Бұрын айтыс екі-үш жылда бір өтетін Қызылжарда соңғы бір ай шамасында екі бірдей республикалық деңгейдегі айтыс өтті. Мұның басты себебі, айтыстың жаңа форматпен – командалық айтыс түрінде өтуі. Наурыз мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының командалары өзара күш сынасып, қызылжарлықтар сәл басымдықпен жеңіске жеткен еді. Енді өздері сияқты екінші турға өткен Астана қаласының командасымен жексенбі күні кезекті додаға шықты.
Бұл жолы қызылжарлықтар ширап, өткен жолғыға қарағанда жинақылықтары жоғарырақ болды. Айтыстың тақырыбы Президент Қ.Тоқаевтың қарапайым еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі керек деген бастамасын басшылыққа алынып, «Еңбек адамы – ел мақтанышы» деп аталды.
Айтысты Парламент Мәжілісінің депутаты, осы жобаның авторы, белгілі айтыскер Аманжол Әлтай жүргізді. Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман, мүшелері қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай, академик, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы, күйші, К.Байсейітова атындағы Ұлттық өнер институтының профессоры Жанғали Жүзбай, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіпов, әнші Дәуренбек Әркенов болды. Қызылжар командасын капитан ретінде ақын, дирижер Қайырлы Ғафуров, астаналықтарды белгілі айтыскер ақын, филолог ғалым Серікзат Дүйсенғазы бастап шықты.
Ұрпақ сабақтастығын сақтау мақсатымен команда мүшелерін жас ақындар – солтүстікқазақстандықтарды 2024 жылы «Толқыннан толқын туады» атты аймақтық оқушылар айтысының бас жүлдегері Сұлтан Жарқынұлы, астаналықтарды «Бала шабыты» күй байқауының 1-орын иегері Дінмұхаммед Боранбай таныстырды. Кілең «бұлбұлдар мен дүлдүлдерді» әкелген астаналықтар шу дегеннен еркінсіп, өздерінің жеңетініне сенімді көрінді, осының өзі қызылжарлықтарды шымыр етіп, жұдырықтай жұмылып, лайықты қарсылық көрсетуге шақырды.
Сүре айтыста Қызылжар командасының атынан Қабдолла Бейісқан мен астаналық Еркебұлан Қайназар шықты. Екеуінің де өнері деңгейлес болды, жалғыз-ақ тәжірибесі мол Еркебұлан Қызылжар көрермендерін өз жағына тартуға тырысып, көп мақтады. Қарсыласына «арқаңды қоздырайын, жүйкеңді тоздырайын» деген сияқты тіркестер айтып, жас Қабдолланы қызбалыққа ұрындырмақ та болды. Бірақ Қабдолланың өнері бұл жолы жарқын болып, екеуі тең түсті. Түре айтысқа шыққан қызылжарлық Жұмабек Рахимов пен астаналық Иран-Ғайып Күзембаевтың өнерлері де үстем болды. Жұрттың пікіріне қарағанда Иран-Ғайып жеңуге тиісті еді, бірақ Жұмабекке туған жерінің топырағы қуат бергендей қарсыласының еркін шарықтауына жол бермей, үнемі қанатын қайырып отырды. Бұл екеуінің айтысын да білікті алқа тең деп шешті. «Қыз бен жігіт айтысына» қызылжарлық Берденбек Мырзат пен Атырауда туған астаналық қыз Фариза Жетпісбай шықты. Шу дегенде айтысқа зор құлшыныспен кіріскен Берденбектің арынын ақылды қыз ақырындап баса берді. «Мен саған ғашық болып қалдым, сүйіп қалдым өзіңді» деп өзеуреген ақынды «арудың ауылына бармай жүріп, ауылына келгенде ғана қырындаған жігіттен не үміт» деген сияқты ұтқыр әзілмен түйреп түсірді. Ол ол ма, өздерін Қызылжардың шекарасында қарсы алған ақсақалдар гүл сыйлағанын айтып, «жігіттің жасығынан кәрінің асылы артық» деген рас екен ғой, сен болсаң бір тал гүл ала шығуға да жарамадың деп қатырды. Абдырап қалған Берденбекті командаластарының бірі құтқармақ болып гүл әкеліп беріп, қызға сыйлатқанда өз әріптесінің жеңілгенін мойындатқандай болды. Ақыры Фариза қыз жеңіп, астаналық ақындар командасын алға шығарды.
Қызылжар командасының бас ақыны Жарқын Жұпархан қайым айтысқа құлшынған шабытпен шығып, қарсыласын бас салып, еркін самғауына жол бермей, тірсектен қақты да отырды. Нартай Тілеуқұл да күшті ақын, ол қанша бұлтақтағанымен Жарқынның тегеурініне төтеп бере алмады. Сөйтіп, Жарқын Жұпархан есепті қайта теңестіріп, қарсыласын жеңіп кетті.
Жаңа форматтағы айтыстың ерекшелігі сонда, мұнда екі жақтың жыршылары, күйшілері, әншілері, термешілері де бір-бірден шығып, өнер көрсетеді. Бұл сайыстарда екі жақтың өкілдері де тең түсіп отырды. Алайда күйшілер сайысында солтүстікқазақстандық Асхат Ғалеевтің өнері басымдау болып еді, бірақ қазылар астаналық Бақытжан Дүйсенғазиевтің ұстаздығын ескеріп, екеуінің ұпайларын тең қылды...
Екі жақтың ұпайлары тең болғанда командалардың біріне жеңіс беру қиын. Сондықтан айтысты жүргізуші Аманжол Әлтай төрдегі төрешілерді оңаша ақылдасуға шақырды. Қазылар бұл жолы «Құлмамбеттің айтысы» деген кім сөз тапса, сол айта жөнелетін әдісті қолданып, екі жақты тағы қағыстырды. Бұл айтыста астаналықтар сәл ғана басымдық көрсетіп, жеңімпаз ретінде келесі турға өтті. Әрине, жергілікті халық саны 30 пайыз Қызылжар мен 80 пайыз Астананың табиғи, мәдени мүмкіндігі екі түрлі десек те, алып елордаға төтеп беріп, соңына дейін шыдас берген Мағжан елі өнерпаздарын алқалау да орынды. Сөйтіп, айтыс додасы бұл жолы керемет тартыспен аяқталып, көрерменнің көңілін көкке көтерді. Додаға қатысқандардың бәрі де бағалы сыйлықтар алды.
ПЕТРОПАВЛ