Ертіс-Баян өңіріндегі мемлекеттік архивтерде жалпы саны 1 млн 300 мыңнан астам құжат сақтаулы. Облыстық мемлекеттік архивте бүгінде 1 млн 79 мың құжат бар.
Өңірлік мекеменің сақтау ғимараты небәрі 500 мың дана құжатқа арналған. Осыған орай тарихи құжаттарды сақтау орны жетіспей отыр.
– Жалпы, облыстағы архивтердің барлығында орындар толуға жақын немесе толып тұр. Сақтау орындарын көбейту туралы жауапты министрлікке ұсыныстарымызды жіберіп, жаңадан қосымша ғимараттар салуға оң шешім алғанбыз. Бірақ былтыр бюджеттік шығындар оңтайлануға байланысты бұл жобалар тоқтап қалды. Биыл аудан-қалаларда жобалар қолға алынады деген сенімдеміз. Бірді-екілі ауданда ғана коммуналдық желілерге, жерге байланысты мәселелер шешілмеген. Егер құрылысқа арналған қаражат шешілетін болса, ол мәселелердің күрмеуін тарқатуға болады. Жаңа ғимараттар кезең-кезеңімен тұрғызылуы керек. Қазіргі жұмыс істеп тұрған архив мекемелерінің тек екеуі ғана типтік ғимарат болып есептеледі (екеуі де облыс орталығында). Қалғаны бейімделген ғимараттар, – дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.
Облыстық архивте сақталған құжаттардың ең көнесі ХІХ ғасырдың басына тиесілі. Ал қордың денін өткен ғасырдың басынан бергі құжаттар құрайды. Архив саласында маман тапшылығы байқалып отырған жоқ. «Архив-2025» бағдарламасы аясында құжаттарды цифрландыру жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 150 мыңнан астам құжат цифрланса, олардың басым бөлігі мемлекеттік іс құжаттарынан тұрады. Алдағы уақытта жеке тектік құжаттар да цифрлық жүйеге көшеді деген жоспар бар. Биыл облыстық архивтің қосымша 40 мыңдай құжатты электронды түрде таныстырамыз деген жоспары бар.
– Құжаттарды цифрландыру – қордағы қағаз жүзіндегі құжаттар жойылып кетеді деген сөз емес. Архив құжаттары кемі – 45, орташа 75 жылдай сақталуы керек. Ал кейбір маңызды құжаттар мәңгілік сақталып тұра береді. Цифрланса да жариялауға жатпайтын құпия құжаттар да бар. Сондықтан барлығын цифрлық жүйеге көшіріп, таудай болып үйіліп тұрған қағаз құжаттарын жою ойға сыймайтын дүние. Архивтерге сақтау орындары ауадай қажет. Ал сканерленген құжаттарды жеке азаматтар қалаған уақытында кез келген жерден ашып көре алады. Е-архив жүйесі де жұмыс істеп тұр, – деп қосты басқарма өкілі.
Облыста цифрлық модульмен жұмыс істейтін мамандар мәселесі, қызметкерлердің біліктілігін көтеру үнемі назарда. Құжаттарды топтастырып, әр жыл сайын жинақ кітапшалар шығару дәстүрге айналған. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарына қатысты құжаттар соңғы бірнеше жылда жиі жарық көре бастаған.
Биыл өңірдегі архив қызметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Соған орай облыстық архивке қарайтын ғимараттың біріне жөндеу жүргізілмекші. Қазір қазынадан қаражат бөлініп, мердігерді анықтау бойынша конкурстық іс-шаралар жүріп жатыр.
Павлодар облысы