деңгейде жұмыс істеп тұр. Ал мал бордақылау алаңдары мен сою пункт­терінің жұмысы жүйеленбеген, сон­дай-ақ халықаралық нарыққа да өнімді экспорттау мүмкіндігі шектеулі. Өндіріс­тің технологиялық деңгейі артта қалып, шаруашылықтарда жыл бойына тұрақ­ты әрі үдемелі өнім өндіру үдерісі қа­лып­таспаған. Жеке шаруа қожалықтарындағы қойдың 70%-ы шағын фермаларда өсіріліп жатқандықтан, олардың өнімділігі де, сапасы да төмен», деді сенатор.

Оның айтуынша, технологиялық базаның әлсіздігі, шаруашылықтар өнімді­лігінің төмендігі және ғылыми зерттеу­лердің азаюы жағдайды одан әрі күрде­лен­діріп отыр. Бұрын 220 адам жұмыс істеген Қ.Ме­деу­б­еков атындағы қой шаруашылығы ғы­лы­ми зерттеу институтында бүгінде небәрі 20 қызметкер қалған, ал елімізде асыл тұқымды генетикалық қор мүлдем жоқ.

«Ғылыми зерттеу институтын қайта жандандырып, жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы жұмысын күшейтуді тез арада қолға алу қажет. Бүгінде салаға қатысты бағдарламаның жоқ екенін атап өткен жөн. 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасы ғана бекітілген. Саланың дамуы мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама әзірленіп, жұмыс үдерісін ілгерілету – уақыт талабы мен қоғам сұранысы», деді С.Дүйсембинов. 

Соңғы жаңалықтар