• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2025

Термешілерге неге көңіл бөлінбей жүр?

0 рет
көрсетілді

Сөздің небір асыл маржаны қазақтың жыр-термелерінде. Теңіздің түбіндегі інжу тастардай бағалы теңеулерді де қасиетті өнердің осы түрінен табамыз. Ал жыршылар туралы айтарымыз аз емес. Жыршылық дәстүр Сыр бойында және батыс облыстарда терең мазмұнда сақталғаны баршаға белгілі. Ал біздің Әулиеата өңірінде қазіргі таңда жыр мен термені дамытуға көңіл бөлу, жыршы мен термешіні бағалау жоғары деңгейде деп айту қиын.

Әулиеатаның өнері өрге жүзіп жатса, баршамыз үшін же­тістік. Сондықтан бұл тақы­рып­тың қозғалуы әлдекім­нің шамына тию емес, өнердің өрістеуіне оң ниет деп түсінген дұрыс. Әулие­а­тада ерте­де өңірдің жыршы-терме­ші­лері болды. Сол үрдіс жалғасып, Жамбыл Жабаев­тың кезеңіне жетті. Жамбыл ата­ның қаншама дастанды ұзақ түндер бойы жыр­лағаны әмбеге аян. Жәкеңнің шә­кірті Кенен Әзірбаев та жыршылық, тер­мешілік дәстүрді ілгерілеткен өнер иесі.

Термені неге есімізге алып отырмыз? Себебі қазақтың барлық тәр­бие­сі мен тәлімі, өсиеті, өнегесі осы тер­ме­нің сөздерінде жатыр. Қазір бар­ған жерін сыйламайтын келін көбейді. Ата-анасының абыройын түсірген, бұза­қылыққа бой алдырған жігіттер саны адам шошытады. Соның салдарынан қылмыс жасау, ажырасу, аға­йынның араздығы өршіп барады. Мұның баршасы термені тыңдай қал­са, түгел шешімін тауып кетеді деп те айту қиын. Бірақ «Баланы жастан» де­ген­дей, бөбектерді бесігінде жатқан ке­зінен жыр-термемен сусындатсақ, мек­теп жасынан терменің тәлімін, сөз­дің қасиетін ұғынуға тәрбиелесек, келең­сіздік азаяр ма еді деген тілек біздікі.

Жалпы, термешілік, жыршылық туралы айтқан кезде біздің өңірде де ойымызға оралатын есімдер бар. Әуелі ұзақ жыл жыршылық, термешілік бағытта еңбек сіңірген Аяз Бетбаев ағамыз есімізге түседі. Есімі айтыспен танылса да, Айтмұханбет Исақов та осы жанрдың жандануына біраз тер төкті. Меркілік Бейбіт Шошабаевты, байзақтық Ертай Тазабековті, Болат Басықараевты атап өтуге болады.

Ал байзақтық термеші Ертай Тазабеков: «Барлық өсиет пен тағы­лым терменің сөздерінде жатыр. Сол құндылық жастар мен жасөспірімдер тәрбиесіне өте керек. Біз осы жағынан ақсап тұрмыз. Неге термешілер көп шықпайды деп кінә тағу да дұрыс емес. Соңғы уақытта бұл бағытқа кө­ңіл бөлінбей кетті. Айтыс өнері облыс­та өте жақсы дамыды. Үлкендерін айтпағанда, оқушы ақындардың жетіс­тіктері де қомақты. Сол секілді терме өнерін де мектептен дамыту керек. Оқушылар арасында аудандық, облыстық терме байқаулары жиі өтіп, жеңімпаздарды ынталандыру қажет. Қазір айтыскерлерді ынталандыру жақсы. Сондай деңгейде термешілерге де назар бұруымыз керек. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, жас ұрпақты тәрбиелесек, жақсы термешілер көптің арасынан шығарына сенімім мол», дейді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Бақыт Шағырбаевты, Меркі ауданының құрметті азаматы Бейбіт Шошабаевты да сөзге тарттық. Олар да терме өнерінің жағдайына алаң­дау­шылықтарын білдірді. Мәселен, Бақыт Шағырбаев: «Мен көптеген ауылға тегін концерт беремін. Термелерді тегін орындаймын. Ол да терме өнерін дамытуға бастайтын қадам. Маған көп­теген көрермен термені дамытудың түрлі жолдарын айтады» десе, Бейбіт Шошабаев: «Кезінде терме-жыр бай­қаулары көп өтті. Соның арқасында жыр­шы-термеші болып қалыптастым. Ұстазым Аяз Бетбаевтан үйренгенім көп. Өңіріміздің мәдениетін ұзақ жыл басқарған Әлібек Әмзеев: «Бейбіт, сенің айтысатын өнеріңді де білемін. Бірақ сен терме мен жыршылықтың соңына түсші. Бізде осы жағы ақсап тұр» дегені бар. Сол олқылықтың орны әлі толмай келеді», деді.

Ұзақ жыл мектеп директоры, ауыл­дық округ әкімі болған байзақтық тұр­ғын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Назым Қуанышбаева: «Тектілік пен ұлағаттың баршасы термеде жатыр. Термені 9–11 сыныптарға қосымша сабақ ретінде жаппай оқыту керек. Қазір мектептерге үйірме сағаттары бөлініп жатыр. Мүмкіндік бар. Солардың үздіктері аудандық, об­лыстық байқауларға қаты­суға тиіс. Сонда бұл жұмыс оңға басады. Ең ал­дымен, мектеп директорының жана­шырлығы керек. Мен зейнетте болсам да, Қызылжұлдыз ауылындағы өнер мектебінде терме сыныбының ашылуына ықпал етіп жатырмын», деді.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен биыл ғана ашылған облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері орталығы» мекемесінің директоры Ахметжан Өзбековке де хабарластық.

– Өңірде айтыс өнері жақсы дамыған. Біздің екінші қанатымыз – термешілік пен жыршылық. Міне, осы салаға терең көңіл бөлінбей жатқанын түсінген облыс басшылығы арнайы орталық ашып отыр. Мұның өзі – терме мен жыршылық өнерге көңіл бөлінгендігі. Әзірге мұндай орталық біздің облыстан басқа өңірлерде жоқ. Қазір осы өнерді дамыту бағытында жұмысты жоспарлап, қолға алып жатырмыз. Осыдан екі жыл бұрын «Хабар» агенттігі өткізген «Жеті қазына» байқауында біздің облыс өнерпаздары бас жүлде алды. Ол байқауда терме аталымы да болды. Демек негіз бар, жұмыс бар.

Ауыл-ауылдан талантты жыр­шы-термешілерді іздестіріп жатырмыз. Жақында ғана Жамбыл ауданынан Сәрсен Әбілқайыр деген термеші жігітті таптық. Термешілер қатары толы­ғып келеді. Жыршылыққа да көңіл бөлеміз. Орталық жанынан жыр­шы-термешілер үйімесін ашу қолға алы­нып жатыр. Биылға жасап отыр­ған жоспарымыз өте ауқымды. Сон­дықтан өңірдің термешілері мен жыр­шы­ларының да болашағы жарқын. Әрине, Сыр өңірі немесе батыс өңірімен салыс­тыруға келмейді. Дегенмен жүлде қорын жақсылап тағайындап, жыршы-тер­мешілер байқауын өткізуді жиілету қа­жет. Жақсы термешілерге пәтер беру, қол­дау жағы жетіспейді. Ал­дағы уақытта мәдениет және тілдерді дамы­ту басқармасының қолдауымен осындай игі істерді жүзеге асыра береміз, – деді.

Біз де атқарылып жатқан жұмыс­тарды көрмей отырған жоқпыз. Ар­найы орталық ашылған кезде барша жам­былдықтар қуанды. Ұзақ жыл­дардан бері кенжелеп қалған өнер­ді өрге бастыруға қадамдар жасалып жат­қаны қандай жақсы. Біз осы өнер­ді дамытуға қандай жұмыстар атқа­рылуы керектігін сараладық. Себебі терме­шілік, жыршылық өнердің алға басуы – баршамызға ортақ жетістік.

 

Есет ДОСАЛЫ,

журналист

 

Жамбыл облысы