• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 28 Ақпан, 2025

Балық өсірушілердің жалақысы неге аз?

560 рет
көрсетілді

Былтыр көктемгі су тас­қыны салдары мұ­­найлы өңірдегі балық өсіру шаруа­шылықтарының жұ­мыс қарқынын бәсең­детті. Алайда Атырау бекіре өсіру зауытын жаңғырту жобасы жағдайды түзетуге серпін беруі мүмкін.

Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсиннің айтуынша, алдағы екі жылда еліміздің балық өсіру шаруашылықтарында су маржанын жылына 750 тоннаға дейін жеткізу көзделген. Осындай болжаммен өсірілетін балықтың көлемін 2030 жылға қарай кемінде бес есе арттыру жоспарланып отыр.

«Бес ірі балық өсіру шаруашы­лығын іске қосу жоспарда бар. Қазірдің өзінде балықшылар тұқы, африкалық жайын өсіріп жатыр. Осындай жұмыс жалғасын тапса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады», дейді Н.Ғайсин.

Дегенмен бұл салада әлі ше­шімін таппаған екі мәселе бар. Оның бірі – маман тапшылығы, екіншісі – жалақының аздығы. Мәселен, Атырауда 1998 жылдан бері бекіре тұқымдас ба­лық түрлерінің шабақтарын өсіретін зауыт жұмыс істейді. «Жайық Атырау» зауытының бас­ты мақсаты – бекіре тұқымдас балықтар қорын көбейту. Зауыт директорының міндетін атқарушы Болат Мұхатжиевтің айтуынша, бағалы балықтардың шабақтары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өсіріледі. Жыл сайын зауыттан 3,5 млн шабақ Жайық-Каспий су бассейніне жіберіледі.

«Бұл зауыттың жылдық қуаты – бекіре тұқымдас балықтардың 3,5 млн шабағын өсіру. Аталған зауыттың жобасын 1979 жылы КСРО Балық шаруашылығы министрлігіне қарасты «Гидрорыб­проект» институтының Астрахан филиалы дайындаған. Ал нысан құрылысын 1985 жылы Орынбор гелий зауыты бастаған. Бірақ КСРО ыдырап кетіп, жобаны қаржыландыру тоқтатылды. Сөй­тіп, құрылыстың аяқталу мер­зімі 1998 жылға дейін созылды. Сол жылдың күзінде аталған зауыт пайдалануға берілді», дейді Б.Мұхатжиев.

Қазір мұнайлы өңірде бағалы балықтың шабағын өсіретін мемлекеттік екі зауыт бар. Оның бірі мұнайлы шаһармен аттас Атырау ауылдық округіндегі Жаңаталап ауылының, екіншісі Еркінқала елді мекенінің тұсында салынған. Кейін екі зауыт біріктірілді. Бұл зауыттарға жыл сайын бекіре тұқымдас балық түрлерін аулау үшін 4,6 тонна лимит беріледі.

Бекіре тұқымдас балықтар зауытқа арнайы ыдыстармен әкелінеді. Ауланған балықтар алдымен тұйық су тоғанында тіршілік етуге үйренеді. Су маржанына күніне екі рет жем беріледі. Күн сайын балықтардың температурасы тексеріліп, судан химиялық сынама алынады. Содан соң арнайы бассейнге ауыстырылады. Ал зауытта бассейннің бірнешеуі бар. Бассейндердегі су Жайық өзенінен тікелей алынады. Балық өсірушілер кезекпен тәулік бойы жұмыс істейді. Судағы оттегіні, 100-ден астам бекіренің жағдайын тексереді.

«Біздің зауытта 2013 жылдан бері бекіре аналығының үйірін өсіру қолға алынды. Аналық үйірді қалыптастыру үшін кемінде 15 жыл қажет. Өйткені аналық балық тым аз. Соның салдары былтыр мемлекеттік тапсырыс орындауға кері әсер етті», дейді директордың міндетін атқарушы.

Балық өсірушілердің түсін­діруін­ше, бекіре тұқымдас балық­тарға уылдырықты өзі беруі үшін екпе салынады. Мұнда бағалы балықтар тобындағы қортпа, орыс бекіресі, сүйрік, пілмай, шоқыр секілді су маржандарының аналық үйірі бар. Уылдырығы алынған балықтар зауытта қалдырылып, ерекше күтімге алынады. Олар 2–3 жылдан кейін уылдырықты қайтадан беруі мүмкін. Мәселен, 2021 жылғы наурызда Жайық өзені бойындағы «Кіші Дамбы» тартымынан алып қортпа ауланды. Бағалы балықтың салмағы – 150 кило, ұзындығы – 2,4 метр. Қортпаны Амангелді атындағы өндірістік кооперативінің балықшылар бригадасы «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырды. Кейін одан 20 кило уылдырық алыныпты.

Бекіре тұқымдас балықтардың негізгі жемінің бірі – ұсақ ақ құрт. Зауытта ұзындығы шамамен 5 мм-ге дейінгі ақ құртты өсіретін цех бар. Мұндай құрт 80 қорапта өсіріледі.

Зауытта 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Оның 90 пайызын қара­пайым жұмысшылар құрап отыр.

«Жалақының аздығы мәселесі шешімін таппай тұр. Зауыт басшысы – шамамен 260 мың, балық өсіретін мамандар, ихтиологтер – 200 мың, жұмысшылар, оның ішінде, тракторшылар 120 мың теңге жалақы алады. Мұнда жұмыс істейтіндердің көпшілігі – зауытқа жақын маңдағы ауылдың тұрғындары. Жоғары білімі бар мамандар аз. Зауытқа кейінгі 10 жылда жоғары оқу орнын бітірген үш маман келді. Балық өсіруді көбей­ту үшін тағы 6–7 маман қажет. Қара­пайым жұмысты атқаратын жұмысшылар да керек. Қазір екі зейнеткер трактор айдап жүр. Жалақының аздығы мамандарды жұмысқа тартуға қолбайлау болып отыр», дейді Б.Мұхатжиев.

Іске қосылғанына 27 жыл бол­ған зауыттағы технология әбден ескірген. Өйткені 1998 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сол себепті, ескі технологияны жаңғырту жоспарланыпты. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалиннің мәліметінше, Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен Атырау­дағы бекіре зауытын жаңғырту үшін халықаралық тәжірибе зер­деленіп, жобалық-сметалық құ­жат­тама әзірленіп жатыр. Құ­рылыс-монтаждау жұмыстары биыл көктемде басталатыны жос­пар­ланған.

 

Атырау облысы