• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Туризм 10 Сәуір, 2025

Алматыда туризмнен түскен салық 90,7 млрд теңгені құрады

80 рет
көрсетілді

Қала қонақтары мен тұрғындарының демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында әкімдік ілкімді жобаларды тұрақты іске асырып келеді, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Былтыр қаланың турзим саласына тартылған инвестиция көлемі артып, 110,9 млрд теңгені құрап, салыстырмалы кезеңге қарағанда 2,1 пайызға артқан.  Былтырғы жыл қорытындысына сәйкес туризмнен салық түсімдері 1,9 есеге өсіп, 90,7 млрд теңгеге жетіп отыр.

Жеке инвесторлар тарапынан қонақүй, хостелдерді қосқанда  35 жаңа нысан іске қосылған болса, 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылды. 450 инфрақұрылым нысаны орнатылып, ақпараттық стендтер, белгілер, орындықтар мен көпірлер, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған 13 кемпинг аймағы ашылды.

«Көктөбе» саябағында «Денсаулық жолы»  жаңа жаяу жүргіншілер бағыты ашылып, онда  ашық аспан астында серуендеп, белсенді демалуға арналған маршрут абаттандырылған. Ұзындығы 1,2 шақырым жолдың құрылысы жеке инвестициялар есебінен жасалды. Бағыт бойына заманауи жарықтандыру, бейнебақылау жүйесі, демалысқа жайлы жағдайд жасалды.

Туристер мен қала тұрғындары жиі келетін «Медеу» бөгеті – биік таудағы атаулы спорт кешенінен жоғары орналасқан бірегей гидротехникалық нысан. Абаттандыру аясында «Медеу» мұз айдынын, табиғат көріністерін бақылау үшін арнайы алаң жасалып, бинокльдер қойылған. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында арнай құрылғылар мен бейнекамералар орнатылған.

Жаңа жаяу жүргіншілер үшін «Жұмбақ жолмен» туристер Горельник визит-орталығына бара алады. Оның ұзындығы 285 метрді құрайды. Бұл жолмен күніне 2 мыңнан астам жүргінші өтеді. Инфрақұрылымы толықтай абаттандырылып, демалуға жайлы жағдай жасалған. Жоба экотуризмді дамыта отырып, «Медеу» мен «Шымбұлақ» бағыттарының жүктемесін азайтуға бағытталған.

Биыл қалалық Туризм басқармасы ұзындығы 100 шақырымнан асатын 10 жаңа тау соқпағын абаттандыруды және күн панельдерімен жабдықталған 3 кемпинг аймағын жасауды жоспарлап отыр. Мұнымен қоса екі бірдей ірі мәдени нысанның — «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts көркемөнер мұражайы ашылады.

Былтыр оңтүстік шаһарға 2 340 314 турист келген. Бұл еліміздегі туризм көрсеткішінің 25,6, ал шетелдік туристер арасында — 53 пайызын құрайды.

Қала қонақтары мен тұрғындары үшін жасалып жатқан заманауи жағдайлар еліміздегі туризмінің әрі әлем саяхатшылары үшін де тартымды орталық екенін көрсетеді. Қазіргі кезде қала басшылығы туристерге шаңғы курорттары мен экстрим-турлардан бастап, гастрономиялық фестивальдер мен тарихи экскурсияларға дейін жан-жақты бағдарлама ұсынып отыр. Халықаралық әуе қатынастарының дамуы да Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналдырмақ.

АЛМАТЫ