Цифрлық технологиялар шапшаң дамып, онлайн-қызметтер қарқын алған сайын алаяқтар да мүмкіндікті қалт жібермей, қырық айла ойлап тауып жатыр. Алдап-арбау тәсілінің шарықтағаны соншалық, шот иелерінің деректерін ұрлап, ақшасын қағып алу үшін алаяқтар енді өздерін жаңадан құрылған антифрод-орталықтың қызметкері ретінде таныстырып, «күмәнді операциядан қорғанудың жолын» сілтеуден тайынбайтын болған.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, өткен жылы елімізде интернет-алаяқтық фактілері жөнінде 22,9 мың қылмыстық іс тіркелген. Олардың 81,8%-ының қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген. Мұндай үрдіс бірнеше жыл қатарынан (2019 жылдан бастап осындай тұжырыммен жабылған қылмыстық істердің үлесі – жыл сайын 71%-дан 79%-ға дейін) байқалып отыр.
Интернет-алаяқтықтың ең көп тараған фактілері (26%) – азаматтардың жеке деректеріне заңсыз қол жеткізу. Өткен жылы құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай құқық бұзушылыққа қатысты 6,5 мың қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ қызметтерді (5,5 мың), тауарларды (5,2 мың) онлайн-сатып алу барысында алдау белең алған. Құқық қорғау органдарына жиі жүгінетіндер (3,9 мың) қатарын онлайн-қарыз алмақ болып алданғандар құрайды.
Сөйтіп, былтыр зардап шегушілер онлайн-алаяқтарға 11,4 млрд теңге ұстатқан. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 2,8 есе көп. Алдап-соққандардың құрбандарының басым бөлігін жеке тұлғалар құрады, олар тәртіп бұзушыларға 11 млрд теңге аударды. Зардап шеккендер арасында заңды тұлғалар (385 млн теңге), тіпті мемлекеттік ұйымдар да (8,4 млн теңге) бар екен. Залалды өтеу салыстырмалы түрде аз – бар болғаны 36,6%. Яғни қаражат көлемінің үштен екі бөлігі немесе 7 млрд теңгеден астамы иелеріне қайтпаған.
Әрине, алаяқтық әрекетінің тізбегі аяқталғаннан кейін, яғни іс бітіп, ізі суыған соң қылмыскерді тауып, залалды өндіріп алу мүмкіндігі азаяды. Осы есептен былтыр елімізде Ұлттық банк іске қосқан алаяқтық транзакциялар туралы деректермен алмасу жөніндегі жаңа антифрод-орталықтың жұмысы алаяқтық әрекеттер байқалғанда қаражатты аударуға жол бермеуге бағытталған. Орталық – оған қосылған барлық қатысушыға нақты уақыт режімінде хабар алмасуға, күдікті операцияларды тез бұғаттауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа. Ол арнайы таңбамен белгіленіп, жөнелтуші банктердің де, алушы банктердің де қадағалауына алынады. Сондықтан зардап шегушінің шотынан ақша есептен шығарылған болса да сома оқшауланып, алушыға төленбеуі мүмкін.
Ғаламтор алаяқтығынан келген орасан залал әзірге антифрод орталығы жарты жылда тосқауыл қойған қаражатпен салыстыруға келмес. Дегенмен жиілеп кеткен жалған транзакцияларға, түрлі схемаларға жедел әрекет ету көптеген отандасымыздың өз ақшасын жоғалтудан қорықпай, қаржылық қызметтерді сенімді пайдалануына ықпал ететіні сөзсіз. Өз жұмысының алғашқы жарты жылында антифрод-орталық жерлестеріміздің 967 млн теңге мөлшеріндегі жинақтарын сақтауға көмектескен.
Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжанның Finprom.kz сұрауына жауап ретінде берген мәліметі бойынша, орталықтың жұмысы аясында 11,7 мың алаяқтық оқиға тіркелді. Олардың басым бөлігі – 65,5%-ы немесе 7,7 мыңы – құқық қорғау органдарының ақпаратының арқасында белгілі болды. Орталыққа қалған күдікті аударымдар туралы қаржы нарығының қатысушылары – төлем ұйымдары, банктер, ұялы байланыс операторлары хабарлаған. Тыйым салынған қаражаттың басым бөлігі – 760,9 млн теңге немесе 78,7%-ы – жөнелтуші банк жағында күдікті аударымдар деп танылса, алушы банктер 206,1 млн теңге төлеміне жол бермеді.
Антифрод-орталық жұмысының алғашқы нәтижесі тіркелген оқиғалардың арасында көбіне телефон арқылы сөйлесу кезінде (25,5%) алаяқтық әрекеттер болғанын көрсетеді. Алдап, сан соқтырудың ең көп тараған тағы бір тәсілі – жалған инвестициялау (18,9%). Сондай-ақ технологиялық платформа нысанасына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық жағдайлары (17,6%) ілікті.
Қылмыскерлер алдап ақша алу немесе шот иелерінің мәліметтерін қолды ету жолында түрлі тәсілдерді қолданады. Тіпті антифрод орталығының пайда болуымен алаяқтар өздерін осы ұйымның қызметкерлері ретінде таныстырып адамдарды күдікті операциялардан қорғау үшін жеке деректерін беруді немесе фишингтік сайтқа сілтеме арқылы өтуді сұрайды. Бұл ретте Ұлттық банк антифрод орталығының мамандары ешқашан жеке тұлғаларға қоңырау шалмайтынын, олар тек банктермен, қаржы мекемелерімен, түрлі IT-компаниялармен ғана жұмыс істейтінін ескертеді.