Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі түрде күресу қажеттігіне тоқтала келе, мұндай құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, оның алдын алу үшін жұмыс жүргізу керек екенін айтқан еді. Десе де, қоғамның әр саласына тамыр жайып үлгерген бұл індетті толық ауыздықтау әзірге оңай болмай тұр. Соның ішінде білім саласына да дендеп еніп кеткені көңілге кірбің ұялатады.
Білім саласындағы заңсыздықтар
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген мәліметтерге назар аударсақ, қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушыға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Оған мемлекеттік аттестаттаудан өтуге жәрдемдескені үшін білім мекемелерінің басшыларынан бірнеше рет пара алды деген айып тағылып отыр.
Сондай-ақ өзіне негізсіз артық жалақы аудару арқылы 4,9 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген Ақтөбе қаласы білім бөлімінің бас маманына қатысты да қылмыстық іс қаралып жатыр.
Ал Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қызылорда қаласы білім бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Оған тағылып отырған айып – өзінің туысын ведомстволық бағынысты ұйымның педагогі ретінде жұмысқа орналастырғаны үшін қала тұрғынынан 1 млн теңге сомасында пара алған.
Алматы облысында Еңбекшіқазақ аудандық соты Балқаш ауданы білім бөлімінің басшысы Д.Ақмолдаева мен осы бөлімнің 8 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Олар 129,6 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын өздеріне артық жалақы аудару арқылы жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған. Д.Ақмолдаева мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетіліп, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте 3 жылдан 10 жылға дейін қызмет атқаруға тыйым салынып, 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазалары тағайындалды.
Тағы бір мысал. Талдықорған қалалық соты «Талдықорған қаласының №12 орта мектебі» КММ бас бухгалтері Г.Салпиноваға және осы мектептің бухгалтері Н.Юсуповқа қатысты үкім шығарды. Олар 24,5 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын өздеріне белгіленген нормадан жоғары жалақы аудару арқылы жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Екеуіне сәйкесінше 8 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқару құқынан айырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, білім саласындағы бюджет қаражатын жымқыру оқиғаларын азайту мақсатында барлық өңірде бухгалтерлік бағдарламаларға бірыңғай техникалық талаптар енгізілген. Олар жоғары жалақы аудару мен «өлі жандарды» есептей отырып, алаяқтықты уақтылы тоқтатуға, жалған деректердің енгізілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Бұған қоса «Бұлтты бухгалтерия» жобасы іске асырылып жатыр. Ол бухгалтерлік есептің барлық жүйесін орталықтандыруды және мемлекеттік органдардың, оның ішінде қазынашылық дерекқорларымен интеграциялауды көздейді. Қазір әкімдіктер ай сайын білім ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылық есептерімен автоматты түрде салыстырып отырады. Кез келген сәйкессіздік екі рет тексеріледі.
Сонымен қатар Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аумақтық департаменттері осы жылдың тамыз айынан бастап жалақыны негізсіз аудару фактілерін болдырмас үшін төлемдерді камералдық бақылауды жүзеге асырмақ. Барлық күдікті операция Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, білім басқармасына және аударым жасаған ұйымның өзіне талдау жасау үшін түседі. Мұғалімдерге төленетін барлық төлем, оның ішінде жалақы, іссапар, сыйлықақы және демалыс ақысы ЖСН және ТАӘ бойынша ресми деректерге сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі.
Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер ЖСН бойынша түскен төлемдерді банк шотының деректерімен салыстырады. Бұл үшінші тұлғаның банктік шоты қазіргі жұмысшының атымен көрсетілген кезде жалған мәліметтер бойынша қаражат аудару мүмкіндігін толығымен жояды. Аталған жаңашылдықтар білім ұйымдарына ғана емес, қазынашылық жүйесі арқылы төлемдерді жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік мекемелерге қолданылатынын атап өткен жөн.
Қылмысын жасырудың қитұрқы жолы
Елімізде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу мен салдарын жоюға бағытталған жұмыстар барлық бағытта қарқынды жүріп жатыр. Соның тағы бірі – ел ішінде де, сырт мемлекеттерде де қылмыстық жолмен келген қаражатты іздеу, яғни заңсыз активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары. 2022 жылдан бері 1,12 трлн теңгеден аса заңсыз актив мемлекетке қайтарылған.
Осы бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен, сондай-ақ халықаралық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Заңсыз активтерді табу мен қайтару үшін «GlobE», «CARIN», «ARIN» және басқа да бейресми байланыс арналары пайдаланылып келеді.
Мысалы, Жетісу облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім саласындағы бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іске қатысты күдіктінің үйінде тінту жүргізу барысында шетелдік банктің реквизиттері көрсетілген қаржылық құжаттарды тапқан еді. Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұрланған қаражаттың бір бөлігі аталған шетелдік банктегі шоттарға аударылғаны туралы ақпарат алынды.
Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің байланыс офицері «GlobE» халықаралық желісі арқылы шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, күдікті мен оның туысына тиесілі шоттар мен қаржылық операциялардың бар екенін растады. Сондай-ақ қаражатты алған шетелдік тұлғаға қатысты деректерге қол жеткізді. Заңсыз аударылған қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Агенттік ұсынған мәліметтерге қарағанда, қаржылық тергеу жүргізу кезінде күдіктілердің туыстарына, сенімді адамдарға және номиналды меншік иелері ретінде пайдаланылатын басқа да тұлғаларға рәсімделген активтер тексеріледі. Әдетте олар өздерінің табысы активтердің құнынан әлдеқайда аз болғандықтан, мүлікті сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін дәлелдей алмайды.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікті қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған автокөлік пен екі пәтерді жұмыссыз туысының атына рәсімдеген. Шымкентте мемлекеттік қызметкер ұрланған ақшаға зайыбына электрмобиль сатып әперген. Ал Жетісу облысында жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жалпы сомасы 2,8 млрд теңге болатын мүлік, соның ішінде ақшалай қаражат, алты автокөлік пен бір пәтер анықталып, мемлекет меншігіне тәркіленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы мен жемқорлардан тәркіленген барлық қаржы әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталып жатыр. Атап айтқанда, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы қайтарылған 153,3 млрд теңге 89 мектептің құрылысына жұмсалған. Оның ішінде 2024 жылы 25 жаңа мектеп салынды, оның басым бөлігі Астана қаласында, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім ұйымы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Биыл 22 мың оқушыға арналған тағы 28 мектептің құрылысы басталмақ.
Ақпарат беріп, ақшалы бол
Өзекке түскен құрт секілді мемлекетке шашетектен шығын келтіретін сыбайлас жемқорлық індетімен күресу – мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, ол әрбір азаматтың ел алдындағы парызы. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық фактісі туралы сенімді ақпарат берген адамдарға сыйақы төленетіні туралы хабарлайды. Осы мақсатта Call-орталық (1424 нөмірі бойынша) тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Оған кез келген азамат хабарласып, өзі куә болған жемқорлық жайты туралы ақпарат бере алады. Егер қылмыс дәлелденсе, хабар берген адамға тәркіленген қаражаттың 10%-ына дейінгі бөлігі сыйақы түрінде беріледі. Бірақ сыйақы көлемі 4 мың АЕК-тен аспайды. Яғни сіз сыбайлас жемқорлық туралы сенімді ақпарат берсеңіз, 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы алуыңыз мүмкін.
Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 104 азаматқа жалпы сомасы 35,5 млн теңге сыйақы берген. Мысалы, Шымкент қаласында Т. және Б. есімді азаматтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесуге көмектескені үшін Б. есімді азаматқа тәркіленген соманың 10%-ы, яғни 6 млн теңге сыйақы төленді.
Айта кетсек, жемқорлық фактілерін жоғарыда аталған Call-орталық нөміріне немесе 8 777 0001424 WhatsApp мессенджеріне хабарлауға болады. Ақпарат берушінің құпиялылығына толық кепілдік беріледі.