Марқакөл өңірінің тумасы, ардагер фототілші Қалиғұмар Қабдешевтің 85 жасқа толу мерейтойына орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада жеке көрмесі өтіп, «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты фотоальбомының тұсауы кесілді.
Фототілші мамандығы баспасөзге енді-енді еніп жатқанда тұңғыш қолына фотоаппарат алғандардың бірі Қалиғұмар Қабдешұлы еді. Алғашында Марқакөл аудандық «Шамшырақ» газетінде еңбек еткен. Кейіннен өнердің ортасы Алматыға ат басын бұрған. Ол жақта ақпарат саласында ғана емес, театрда да бағын сынаған. Сонау Серәлі Қожамқұлов сынды театрдың тарландарына дейін суретке түсіріп, тарихта қалдырған. Ардагер фототілшінің мұрағатында Дінмұхамед Қонаев заманынанан бастап, бүгінгі күнге дейінгі елеулі оқиғалар сақталған. Кешегі «Невада-Семей» қозғалысының басы-қасында болып, таспадан тарих жасаған да Қалиғұмар Қабдеш.
Салтанатты іс-шарада ең әуелі ардагердің ізбасар інілері ізгі тілектерін айтып, әннен шашу шашқан. Содан кейін Қазақстан Журналистер академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Валерий Жандәулетов, ақын Ұлықбек Есдәулет, ардагер фототілші Нұрмамбет Қизатов көрменің көк лентасын қиды. Бүгінгі сурет, ертеңі тарих деген сөз дөп айтылған. Көрме соның дәлеліндей еді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын таспаға тартылған фотосуреттер көрмеде тұр. Оны көрермендер қызықтап, кешегі күннен естелік айтысып жатты. Қалиғұмар Қабдешев тіпті әскер қатарында жүріп, небір фотосуреттер түсірген. Ең алғаш оңтүстік полюске барып, фотосурет түсірген қазақ кім десе, Қалиғұмар ақсақал деңіз. Сонау 1965 жылдары Антарктидадан түсірілген сол суреттері де көрменің төрінен табылды.
– Әскер қатарында жүріп, оңтүстік полюске барып, сол жақты фотосуретке түсірген тұңғыш қазақ Қалиғұмар Қабдешев еді. Сол заманнан бастап, бертінге дейінгі фотосуреттері көрмеге қойылып, кітапқа енді. Сонымен қатар Дінмұхамед Қонаевтың іссапарларын да тарихқа таңбалады, – дейді кітаптың құрастырушысы Дәурен Мақсұтханұлы.
Келген қонақтардың кейбіреуі көрмеден өздерін танып, мәз-мейрам болысты. Олар өткеннен естелік айтысып, іс-шараның екінші бөліміндегі дөңгелек үстелде бас қосты. Іс-шара тізгінін ұстаған фототілші, ұстаз Асылхан Әбдірайым мерейтой иесінің өмір жолы туралы азды-көп ақпарат бере келе сөз кезегін ақын Ұлықбек Есдәулетке берген.
– Қалиғұмар Қабдешұлының ауылымен менің ауылымның арасы жүз шақырымдай ғана. Жерлестігіміз өз алдына, бұл кісінің өнерін қатты сыйлаймын. Көрме залына енген бетте өткен күндермен қауыштық. Әр саланың мықтылары бар. Ал фотоөнердің мықтысы, абызы – Қалиғұмар ақсақал, – деді ол.
Іс-шарада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің құттықтау хаты оқылып, Марқакөл әкімдігі атынан ақсақалға шапан жабылды. Ізін басып келе жатқан әріптес бауырлары да қолпаштап, құрмет көрсетті. Еске салсақ, бұған дейін Қалиғұмар Қабдешұлының Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсыновтарға арналған фотоальбомы да жарық көрген.
– Менің өмірімді, өнерімді етене жақсы білетін біреу болса, ол – Қалиғұмар Қабдешұлы. Жүріп өткен жолымды таспалады, альбом етіп қаттады. Енді елге барып, көрме қойсам дейді, сәтімен болса екен, – деп ақ тілегін жолдады әйгілі актер Асанәлі Әшімов.
Иә, ардагер фототілшінің ендігі жоспары – туған жері Марқакөл өңірінде жеке көрмесін өткізу.