Атырау облысында екі ауылдың тұрғындары алкогольдік ішімдіктен бас тартты. Екеуі де – шағын елді мекендер. Алтын бесігінен ірге көтермей отырған қандастар ұрпағының болашағы үшін осындай игі істі қолға алды.
Құрылыс ауылы Индер ауданының орталығы Индербор кентінен Атырау қаласына қатынайтын жолдың бойында орналасқан. Жарсуат ауылдық округіне қарайды. Ауылдың учаскелік инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, мұнда 113 үй бар, тұрғындар саны – 700 адам.
«Ауыл тұрғындары кейінгі бес жылдан бері алкогольдік ішімдіктерден бас тартып, тұрғындардың бастамасымен дүкендерде ішімдік сатуға тыйым салынды. Саламатты өмір салтын ұстану бағытындағы бұл қадамның нәтижесінде мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мен бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ», дейді И.Жасталапұлы.
Инспектордың айтуына қарағанда, ішімдіктен бас тарту ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай ықпал еткен. Ауылда қауіпсіздік деңгейі артқан.
«Ересектердің де, жастардың да алкогольдік ішімдік өнімдерін тұтынбауы құқық бұзушылықтың тіркелмеуіне ықпал етіп отыр. Бұл – ауыл ақсақалдарының тәрбиесі мен жастардың ұйымшылдығының нәтижесі. Тіпті отбасылық-тұрмыстық жанжалдар да сирек болады. Қоғамдық тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады. Қандай да бір мәселе туындаса, оның себебін уақтылы, нақтылы анықтау мақсатында тұрғындармен тығыз байланыс орнаттым. Олар жұмысыма әрдайым көмектеседі», дейді учаскелік инспектор.
Құрылыс ауылының тұрғындары қазақтың бір-біріне қамқорлық, мейірімдік таныту, қиналған жанға қолдау көрсету секілді ұлттық болмысын сақтаған. Мұнда азық-түлік сататын екі дүкен бар. Соның бірінің сатушысы Әсел Иманғалиеваның айтуынша, күнделікті тұтынатын өзге тағамдарды сатудан да кіріс аз түспейді.
«Арақ пен темекінің адамның денсаулығына да, тағдырына да зияны көп. Бұл – адамды жаман әрекетке әуес ететін өнімдер. Сол себепті, ауыл тұрғындарының бастамасын қолдап, дүкенде тек азық-түлік қана сатуға шешім қабылдадық», дейді Ә.Иманғалиева.
Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Бөкеевтің мәліметінше, өткен жылы елді мекен көшелеріне асфальт төселіп, жарық берілген. Су құбыры тартылған. Интернет желісі бар.
«Біздің ауылдың тұрғындары көптен бері ішімдік ішпейді. Үлкендердің ақылын тыңдап, кеңесін екі етпейтін балаларымыз жақсы нәтижеге жетіп жүр. Көпшілігі спортпен шұғылданады. Жақында ауылымызда кішкентай балалар ойнайтын алаң салынды», дейді ауыл тұрғыны Айгүл Қажығалиева.
Екінші ауыл – Қызылүй. Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округіне қарайтын шағын елді мекен. Алайда округке емес, аудан орталығы – Аққыстау ауылына жақын орналасқан, арақашықтығы – 28 шақырым. Елді мекеннің іргетасы 1913 жылы қаланған. Сол кезде алғашқы ғимарат қызыл саз балшық тастан салынған. Қызылүй атауы соған байланысты қойылған. Кейін ұжымшар, кеңшардың ферма орталығы болған. Мұнда 2009 жылы 347 адам тұрған. Оның ішінде 183 ер, 164 әйел болған. 2021 жылғы санақтың қорытындысымен тұрғындар саны азайып, 244 (132 ер, 112 әйел) адамды құраған. Елді мекенде кейінгі бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Дүкенде ішімдік мүлде сатылмайды.
«Қазір Қызылүйде 265 адам, оның ішінде 145 ер, 120 әйел тұрады. Тұрғындар арасында 38 зейнеткер, мектепке дейінгі жастағы 37 бала, 30 оқушы бар. 2018 жылы су құбыры тартылып, әр үй таза ауызсумен қамтылды. Былтыр табиғи газ желісі іске қосылды. Ауылда 1986 жылы бастауыш мектеп ашылған еді. Бала санының көбеюіне байланысты 1990 жылы негізгі мектепке айналды. 2019 жылы 80 орындық екі қабатты мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Қазір білім ордасында 30 оқушы дәріс алады», деп мәлімдеді Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы.
Шағын ауылда тіркелген 33 шаруа қожалығында 1 613 мүйізді ірі қара, 2 271 қой, 492 ешкі, 1240 жылқы, 592 түйе есепке алынған. Тұрғындардың жеке иелігінде 448 сиыр, 404 қой, 255 ешкі, 226 жылқы, 264 түйе бар.
«Елдің де, ұлттың да болашағы – келешек ұрпақтың қолында. Біз жас буынның теріс әдеттен, оның ішінде алкогольдік ішімдіктен аулақ болғанын қалаймыз. Осы тұрғыда Қызылүй тұрғындары ішімдіксіз ауыл бастамасына қолдау білдірді. Бастаманың астарында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау ғана емес, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті жаңғырту, рухани тазалықты өмір салтына айналдыру, тұрақты тұтыну мәселесі тұр. Ауылдағы береке-бірлік, тәртіп пен тыныштық – осы ұстанымның жемісі. Қызылүй тұрғындарының тыныс-тіршілігі саламатты қоғам құру жолындағы батыл әрі маңызды қадам ретінде өзге ауылдарға үлгі болады», дейді ауыл әкімі.
Атырау облысы