Ел тәуелсіздігін алғалы жастарды жұмыспен қамтуды үйлестіру үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы мақсатта іске қосылған «Joltap» жобасы астаналықтардың жаңа салаларды меңгеруіне және табысын арттыруға көмектесіп жүр. Бүгінде ілкімді бастаманың игілігін көргендер 9 мыңнан асты.
Жоба аясында еңбекке араласқандардың қатарында Гүлшара Тұрқайдарова да бар. Ол қысқа уақыт ішінде тігіншілік пен дизайнерлік курсын сәтті аяқтап, сертификат алды. Ізінше елордадағы фабрикалардың біріне жұмысқа орналасты.
– Бала кезден тігін тігуді жақсы көремін. «Joltap» жобасын естіген кезде, бірден бағымды сынап көргім келді. Астанадағы модульдік пунктке барып, курсқа жазылдым. Көп ұзамай оқуым да басталды. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұстаздарымыз – Фарида Арыстанқызы мен Анар Төлегенқызына ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, демеп, қолдау көрсетті, – дейді Г.Тұрқайдарова.
Бағдарламаның тағы бір түлегі – Айнаш Тілеуханова. Ол бірнеше курсты аяқтап, бүгінде игерген дағдыларын қонақтарға арналған жиһазды жалға беру бизнесін дамыту үшін қолданып жатыр.
– Үйде, мейрамханаларда болатын отбасылық той және басқа да мерекелік іс-шараларға жиһаз, ыдыс-аяқтарды жалға беремін. Joltap жобасы көмегімен мобилография, SMM, видеомонтаж, графикалық дизайн және Kaspi арқылы сауда жасаудың негіздерін тегін оқыдым. Қазір кәсібімнің парақшасын өзім жүргіземін, неше түрлі контент жасаймын. Нәтижесінде табысымды еселедім, – дейді жоба қатысушысы.
Жалпы әлеуметтік жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің бастамасы іске асырылып жатыр. Бұған жұмыссыз азаматтар, тәжірибесі мен білім-білігі жоқ NEET санатындағы жастар, ауыл-аймақтан жаңадан көшіп келген азаматтар және табысын арттыруға мүдделі жандар қатыса алады. Оларға мұнда мемлекеттік қолдау шаралары жөнінен кеңес беріледі және 17 жұмысшы және цифрлық мамандық бойынша қысқа мерзімді оқудан өтуге мүмкіндік бар.