Түркістан төріндегі «Olympic Center» спорт кешенінде ересектер арасында қазақ күресінен Азия чемпионаты өтуде. Биылғы құрлықтық чемпионатқа Азияның 12 мемлекетінен – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан, Непал, Филиппин, Бангладеш және Қазақстаннан 150-ге жуық балуан бақ сынап жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Азия чемпионатында ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтайды. Байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. «Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухы мен батырлық болмысының айнасы. Бүгін Азияның ең мықты балуандары киелі Түркістанда бас қосып, өз өнерін көрсетуде», – деді Ертай Кенжебекұлы.
Сондай-ақ, Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов пен UWW ұйымының бас төрешісі Эдмар Абдулаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Бұл додада ел намысын қазақ күресінің таңдаулы шеберлері қорғайды. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 16 балуан (8 ер, 8 әйел) сынға түседі.
ТҮРКІСТАН