• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Таным 18 Сәуір, 2025

Александр БАЛТИН, ақын, публицист (Ресей): Әбіш Кекілбаевтың ғарышы

0 рет
көрсетілді

Көрнекті ғалым, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Сауыт­бек Абдрахмановтың мәдениеттанушылық еңбектері ха­лықаралық ауқымда танылған. Ав­тордың Абай аудармашылығы туралы зерттеулері Мәскеуден шыққан ұжымдық жинақтарда жарияланған, жекелеген мақалалары орыс, ағыл­шын, француз, араб, түрік, өзбек, тәжік тілдеріндегі газеттерде шыққан. «Литературная газетада» басылған «Чи­тал я сладостный Коран» атты ма­қаласы жөнінде біз кезінде ілтипатты мақала да арнағанбыз. Өткен жылы С.Абдрахмановтың халқымыздың ерен ойшылы, классик жазушысы Әбіш Кекілбаевтің мәдениеттанушылығы туралы жазылған «Абыз Әбіш» кітабы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан «Корифей» деген атпен жарық көрді. Біз бүгін белгілі ақын, пуб­лицист Александр Балтиннің сол кітап жөнінде жақында «Литературная газетада» басылған рецензиясын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Атырабын толайым түркі тайпалары мекендеген, солардың фольклорының негізінде алғашқы жазба толқындар қалыпталған ХVІ ғасырдан бастау алатын Қазақстан әдебиеті мифо­­логиялық болмыс-елестің ғажап сүгіреттерін жайып салатын түркі тіл­де­ріндегі ежелгі эпостардан бастап – абыз Абайға, асылтек Шоқан Уәли­ха­новқа, айбынды һәм айдынды Олжас Сүлейменовке дейін әлемге көп-көп сәруар күншуақ сыйлады.

Қазақстанның сөз өнерінің ғарыштық саңлақтары тобында Әбіш Кекілбаев шоқжұлдызы ерекше жарқырап, тұл­ғаланып, тұғырланып көрінеді: одан тараған сәулелер халықаралық ық­­пал қуатына ие; классиктің көптеген шығармасы басқа тілдерге аударылып, оқыр­мандардың ақыл-ойы мен жан-жүректерін баурап алып жатыр... Кекілбаев қайнары сарқылмайды: ол құдды кез келген ұлттық нұсқадағы сияқты, Сөзде айшықталған, Сөзбен кес­кінделген қазақ халқының әмбебап шығармашылық жұмбағын шешіп анықтаған, әмсе туған жердің кестелі өрнектеріне өлердей ғашық қара сөздің ойшылы және мәйекті тілдің ақыны.

Кекілбаев-философ адамның шығу тегі туралы, тілдің төтенше қызметі жайында толғанды – өйткені біз туғаннан кейін тәни құрылысқа ғана емес, тілдік құбылысқа да – ұлттың қалыптасу тыл­­сымына және халықтың қарекеті мен дамуын айқындаған тілдік жүйені тану құралы ретіндегі әдебиеттанудың маңызына шым бата бойлаймыз... Ол осы орайда әдеби-тарихи, филологиялық һәм философиялық ой ормандарын місе тұтпай, өзіндік жан-жақты көл-көсір тума дарынымен қоғамдық және саяси өмірге алапат қуатпен екпіндей кірді.

Басшылық өнерінің өлшемін де Кекілбаев сөз құпияларынан, олардың ұштасуынан, қажу білмес қауқарлы тетіктерінен әсте кем танып білмеді.

Сонымен, біздің алдымызда – мәдениеттің жарық шұғыласы Ә.Кекіл­баевқа арналған толымды трактат; тағдыр-талайы мен шығармашылығы туып-өскен ұлттық топырағымен де, Ресей­мен де тығыз байланыса өрілген Сауытбек Абдрахманов көңілге қонымды машық-мәнермен бипаздап орындап шыққан трактат. «Құран және Пушкин» – оның елеулі еңбектерінің бірі осылай аталады: Құранның арсыдағы сеңгірі мен Пушкиннің ақындық төкпесі бірқатар үйлесімдер, ішкі от, Шығысқа арналған Пушкин шығармалары арқылы нәзік жымдасып байланысады.

Абдрахманов пушкинистика саласында көп шаруа тындырды, классиктің өмірін тірнектеп әрі соншалықты аялап ізерлей жүріп, басқа зерттеушілердің назарынан тыс қалған реңктерді және тұтас тақырыптарды тауып отырды, бұл ретте ол, әлбетте, қандай нұр шаш­қан шұғылалы болса да, бір есіммен шек­теліп қалмады; ол Абай хақында, поэтикалық аударма хақында, әртүрлі авторлар туындыларында көрініс тапқан мемлекеттілік межелері жайында жазды.

Ал енді мінеки – қазақ сөзінің классигі Ә.Кекілбаевқа арналған кетпектей керемет том, ақыл-ойдың мәуелі бақшасы алдымызға тартылып отыр.

Әрине, абыздың шығармашылығы барынша жан-жақты, алуан сипатта зерделенуге тиіс. Мұнда бір ғана қырын таңдап, сонымен шектелу өте қиын.

Абдрахманов бәрін байыппен баян­дайды – Кекілбаевтың көптеген шығар­масында жарқын парасат күйін­дей төгілген үйлесімділікке жете­лейтін, жүйкеге тиер қайырымдарды қайтарып тастайтын, алқындырмай алға бастайтын сөз тізбегі байсал ағады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл томды «Кемеңгерлік көк­жиегі» деп атаған алғы сөзімен ашып, алқағанын атап өткен ләзім.

Адамдық қайнарлардағы, әлде сөздегі, тарихтағы тереңдікке бойлауға қабілетті ақыл-парасат; жан дүниеңді артық құмарлық билеп алмас үшін, оны сызып тастап, мейірім мен ақсүйек бекзаттық шарпымас үшін қажетті момындық; әмсе, тіптен ... зияткерлік материалды қайткенде де ұсынуға қа­жетті өзгеше шеберлік – міне, кең байтақ кекілбаевтық көкжиектер осылар. Осының бәрі ұштасып, жинақтала келе, Кекілбаевқа соншалықты тән даналық ұғымын айшықтайды.

Абдрахманов кітабының тарауларға бөлінуі де көңілге қонымды. Солардың біріншісі – «Неисчерпаемый» өз тағдыр жолының Кекілбаев тағдырымен қиылысуы жайында байыпты баяндай келе, сонау 1974 жылы Мемлекеттік кинокомитетке жұмысқа орналасуынан басталған арақатынастарын сабақтастыра жіптіктеп, автордың шығармашылық әлемінен де хабар береді.

Абдрахманов Кекілбаевтың ақындық талантын да аз-кем сипай қамшылап өтеді, осы «сипай қамшылаудың» өзі оқырман жүрегінен ыстық ықылас оттарын ұшқындатарына кәміл сенімдімін. Себебі орысша жолма-жол аудармасы келтірілген шумақтар өңдеуді еш қажет етпейді, нәрлі, көркем, мәйекті шығарма. (Біз бұл арада түпнұсқаны ұсынайық – аудармашы)

«Қуантты бізді сол күні

Сәбидің тұңғыш ащы үні.

Жылатты бізді сол күні

Почташының қапшығы.

Көңілді көктем құшып қап,

Ажыратты қыс қайта.

Түске дейін құттықтап,

Бата оқыды ел түс қайта».

Сезім күйлері, өмір өрнектері күміс сәулелерін шашып, жарқыраған жарығы шумақтарды шуақтандыра түседі.

Тараулардың өзектей өткір атау­ларының бірі – «Мәдениет мәйегі»... Ешқандай тоқмейілсу райы жоқ: қоғамның қатпарланып жіктелуі де, әке мен бала арасындағы дау-шарлар да, халық топырағын нәрлендіретін мә­дениет өзендерінің, өкінішке қарай, құрғап тартылуы да – соның бәрі бұ­лыңғыр-бұлдыр шындық әлеміне сәйкес қарастырылады.

Содан да – Кекілбаев бейнесіне жү­гінгенде кез келген насырға шабар қуыс кеуде, бос берекесіздікке оның сомдағай дүниетанымы қисынды түрде қарсы қойылады: «Қаламгердің жазғандарында мәдениет ешқашан тар аяда қарастырылмайды». «Биік талғамсыз биік парасат жоқ. Ал биік парасат – үлкен жауапкершілік. Бүгінгі үлкен өзгерістер онсыз жүзеге аса алмайды. Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді. Тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның азаттығы емес, нәпсінің азаттығы керек».

Кекілбаев сөзінің кемелдігін айқын­даған даналық осылай дейді.

Адам түп-тегінің дүниеге нәсілдік-ұлттық тұрғыдан сіңісуін зерделеген пайымның қуаты аса зор: «Нәсілдер арғы тегі бір адамдардың ғасырлар бойы белгілі бір тарихи-географиялық аяда табан аудармай өмір сүруі арқасында қа­лып­тасқан морфологиялық және физио­логиялық түзілімдер негізінде пайда болған».

Абдрахманов классиктің тағдыр-талайына мейлінше ілтипатты; оның ұлағат­тылығы туралы курстасы Мұхтар Мағауиннің пікірлерінен бастап Қасым-Жомарт Тоқаевтың толымды бағаларына дейінгі көптеген әртүрлі айғақтарды келтіреді; жарқын бояулар басым шық­қан алуан пікірлердің тоғысы құдды осынау бірегей тұлғаның айналасында әлдебір шуақты өріс тудырғандай.

Кітаптың жеке тарауында арнайы тоқталып, жан-жақты қамтылғандай, ана тілінің жанашыры болған Ә. Кекілбаев тіл ұлттың басты даралық ерекшелігі екенін түсініп, тілдің, әйткенмен, адамзатқа беймәлімдеу шығу тегіне ерекше көңіл бөлді.

Соған қарамастан...

Өзінің ой-толғаныстарын інжілдік, көне өсиет замандарынан тартып, дүниеде болған тілдердің санын талдай келе, Кекілбаев «бұрынғы үстем тіл­дер экспансиясының әлі күнге бөркі дағарадай екенін, мұндай жағдайда қал­ған тілдердің бірте-бірте қолданыстан шығып кету қаупі өте-мөте зор екенін» айтады.

Иә, бұл арада ой діңін толтыратын шырыны мол, бейнелер әуені әуелеген тіл бақшасының гүлденуі қажет. Өйткені барлық мүмкін болған мән-мағыналар симфониясын түзілдірген адамзаттың тамыр-тегі тілден де бастау алады.

Жазушының өзінің шығармалары да – «Аңыздың ақыры» романы да, «Күй», «Құс қанаты», «Ханша дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке» хикаяттары да осын­дай болды. Ол адамдағы жақсы атау­лының бастауындай тұныққа бағдар ұстап, адам жанының шыңырауларына үңілді. Айталық, қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы толағай тұлғасы туралы «Абы­лай хан» тарихи-көсемсөздік драмасын дүниеге келтіріп, тарих тұң­ғиығына бойлады... Даланың ұлы баһа­дүрлерінің ізгілікті іздерін тарих шаң­дағы жасыра алмайды.

Кекілбаев алған «Тарих тағылымы» туралы, бойға сіңіріп, пайымдалған һәм алапат қаламгерлік шеберлікпен прозалық шығармалардың қатарына кіргізілген тағылымдар туралы арнайы тарау баяндайды.

Ол мықты тарихшы болар еді, бірақ тарихи пайым-толғаныстарын тілдің көркем шұрайын пайдалана отырып жеткізуді мұрат тұтты. Себебі көркемдік мұратты әрқашан бәрінен де жоғары қойды.

Абдрахманов кітабының соңғы тарауы – «Өлке өрнегі» әдемі өрілген. Туған өлке! – әрбір аяулы жүректе қасиетті дәм-тұз­дай, әзиз анадай аяланатын жылы сөз­дер.

Кекілбаев тіпті әжептәуір қаржылық мүмкіндіктері бар адамдардың, кей-кейде, тамыр-тектері де, аспаны да игілік­ті өнеге өрнектеп, тылсымды түрде ұшта­сатын туған жерді зерттеп зерделеуге құлықсыздығына налиды.

Жазушының жан-жүрегіндегі асылдары туралы ой-толғаныстары сопылардың дүниетанымы сияқты кең байтақ. Осынау даналардың есім-сойларын өз жадының құпия қабаттарында жаңғырта білген ол солар жайлы да толғанады. Бұл арада тарих нақты ақиқатпен, қазіргі заманмен ұштасады. Әрине, мұның бәрі шартты ұғымдар – уақыт жылдамдығы бар­шамызға белгілі. Бірақ әдебиет, әсі­ресе, оймен нәрленген һәм таңдаулы сөздермен сараланған әдебиет аса маңыз­дыны асқақтатудың ең жақсы амалы...

Сонымен, «Корифей» томы қо­лымызда. Сауытбек Абдрахмановтың Әбіш Кекілбаев хақындағы толғамды трактаты; өмір бойы жалғасқан адами ер­ліктің мән-мағынасына толы кітап; тарихи тұлғаны ұлықтауға және біздің ортақ мәдениетімізге қызмет етуші кітап.

 

Аударған

Қорғанбек АМАНЖОЛ