Өскеменде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ғасырлық дәстүрлер» атты кілем тоқушы шеберлердің арасында республикалық байқау басталып жатыр. Кілем тоқу – қазақ халқының ең көне қолөнерінің бірі. Осынау ата дәстүрді жаңғырту мақсатындағы шараға еліміздің кіл мықты қолөнер шеберлері жиналады.
Бұл іс-шараны өткізу жолында облыстың бұрынғы әкімі, бүгінде Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев үлкен рөл атқарды дейді ұйымдастырушылар. Айта кетсек, Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында 352 бірегей кілем бұйымдары сақталған. Бұл жәдігерлер музей зерттеушілері ұйымдастырған көпжылдық этнографиялық экспедициялар кезінде жиналған. Кілем тоқу дәстүрі әсіресе, Катонқарағай, Тарбағатай және Ұлан аудандарында дамыған.
– Фестиваль халықтық кілем тоқу дәстүрлерін насихаттау және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау мақсатында өткізіледі. Шығармашылық идеяларды талқылау және тәжірибе алмасу үшін арт-алаң құрылады. Былайша айтқанда, ұлттық өнерімізді заманға сай ыңғайлап, саудаға шығаруды да көздеп отырмыз. Оның түпкі мақсаты Шығыстағы туризм әлеуетін нығайту, – дейді Шығыс Қазақстан Қолөнершілер ресурстық орталығының жетекшісі Райса Мұхамеджанова.
Салтымызды көрсететін бұл байқауда көрермендердің назарына ғажайып кілемдер, киізден жасалған бұйымдар, гобелендер және сәндік-қолданбалы өнердің басқа да үлгілері ұсынылады. Сонымен қатар қолөнершілер өз бұйымдарын, жабдықтары мен материалдарын көрсетіп, оқыту шеберлік дәрістерін өткізеді. «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі – жай ғана фестиваль емес, болашақ ұрпаққа баға жетпес мәдени мұраны аманаттау мүмкіндігі.
Шығыс Қазақстан облысы