• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат 21 Наурыз, 2025

Жадыра Құтжанова, айтыс ақыны: Мен үшін бағалы сыйлық – халықтың ықыласы

80 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың ортасынан айтыс өнері жаңаша дамыды. Арқалы ақындар шоғыры қалыптасты. Солардың ішінде жарқылдап көзге түскен Жадыра Құтжанованың орны бөлек. Ол әуезді үнімен, әдемі мақамымен, өжет мінезімен халықтың жүрегіне бірден жол тапты. 1989 жылы Алматыдағы Республика сарайында өткен халықаралық айтыс­та ақ боз ат мінді. Содан бері де біраз жыл жөңкіліп өтті. Бірақ жұрт Жадыраны ұмытқан жоқ. Біз бүгін Наурыз мерекесінде сонау жылдары төл өнерімізге өзгеше өрнек қосқан танымал айтыс ақыны, Мәдениет саласының үздігі, бірнеше халықаралық, республикалық айтыстың жүлдегері Жадыра Құтжановамен жолығып, өмірі мен өнері туралы әңгімелестік.

Ақындық тегімнен дарыған

– Жадыра апай, әр адамның өнерге келу жолы әртүрлі. Біреулер өнер әке-шешемнен қонды десе, енді біреуі оған бала күнімнен ынтық болдым деп айтады. Ал сіз өнерге қалай жақын болдыңыз. Әңгіменің әлқиссасын содан өрбітсек?

– Мен нағашы атам мен әжемнің бауырында өстім. Нағашы атам Құтжан Қанжығалин Торғай өлкесіне белгілі ақын, әнші, күйші, сазгер. Айтысқа да түскен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанның халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрхан Ахметбеков құрған Торғай өңіріндегі алғашқы ауданаралық театр құрамында болған. Ел аралап, өнер көрсеткен. Сондай-ақ өз әкем Сәкен Мұханбетжанов та өнерден қара жаяу емес. Ауылда ұзақ жыл бойы қарапайым шопыр болып еңбек етсе де, жасынан өлең мен сатираны серік етті. Осы екі жанрға бірдей қалам тербеді. Біраз шығармасы аудандық, облыстық басылымда жарық көрді. Ал анам – Төлеутай ұзақ жылдар медицина саласында қызмет істеген. Аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, ақындығымен танылған. Қос орденді ана. Қазір Амангелді ауданының құрметті азаматы. Міне, осындай өнер қонған отбасында өстім. Меніңше, ақындық маған тегімнен дарыған. Балғын шағымнан өнерге жақын болдым. Атамнан жағаласып домбыра үйрендім. Ол кісі маған үйдегі «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Мұңлық-Зарлық» секілді лиро-эпостық жырлар жазылған таспаны көп тыңдататын. Соның әсері ме, бала кезімнен ұйқастырып сөйлегенді жақсы көрдім. Бір жағынан, бұған атамның ықпалы тиді. Ол кісі ақын ғана емес, керемет жыршы еді. Көне жырлармен бірге, өз шығармаларын тамаша орындайтын. Біздің үйге әкемнің даусын естуге алыс-жақыннан қонақтар көп келетін. Солардың әңгімесін тыңдап өстім. Осының бәрі маған әсер етті. Атама еліктеп, бес-алты жасымнан өлең шығардым. Атам мен әжем мені ер бала секілді еркін өсірді. Екеуі менің балалық қылығыма мәз болып отыратын. Атамның сондай кейіпіме арнаған бір өлеңі бар.

«Қой қуады бұлтыңдап

Көзінің оты жылтыңдап.

Аспандатып ән салады,

Аққу-қаздай сұңқылдап.

Бұзау айдап келеді,

Төбесі ғана қылтыңдап»,

деп басталатын.

– Құтжан ақынның шығарма­шылығын Торғай жұрты жақсы біледі. Бірақ жалпақ елге онша мәлім емес. Сон­дықтан атаңыздың өмір жолын қысқаша айтасыз ба?

– 1903 жылы Ұлы Жыланшық өзені бойындағы Өгізкөк деген жерде туған. Жеті жасынан домбыра тартып, жыр айтқан. Оны жасынан өнерге баулыған Торғай өлкесіне атағы кең жайылған ақын Есенжол Жанұзақұлы. Бұл кісі де сан қырлы талант иесі. Оның «Он екі үйрек» атты әні әйгілі музыкатанушы А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағына енген. Атамның туысы Баяхмет осы әнді орындағанда көмейі бүлкілдеп тұрады екен. Бұл өте күрделі туынды. Оны екінің бірі айта алмайды. Құтжан атам нақышына келтіріп орындайтын.

Сондай-ақ халық ақыны Нұрхан Ахметбеков, шежіреші, ақын, домбырашы Ахметқан Әбіқаевпен жақын сыйласты. Соғыс жылдары Нұрхан екеуі ауданаралық театрда бірге өнер көрсеткен. Нұрхан Ахметбеков Құтжанның талантына тәнті болып, оған «Төрт аяғы тең жорға» деп бағалаған. Атамның шығармашылығы сан алуан. Тарихи оқиғалар желісімен дастан жазған. Шағын өлең-жырға да қалам тербеген. Ән шығарып, күй тартқан. Орындаушылық шеберлігі де ерекше. Елдегі Сәт Есенбаев, Өмірбек Жандәу­летов секілді ақындармен айтысқа түскен. Ұлытаудағы Болман ақынмен хат жазысып айтысқан. Бейнелеп айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы. Біраз жыл Амангелді аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін туған ауылына көшіп келді. 1975 жылы 72 жасында дүниеден озды. Мен ол кезде он бір жастамын. Ол кісіні ел ерекше сыйлайтын. Мінезі де жайлы еді. Әдепсіз сөз айтпайтын. Былтыр шығармаларын жинап «Інжудей асыл сөзді жырмен төктім» атты кітабын шығардық. Бұған дастандары, толғаулары, айтыстары топтастырылды. Бірқатар әні мен «Аққайың» деген күйін нотаға түсірдік. Шынымды айтсам, нағашы атам мен әжеме өте ризамын. Оларға қарызбын десем болады. Мені бетімнен қақпай, еркелетті.

 

Дүбірге қызған жүйріктей төселдім

– Алғаш айтысқа қашан шықтыңыз?

– 1982 жылы орта мектепті бітіріп, Арқалықтағы музыкалық училищеге түстім. Осында 3-курста оқып жүргенде облыстық айтыс өтетін болды. Оны Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл ұйымдастырды. Қонысбай аға алдымен оған қатысатындарды іріктеді. Мен одан сүрінбей өттім. Сөйтіп, белгілі ақын Бүркіт Бекетовпен айтыстым. Марқұм Бүркіт аға сыпайы азамат еді. Тұрқы ірі болғанымен, жаны қылдай нәзік болатын. Екеуміз ағалы-қарындас болып, өте жақсы айтыстық. Тыңдарман жылы қа­был­дады. Сахнаға алғаш шықсам да онша қобалжыған жоқпын. Шындығында, бұл алғашқы айтыс маған көп нәрсе үйретті. Сахна мәдениетін меңгердім. Бүркіт аға­дан да біраз тәлім алдым. Сондықтан ол кісіні ұстазымның бірі ретінде көремін. Осы облыстық айтыста бас жүлде алдым. Одан кейін сол жылы Торғай мен Көкшетау облысы арасында командалық айтыс болды. Соған біздің облыстан Қонысбай аға бастаған алты ақын бардық. Ішінде жалғыз қыз мен ғана. Айтыста көкшетаулық Иран Илиашовпен шығып, одан басым түстім. Екеуміз қыз бен жігіттің жарасымды айтысын жасадық. Біз сол жолы көкшетаулықтарды жеңіп, елге абыроймен оралдық. 1987 жылы республикалық радиоайтыс ұйымдастырылып, мен сонда Серік Қалиевпен сөз қағыстырдым. Осы жылы Қарағандыда Жезқазған об­лысы ақындарымен айтыстық. Сондай-ақ 1987 жылы Қызылордадағы жас­тараралық республикалық айтыста Асқар Тоқмағамбетов атындағы бас жүл­дені иелендім. Онда Ерік Асқаров, Әзімбек Жанқұлиевпен айтыстым. Сол жылы Қарағандыда Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына бір жыл толуына арналған республикалық айтыста бірінші орын берді. Сонымен қатар 1998 жылы Астанадағы «Шабыт» фестивалі аясында өткен айтыста «Суырыпсалма ақын» аталымын жеңіп алдым. Бұл кездері мен жас едім. Ешкімнен ыға қоймаймын. Айтысқа дүбірге қызған жүйріктей әбден төселдім. Табан асты жауап беруге машықтандым. Бұған мені Қабден Байқасынов, Қабден Қарымсақов әкелерімнен бастап, Қонысбай Әбіл, Бүркіт Бекетов, Игілік Бейсенбаев, Отар Нұрманғалиев секілді ағаларым баулыды. Осы ақындардан көп үйрендім.

– Ара-тұра ғаламтордан бұрынғы айтыстарды көремін. Сонда ақындар әр жанрда айтысқан. Қазіргі айтыстан мұны байқамаймын. Осы туралы не айтасыз?

– Айтыс – қазақтың төл өнері. Сон­дықтан бай ауыз әдебиетімізде айтыстың көптеген түрі бар. Бұл жанрлар 80-жыл­дардың ортасында әжептәуір дамыды. Әсіресе облыс арасындағы сайыс­тарда ақындар «сүре», «жұмбақ», «қайым», «өтірік» және «қыз бен жігіт» түр­лерімен жеке айтысты. Бірақ бұған алдын-ала дайындалды. Бір жағынан, қызықты. Тыңдарманды жалықтырмайды. Мәселен, өз басым үнемі қыз бен жігіт айтысына шықтым. Бүгінде бұл айтыс түрлерін дамытуға болады. Халық жылы қабылдайды деп ойлаймын.

Шын мәнінде, айтыс – суырыпсалма­лық өнер. Мысалы, халықаралық, респуб­ликалық айтыстарға барғанда қарсыласым кім болатынын білген жоқпыз. Өйткені алғашқы кезекте сахнаға жеребемен шығасың. Әрине, табан астында суырып айт­қаннан соң кедір-бұдыр кездеседі. Бірақ кейде аузыңызға ойланып отырғанда келмейтін шумақтар түседі. 1989 жылы Алма­тыдағы Республика сарайында ха­лық­­аралық айтыс өтті. Сонда мен соңғы мәреде Қабдыжәлел Сахариямен айтыс­тым. Осында толық суырыпсалып айттым.

– Бұл айтыс сіздің есіміңізді қалың қазаққа бір күнде танытты. Осыған кеңірек тоқталасыз ба?

– Бұл жылдары еліміз әлі тәуелсіздігін алған жоқ. Бірақ замана желі оңынан соғып, Алаш ардақтылары ақталды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Бір сөзбен айтқанда, ұлт оянып, рухы көтерілді. Айтыстың да жаңару дәуірі осы жылдардан басталған секілді. Республика сарайы­на халық лық толған. Ине шаншар орын жоқ. Қазылар алқасы да мықты. Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынхан Әбдірахманова секілді аға-апаларымыз төрелік етті. Олардың алдында өлең айтпақ түгілі, жаттап келгеніңді ұмытып қаласың ғой. Өнер бәйгесіне еліміздің әр өңірінен келген айтыскерлер қатысты. Бәрі де ауыздығымен алысқан жүйріктер. Бірінен-бірі өтеді. Алдымен мен жетісулық ақын Нұрлан Әбдібекпен айтыстым. Екеуміз жақсы өнер көрсеттік. Одан кейін белгілі ақын Серік Құсанбаевпен шықтым. Бұған дейін талай айтысқа қатысып, әбден шыңдалған Серік ағамен айтысым өзіме оңай болмады. Бірақ намысты қолдан бермедім. Бар күшімді салдым. Ақыры финалға жолдама алдым. Соңғы айналымда Қабджыжәлел Сахариямен айтыс­тым. Шынымды айтсам, Қабдыжәлел аға мені біраз састырды. Кәдімгідей мысы басты. Жасым жиырма үште. Әп дегенде сахнаға шығып бара жатқанда ішімнен Сары Қошқар бабамның аруағына сыйындым. Бұл бабамызды Торғай жұрты әулие деп дәріптейді. Кенесары ханның сенімді батырларының бірі болған. Қабдыжекең әзілге шебер. Қалжыңға ұста. Кез келген жерден қармақтай іліп әкетеді. Кейде соған жауап беремін деп, домбырамды тартып, ойланып қаламын. Мұндайда қарсыласым: «Ойпырмай, Жадыражан не болып қалды, мен сені 20 минут то­сайын ба?» деп одан сайын тықсыра түседі. Кейде тыпыршып, орнынан тұрып кетеді. Жалпы, өмірде құдіретті тылсым күштің барына сонда сендім. Сөйтіп, отырғанда топ адамның арасынан бір үлкен кісі: «Жадыра, тарт-тарт, тоқтама, қорықпа», деп, дем бергендей болды. Әлде маған солай көрінді ме, білмедім. Осы кезде аузыма «Халыққа бір көріндің тамшыдай болып, Көзіме елестейсің ақ шырай болып. Ағатай, қайта-қайта қозғалмашы, Кәдімгі зікір салған бақсыдай болып», деген шумақтар жаңбырдай құйыла жөнелді. Шындығында, Қабжелел аға да олқы емес. Мықты ақын. Бұл айтыс екеуміздің де абыройымызды көтерді. Есімім елге танылды. Осында алғаш рет айтысқа тігілген ақ боз ат міндім.

 

Ақ боз атты Ерік ағаға сыйладым

–  Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Оны айта алмаймын. Сөзім жет­пейді. Әрине, айрықша қуандым. Ғалым Мардан Байділдаев ағамыз сахнаға ақ боз атты жетектеп алып шықты. Мені соған мінгізді. Қатты толқыдым. Бұған дейін­гі айтыстарда мұндай қомақты жүлде бол­ған емес. Ақ боз ат алғаш беріліп отыр. Бірақ эмоциямды сыртқа шығармадым. Бұл – менің өмірімдегі ұмытылмайтын сәттерімнің бірі. Бастысы, мен үшін ең бағалы сыйлық – халықтың ықыласы.

– Осы айтыстағы ақ боз атыңызды әріптес ағаңызға сыйладыңыз. Неліктен?

– Иә. Өзім Ерік Асқаровтың ақын­ды­ғын жоғары бағалаймын. Осында Ерік ­аға өте жақсы айтысты. Еліміз­дің қордала­нып қалған сан түрлі өзекті мәселесін көте­ріп, халықтың мұң-зарын баяндады. Тауып айтты. Шебер жеткіз­ді. Сөйтіп, жинал­ған қауымның айызын қандырды. Сондықтан жүлдемді Ерік ағаға беруді лайық көрдім. Ақ боз аттың үстінде тұрып, бірауыз өлең арнап, ақынға тұлпарымды сыйладым. Халқымыздың бойында астындағы атын суырып беретін дәстүрі бар емес пе? Бірақ ол кісі мұны күтпеді. Абдырап қалды. Алайда ерекше риза болғанын байқадым. Қуанып тұрды. Ерік ағаның да ел алдындағы абыройы көтерілді. Менің де мерейім өсті.

– Біраз жыл айтыстың ортасында жүрдіңіз. Бірнеше ақынмен сөз қа­ғыстырдыңыз. Қай қарсыласыңызды мықты көрдіңіз?

– Шынында да солай. Көп ақынмен айтыстым. Ешбірін осал дей алмаймын. Бәрі де мықты. Ешкімді бір-бірінен кем санамаймын. Әр ақынның өз жолы бар. Облыста жүргенде Қабден Байқасынов, Қабден Қарымсақов әкелерімнен бас­тап, Игілік, Отар ағалармен талай рет айтыстым. Бұл кісілер сахнада өздерін ғана емес, мені де көтермелеп отыратын. Осы маған үлгі болды. Мысалы, Ерік Асқаровпен екі мәрте кездестім. Айтулы ақын домбыра тарта алмағанымен, өте білімді еді. Кез келген мәселені тереңнен қозғайтын. Өткір болатын. Басқа да ақындармен шықтым. Жалпы, айтыстың жақсы шығуы қарсыласқа көп байланыс­ты. Егер қарсыласыңыз әлсіз болса, айтыс көңілден шықпайды.

– Жас кезіңізде алдыңызда үлкен буын болды. Солармен қалай аралас­тыңыз?

– Біздің кезіміздегі ақындардың ара­сындағы сыйластық ерекше еді. Біз жерге, елге бөлінген жоқпыз. Бір отбасының балаларындай болдық. Бір-бірімізбен өте жақын араластық. Қазір Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова апаларымды қатты сағынамын. Қандай жүрегі кең жандар еді? Үнемі ақылын айтып жүретін. Алматыға айтысқа барғанда бір-бірімізге қонақ болып, шұрқырап табысушы едік. Сондай-ақ Манап Көкенов, Көкен Шәкеев әкелерім де есімнен шықпайды. Бұл кісілер мені қызындай көрді. Ал Қонысбай Әбіл, Әбдікәрім Манапов, Ерік Асқаров ағаларымның адамгершілігін жеткізе алмаймын. Мені туған қарындасындай қадірледі. Бүгінде Әсия Беркенова, Әлпия Орманшина апаларымен араласып тұрамын. Әсия апайымның түсі суық болғанымен, жаны жұмсақ. Осы ақындардың барлығы айтыстың туын асқақтатты, биікке көтерді.

 

Айтыстан дер кезінде кетіп қалдым

– Бүгінде айтыс өнері ерекше да­мыды. Интеллектуалдық деңгейге жет­ті. Жас ақындарға көңіліңіз тола ма?

– Толғанда қандай! Бәрі де білімді. Интеллектуал. Көздері оттай жанып тұр. Бүгінде айтыстың ауқымы кеңейген. Көрер­мендердің талғамы да жоғары. Бір жағынан, бүгінгі жас ақындарды бізбен салыстыра алмайсың. Олардың өмірге көзқарасы өзгеше. Өнерге де басқаша қарайды. Алымды. Сөзден дауыл тұрғызып, құйын ойнатады. Әсіресе Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Дидар Қамиев, Мақсат Ақанов, Сара Тоқтамысова, Жансая Мусина, Жандарбек Бұлғақов секілді ақындардың шабысына тәнтімін. Шынында да, қазір айтыс күшті дамыған.

Әрине, өнер сайысы болғаннан кейін түрлі жағдай кездеседі. Кейде ақындар қарсыласын жеңемін деп, оның жеке мінін термелеп кетеді. Мұны мен дұрыс көр­меймін. Халық алдында ақынның меселін түсіреді. Осыдан жастар сақ болса деймін.

Шын мәнінде, қазақ айтысының дамуына көрнекті ақын Жүрсін Ерман қомақты үлес қосты. Қайта жаңғыртты. Жаңа заманға бейімдеді. Мен де сол кісінің тәрбиесін алдым. Айтысты ұйымдастыру оңай емес. Қаншама күш керек. Қаржыны талап етеді. Соның барлығын жалғыз өзі атқарды. Демеушілер тапты. Ақындарға көлік мінгізді. Сондықтан «айтыстың атасы» атанған Жүрсін ағамыз аман болсын!

– Жастардың дені бір мақаммен айтысады. Бұрынғы ақындардың әрқайсының өз мақамы болды. Сіздікі де өзгеше еді. Оны кімнен үйрендіңіз?

– Құтжан атамның мақамын алдым. Оны анамнан естідім. Бұл әуен өзіме сондай ыстық. Расында да, сіз айтып отырған кем­шілікті мен де байқаймын. Негізі әр ақын­ның өз үні, мақамы болғанға да не жетсін?

– Біраз жылдан бері сізді сахнадан көрмейміз. Айтыспен ерте қоштасқан жоқсыз ба?

– Шынымды айтсам, 1985 жылдан бастап, он жылдан аса айтысқа белсенді қатыстым. Біраз бәйгені алдым. Алайда музыкалық училищені бітіргеннен кейін туған ауылыма барып, мектепте мұғалім болдым. Одан кейін Ы.Алтынсарин атын­дағы Арқалық педагогикалық институ­тын тәмамдап, осы оқу орнында қызмет еттім. Тұрмысқа шықтым. Сәби сүйдім. Ана атандым. Соған қарамастан облыс­тық, республикалық айтысқа шықтым. Бі­рақ бүгінгі жас ақындардың тегеурінді екпі­­нін көріп, өзімді тоқтаттым. Бір жастан ­артық сөз естіп, жұрт алдында абырой- сыз­­дыққа қалғым келмеді. Сондықтан аузым­ның дуасы мен қадірім барда кет­кенді ­жөн көрдім. Меніңше, айтыстан дер ­кезінде кетіп қалдым.

– Қазір қайдасыз, көрінбейсіз?

– 1999 жылы отбасыммен елордаға қоныс аудардым. Содан бері осында тұрамын. Біраз жылдан бері «Астана Опера» театрында еңбек етемін. Өлеңді тастаған жоқпын. Ән мәтіндерін жазамын. Композитор Серік Байділдаевпен тығыз байланыстамын. Оның «Жаралы жүрек», «Сезім шыңы», «Өкініш» секілді онға жуық әніне сөз жаздым. Мұны «Ғасыр», «Ұлар» атты топтар орындап жүр. Бірақ айтыс­тан алыстадым дей алмаймын. Ара-тұра шақырғанда барамын. Жұртшылық мені айтыс ақыны ретінде біледі. Сондықтан маған бабамыздың төл өнері ыстық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»