• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тағзым 09 Сәуір, 2025

Абдолла мұрасына оралған күн

80 рет
көрсетілді

Жымпиты селосында ақын Абдолла Жұмағалиевтің 115 жылдығына орайластырылған кешенді іс-шаралардың керуені басталды. Ақын дүниеге келген күні Батыс Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген оқушылар оның өлең­дерін жатқа айтты.

Қасым Аманжоловтың сөзімен айтсақ, «Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек!» деп өшпес ерлік көрсеткен қаһарман жерлесін жымпитылықтар ұмытқан емес. Ақын өскен ауылдағы мектеп Абдолла Жұмағалиевтің есімін иеленген. 2015 жылы Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен ақын шығармаларының толық жинағы бас­па бетін көрді. Дәлірек айтсақ, 1985 жылы Әбу Сәрсенбаев құрастырған жинақ толықтырылып, қайта басылды. Сонымен бірге аудандық «Абдолла оқулары» биыл облыстық деңгейге көтеріліп, Ақжайық өңіріне түгел насихатталды.

– Бүгін Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қаһарман қаламгер Абдолла Жұмағалиевке арналған мәдени іс-шаралар ресми түрде бас­талды. Осы іс-шараның ал­ғаш­қы қар­лығаштары – ақын жырын жаттаған балалар! – деді облыстық Абдолла оқуларын салтанатты ашып берген Сырым ауда­ны әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов. Серік Әнуарұлының айтуынша, абдоллатану бойынша Сырым ауданында жыл бойына бірнеше іс-шара өткізеді.

«Болар менің мұрама оралар күн!» атты оқушылар арасындағы Абдолла оқулары Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде, тарихи жәдігерлер арасында өтті. Мұның өзі байқауға ерекше сипат бергендей. Ақын оқуларына Сырым ауданынан бөлек Теректі, Тасқала, Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек аудандарынан және Орал қаласынан оқу­шылар қатысты. «Іс-шараның облыс­тық деңгейге көтерілуі абдоллатану жұмысының жаңа деңгейге шық­қанын көрсетеді», дейді осы жиынның бастамашыларының бірі, музей директоры Айнагүл Ой­шыбаева.

Сонымен, тартысты өткен сайыс­та бірінші орынды сырымдық өрен, Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кеше­нінің оқушысы Айсана Мұрат жеңіп алды. Оған ақынның 110 жыл­дығы құрметіне 110 мың теңге сыйақы берілді. Екінші орынға қаратөбелік Марат Кенесары, үшінші орынға Мақсат Қазимжан ие болды. Екінші орынның жүлдесі – 80 мың болса, үшінші орын үшін сыйлық – 50 мың теңге. Қалған қатысушылар да құр қалмады. Әр балаға диплом мен қаржылай сыйлық берілді.

Бұл күні көпшілікті қуантқан тағы бір жаңалық – ақын Абдолла Жұмағалиев, журналист Қажым Көшеков және жазушы Жәрдем Тілеков туралы деректер, мақалалар топтастырылған «Сырымнан ұшқан үш қыран» атты жинақтың тұсауы кесілді. Бұл үшеуінің де тағдыры ұқсас. Үшеуі де – Сырым ауданында дүниеге келген, үшеуі де қаламгер, үшеуі де – майдангер. Абдолла мен Қажым сол қырғында ерлікпен қаза тапса, Жәрдем соғыстан аман келіп, қазақ әдебиетіне өлгенше қызмет етті. «Сырым батыр» дас­танын жазды. Жеңіс қарсаңында жарық көрген кітапты «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Шир­мединұлы құрастырып, аудан әкімдігінің қолдауымен басылған.

Айта кетейік, кітаптың бауын кесу құрметі ақынның бауыры Шайдолла Жұмағалиевтің жары Рашида Хасе­новамен бірге осы жолдардың авторына да бұйырды. Абдолла ақынның өзі майданға аттанарда:

 

«Мүмкін кері қайтпаспын, жоғалармын,

Көзім жұмып, құм көрпе оранармын.

Өлмен бірақ, бір кезде сыршыл ұлан

Болар менің мұрама оралар күн»,

деген екен. Шынымен де ақынның сөзі туған жер аспанында саңқылдап қайта естілді.

Бұл күні аудандық мәдениет үйінде Мұқадес Есламғалиев атын­дағы орталықтандырылған кітапха­налар жүйесі «Дарынды ақын, даңқты жауынгер» атты кітап көрмесін ұйым­­­­дастырса, сахнада «Қаһарман қа­­лам­гер» атты әдеби-сазды кеш өтті.

 

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы,

Жымпиты ауылы