• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2025

Түбіртек талап етудің астарында не бар?

0 рет
көрсетілді

Қазір тауар сатып алсақ, көбіне түбіртек талап етпейміз. Ұсынып жатса да, алмай кететіндер бар. Бір маңызды дүниені ұқпай жүргендейміз, сатушыдан түбіртек сұрау – әділетті экономиканың кілті.

Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, қазіргі кезде камерал­дық бақылау аясында 260 мың кәсіпкерге ескерту жіберілген. Себебі олар түбіртек бермей, табысын жасыруға тырысқан. Азық-түлік дүкендері, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлер секілді халық көп жиналатын бизнес нысандардың жұмысы қайта қаралып, тексеру нәтижесінде 6,2 мың кәсіпкер декларациясын түзетіп, 43,7 миллиард теңге табысын заңдасты­рып, 1,1 миллиард теңге салық төлеген.

– Мұндай көлемдегі жасырын табыс – өте алаңдатарлық жағдай. Бұл, бір жағынан, заң бұзушылық болса, екінші жағынан – бюджетке келтірілген нақты шығын, – дейді сарапшы.

Дмитрий Казанцев Маң­ғыстау облысының Мұнайлы ауданында тіркелген бір дүкен­нің әрекетін мысалға да кел­тірді. Аталған дү­кен бір жыл бойы күніне тек 7 мың теңгеге бір ғана чек берген. Бұл – касса­лық-бақылау машинала­рын дұрыс қолданбаудың және тұ­тынушы құқықтарының өрес­кел бұзылуының нақты дә­лелі. Сарапшының сөзінше, заң бұзған кәсіпкерлерді екі топқа бөлуге болады: табысты әдейі жасы­рып келгендер; күні бойы түскен табысты жинақтап, кешке бір-ақ чек бергендер.

– Заңға сәйкес, әрбір қолма-қол төлемнен кейін бірден чек берілуі керек. Бұл салық есептілігін ғана емес, тұтынушының да құқығын қорғаудың бір жолы. Егер күні бойы ешқандай чек берілмей, соңында бір ғана чек жасалса – салық заңнамасын айналып өтуге тырысқан әрекет деп бағаланады, – дейді ол.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин түбір­тек талап етудің негізінде тек са­лық төлетіп жатқан жоқ дейді.

– Оның мәні терең. Біз ертең қандай мемлекет боламыз? Бо­лашақ қалай болады? Азаматтық қоғам белсенді бола ма? Мысалы, мейрамханаға барғанда төлем жасауға бірнеше POS терминал ұсынады, біреуімен тағамды төлейсің, екіншісімен сусынды төлейсің, тағы сол сияқты. Бұл дегеніміз – ірі бизнесті ұсақтау. Қонақүйге барасың, әрбір қабатта – бөлек компания, бірақ қожайыны бір адам. Бұл – дұрыс емес, бірақ бұған заңмен тыйым салынбаған, сондықтан сондай әрекеттердің болуы мүмкін, – деп түсіндірді ол.

Бұл мәселе шешімін таппай келеді. Салдары да ауырлап бара­ды. Сондықтан да Үкімет салық жинау жүйесін жетілдіріп, көлең­келі экономиканың көле­мін азайтуға жаңа цифрлық құ­рал­дарды енгізуді қолға алып жатыр. С.Жұманғариннің сөзін­ше, алдағы уақытта елімізде «ұлт­­тық тауарлар каталогі» то­лық енгізіледі. Бұл – кассалық тәр­­­тіп­ті реттеуге, түбіртек беру мә­де­ниетін орнықтыруға, салық түсі­мін арттыруға бағытталған маңыз­ды қадам.

Каталог дегеніміз не? Жаңа жүйе – барлық тауарды бірың­ғай сипаттамалармен қамтитын цифрлық база болмақ. Каталог арқылы әр тауар нақты сипатталып, кассалық аппараттарда дәл осы мәліметпен салықтық түбіртек беруге мүмкіндік туады. Министрдің пікірінше, бұл – сауда операцияларының ашықтығын қамтамасыз етіп, салықтан жал­таруға жол бермейтін құрал.

– Түбіртек берудегі тәртіп­тің бұзылуы – көлеңкелі эконо­миканың кеңеюіне себеп болып отыр. Каталог бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді, – деді С.Жұманғарин.

Министр азаматтарды түбір­тек алуға ынталандыруға креа­тивті тәсілдер ұсынды. Соның бірі – чек арқылы жүлде ойнату жүйесін енгізу. Бұл шара Kaspi.kz секілді банктер мен ұлттық лотерея операторларының көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін. «Біз халықпен әрі бизнеспен кеңесе отырып, «қалай қызықтыруға бо­лады?» деген сұраққа жауап іздейміз. Жүлде ойнату – бір жо­лы. Бұл әрі әділетті, әрі тартымды тәсіл», деді ол. Сәйкесінше, Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе бұл бастаманы жылы қабылдады.

Елімізде кәсіпкерлерге қа­тысты салықтық бақылау күшей­ді. Кассалық тәртіпті бұзған­дарға ескерту ғана емес, нақты шаралар да қолданылады. Салық органдарының әрекеті енді бірреттік тексерулермен шек­тел­мейді – табысты жасыр­ған кәсіпкерлерге қатысты хроно­метраждық бақылау тәрізді қатаң тетіктер іске қосылады.

Хронометраждық бақылау деген не? Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, егер кәсіпкер табысын жасырып, ескертуге құлақ аспаса, салық органдары хронометраждық тексеру тағайындайды. Бұл – салықшылардың кәсіпкердің жұмыс орнында бір ай бойы нақты табыс көлемін бақылауы.

– Олар күн сайынғы кірісті есептеп, бір айдың орташа табысын шығарады. Сосын осы мәлімет негізінде бұған дейінгі кезеңдер үшін де салық есептейді. Бұл салықты міндетті түрде төлеу­ге тура келеді. Қазір бақылау бір жыл­ға жүргізіліп жатыр. Алайда бұл мерзім ұзаруы мүмкін. Әзір­ге бір жылмен шектеліп отыр, өйт­кені жаңа әдістің тиімділігін ба­ға­лау керек. Кейіннен өткен жыл­­д­арға да таралуы мүмкін, — дейді ол.

Нәтиже қандай? Маманның мәліметінше, камералдық бақы­лаудан кейінгі ескертулер 80 пайыз жағдайда нәтиже береді. Кәсіпкерлер жасырған табы­сын мойындап, қосымша декла­ра­ция тапсырады. Әйтпесе, бақы­лау күшейіп, салықты мәжбүр­лі түрде төлеуге тура келеді. Ра­сын­да, бұл – кассалық тәртіптің өрескел бұзылуы. Сондықтан заңды айналып өтпек болғандарға бұл жүйе үлкен соққы болып тиері анық.

Мемлекеттік кірістер коми­теті азаматтарды тұтынушы­лық құқықтарын қорғау үшін фискалдық чек талап етуге ша­қырады.