Бүгін Өскемен қаласында орналасқан «Қазцинк» зауытында шаң сүзу цехындағы арнайы құрылғыда газ-ауа қоспасында жарылыс болған. Құтқарушылар келгенде қызыл жалын байқалған, деп жазады Egemen.kz.
ТЖМ мамандары 120 шаршы метр алаңға таралған өртті толық сөндірген. Сондай-ақ цех құрылымдарының 220 шаршы метр аумағы опырылып түскені белгілі болды.
Министрлік оқиға салдарынан 7 адам зардап шеккенін, оның ішінде 2 адам қаза тауып, 5 адам ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді.
«Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Апат салдарын жоюға шамамен 80 адам жеке құрам, 18 техника бірлігі, командалық-штабтық машина, ТЖМ ұшқышсыз ұшу аппараты, кинологиялық есептоптар және Апаттар медицинасы орталығының бригадасының дәрігерлері жұмылдырылды», делінген ТЖМ таратқан хабарламада.
Қазір зауытта үйінділерді аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты ТЖД-да жедел желі телефоны іске қосылған: 8 (7232) 55-38-19.
Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алғанын айтты.