Алматыда «Орталық Азия мен Қытайдағы цифрлық журналистика: жергілікті сын-қатерлер мен жаһандық трендтер» атты дөңгелек үстел өтті. Өзекті тақырыптарды қамтыған іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі, Narxoz университеті, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі, Орталық Азия-Қытай журналистік зерттеулер қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.
Халықаралық медиа саласындағы жетекші сарапшылар бас қосқан жиында Цифрлық трансформация және жасанды интеллект жағдайындағы журналистиканың болашағы, бұқаралық ақпарат құралдарында үлкен деректер мен автоматтандырылған талдауды қолдану, цифрлық дәуірдегі медианың халықаралық тәжірибесі мен даму келешегі секілді мәселелер сараланды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов цифрлық журналистика қазіргі ақпараттық кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналғанын, нәтижесінде аудиториямен араласуға, жаңалықтар сапасын жақсартуға және медиа платформалардың көкжиегін кеңейтуге тың серпін пайда болғанын атап өтті.
– Цифрлық платформаға көшу – жаһандық үрдіс. Кейінгі жылдары Орталық Азия мен Қытайда интернет пен мобильді құрылғыларды пайдаланушылар саны еселеп өсті. Бұл аудиторияның дәстүрлі жаңалықтарды тұтыну форматтарынан (газеттер, теледидарлар) цифрлық платформаларға жылдам көшуіне әкелді. Негізгі мысал ретінде әлеуметтік желілер мен арнайы жаңалықтар сайттарының танымалдылығы артқанын айтуымыз керек. Қоғамдық пікір қалыптастыруда әлеуметтік желі үлкен рөл атқарғанымен, оның жағымды және жағымсыз тұстары барын ұмытпауға тиіспіз. Жеделділік жүйелі жолға қойылғанымен, жалған ақпараттың тез таралуы, қоғамдық пікірді манипуляциялау секілді теріс әсерлер де белең алып жатыр. Өз кезегінде жасанды интеллект журналистикаға белсенді түрде еніп, деректерді жинау және талдау, жазу материалдарын автоматтандыру, сондай-ақ трендтер мен аудиторияның қалауын болжау сияқты үдерістерді оңтайландыруға көмектесуде. Бүгінгі басқосудың мақсаты – тәжірибе алмасу ғана емес, аймақтағы нақты мәселелерді шешу үшін цифрлық журналистиканы қалай пайдалануға болатынын ашық талқылау. Өйткені цифрлық журналистиканың табысты дамуы үшін тек технологиялық және әдістемелік кедергілерді емес, саяси және әлеуметтік сын-қатерлерді де еңсеру қажет, – дейді Қ.Ахетов.
Мәдениет және ақпарат министрлігі салалық журналистерді даярлау бағытында жоғары оқу орындарымен 10 меморандумға қол қойған. Бүгінде саясат, дін, медицина, экология, әскери сала, халықаралық, IT, ауыл шаруашылығы, заң және қаржы-экономика салалары бойынша 7 500-ден аса тыңдаушы оқу курстарын аяқтаған.
Тақырыпқа сәйкес сарапшылар Орталық Азия мен Қытайдағы медиа кеңістіктің дамуына жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қалай ықпал ететінін талқылады.
– Цифрлық БАҚ өздерінің жаңалықтар арналарына алаңдайды, өйткені оларды X әлеуметтік медиа қолданбасы басып озды. Оның үстіне сөз бостандығы толық мағынасында және әрекетінде қазір X платформасында байқалады. Бұл қызмет ақылы, бірақ ол қандай болса да, шындықты білуге тұрарлық. Адамзат цифрлық ыңғайлылыққа тез үйренді. Бірақ мұның қатерлі тұсын да көріп отырмыз. Мәселен, ірі бизнестің бәсекелестері арасында өліммен аяқталатын инфаркт жағдайлары орын алды. 2024 жылдың күзінде Ливанның әр тарабында пейджерлер мен рациялардың бір уақытта қалай жарылып, 37 адам қаза тапқанын, тағы 2 750 адам әртүрлі ауырлық дәрежесінде жараланғанын еске түсірейік. Бұл Израильдің барлау қызметі мен армиясының Таяу Шығыстағы Хезболла қозғалысы мүшелеріне қарсы бірлескен операциясы болды. Пейджер жарылысынан зардап шеккендердің арасында Иранның Ливандағы елшісі Моджтаб Амани де бар еді. AI арқасында Қытай қалам, түйме және басқа да интеллекті бар атрибуттар шығарып жатыр. Мұның бәрін бұрын барлаушылар мен тыңшылар туралы фильмдерден ғана көретінбіз. Қазір ол Alibaba және басқа да қытайлық сауда платформаларында жаппай сатылады. Қытай бұл тұрғыда ХХІІ ғасырда өмір сүріп жатыр. Цифрлық индустрияның астанасы Гонконгқа барған жан мұны анық түсінеді. Мен суперкомпьютерлер шығарылатын Тяньцзинь қаласында болдым, мұндай құрылғының бірі біздің оқу орындарына да әкелінеді. Илон Маск айтқандай, болашақ – азаматтық цифрлық журналистикада. Өйткені Х сияқты платформаны адамдар жасайды және адамдар үшін жасайды. Дәстүрлі БАҚ-ты бірнеше редактор басқарады. Цифрлық журналистикада бір ғана тұлға редактор, тілші, бейнеоператор, диктор, графикалық дизайнер, журналист міндеттерін бір өзі атқара береді, – дейді Ұлттық ғылым академиясының Білім және әлеуметтік даму орталығы басшысының міндетін атқарушы Күлтай Әділова.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025 жылға арналған халықтың медиа сауатын дамыту және Медиасфера мамандарының біліктілігін арттыру жоспары шеңберінде ұйымдастырылған жоба дүниежүзілік радио күнін мерекелеу аясында өтті. Жоба жетекшілерінің бірі профессор Гүлмира Сұлтанбай аталған тақырып Журналистика қысқы мектебінің кезекті бағдарламасында кеңінен талқыланатынын жеткізді. Биыл жобаға жылдағыдай көршілес мемлекеттердің медиа саласындағы білікті мамандары шақырылған.
АЛМАТЫ