• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 18 Сәуір, 2025

ТМД елдерімен экономикалық серіктестік артады

0 рет
көрсетілді

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда сенаторлар ТМД елдерімен еркін сауда мәселелері жөніндегі заңды қарап, соңынан депутаттық сауалдарын жолдады.

Еркін сауда аймағын қалыптастырады

Отырыс барысында депутаттар «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, келісімді рати­фикациялау отандық көр­сетілетін қызметтер экспортын әртараптандыруды, ТМД нарық­тарындағы бизнестің ұстанымын нығайтуды және инвестор­лар­ға қатысты тәуекелдерді азайту үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.

«Келісім ТМД елдерімен серік­тес­тігімізді одан әрі нығайтуға ба­ғытталып отыр. Бұл құжат қыз­мет көрсету саласында еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейтін ережелерді қамти­ды. Сондай-ақ тараптардың инвестиция­лық тартымдылығын жақсартуға арналған нормалар да бар. Жалпы, заң ТМД елдері арасында сауда-экономикалық бел­сенділікті арттыруға және өзара инвестициялар көлемін ұлғай­туға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Келісімде серіктестік нарық­тарда ТМД-ға мүше елдерден көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер үшін неғұрлым тиімді жағдайлар белгілеу, ұсыну және қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Бұл экспроприациядан қорғау және капиталды еркін аудару ке­піл­дігін қоса алғанда, инвес­тор­лар үшін құқықтық кепіл­дік­тер жасау мәселелерін қамти­ды. Сондай-ақ құжатта инвести­ция­ларды реттейтін ереже­лер­дің болуы қатысушы мемле­кет­тер­дің қолайлы бизнес-ахуалын қам­тамасыз ету үшін айтарлық­тай ынталандырады, оған қоса инвестицияларды қорғау мен көтермелеу туралы қолданыстағы екіжақты келісімдерді дамытуға жол ашады.

 

Әуе билеттерінің құны неге қымбат?

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Депутат Сүйіндік Алдашев Премьер-министрге жолдаған депу­тат­тық сауалында еліміздегі азамат­тық авиацияның проблемалары туралы жария етті. Оның айтуынша, сәуір айының басында Экономикалық сая­сат, инновациялық даму және кәсіп­керлік комитетінің мүшелері дөңгелек үстел өткізіп, саладағы негізгі мәселелерді талқылаған. Біріншіден, бұл – авиациялық отынның жетіспеушілігі. Отандық мұнай өңдеу зауыттары өсіп келе жатқан сұранысты жаба алмайды және айырмашылықты импорттан алуға тура келеді. Қазірдің өзінде отын тапшылығы шамамен 237 мың тоннаны құрап отыр. 2030 жылға қарай бұл тапшылық 550 мың тоннаға жетеді деп болжануда.

Отандастарымызды әуе би­лет­терінің бағасы да алаңдатып тұр. Депутат атап өткендей, билет құнының 36,5%-ын отын алып отыр. Техникалық қызмет көрсету – 14,9%, әуежайға қызмет көрсету – 10,7% және жолаушыларға қызмет көрсету – 6,1%. Сонымен қатар жанармай нарығына ешкім кіре алмайды, ашық емес.

«Авиаотынды сатудан түс­кен кіріс әуежайлардағы кіріс­тің негізгі бөлігін құрайды. Басқа ойыншылардың осы инфрақұрылымға қол жеткізуіне мүдделі емес әуежайлар бар. Бұл авиакомпаниялар үшін отынның жоғары құнының себебі және нәтижесінде әуе билеттерінің құнына әсер етеді. Өкінішке қарай, бүгінде авиаотынды сату мен оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұл мәселені реттеуге бірыңғай көзқарасы жоқ», деді С.Алдашев.

Сенатор әуежайларды дамы­ту­ға жүйелі көзқарастың жоқ­тығына да тоқталды. Олардың көпшілігі жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады және шығынға ұшырайды. Инф­ра­құрылым тозған, жабдық ескірген және әуежайлардың жартысы шұғыл жөндеуді қажет етеді.

«Отандық азаматтық авиа­ция­ны басқарудың тиімді оңтай­лы үлгісін әзірлеуді ұсынамыз. Елдегі мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешу керек. Авиакомпанияны авиа­отынмен қамтамасыз ету жөнінде бірыңғай жүйелі тәсілдер әзірлеу қажет. Әуежайлар бейінді емес қызмет түрлерін қоспағанда, негізгі қызмет түріне назар аударуы керек. Осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру, әуежайлардың қызметіне инвесторларды тарту жөніндегі оңтайлы тетіктерді әзірлеу маңызды», деді сенатор.

 

Пластик қалдықтардың 10%-ы ғана қайта өңделеді

Елімізде қоршаған орта­ның пластикалық қалдықтар­мен лас­тануы мәселесінің өткір күйін­де тұрғаны сенатор Ольга Булав­кинаның Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалына арқау болды. Елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелеріне қара­­мастан, пластикті қайта өң­деу инф­рақұрылымы әлі де жет­кілік­сіз, ал халықтың эколо­гия­лық мәдениет деңгейі төмен.

«Бөлек жинау инфра­құ­ры­лымының жоқтығы және халық­тың экологиялық мәде­ниеті­нің төмендігі салдарынан пластикалық қалдықтардың тек 10%-ы сұрыпталып, қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына кетіп, жағылғанда метан мен басқа да зиянды газдарды бөледі. Заманауи технологияларды енгізудің қымбаттығы мен қайта өңдеу саласына инвес­тиция тапшылығы бұл бағыттың дамуын тежеп, полигондардың көбеюіне әкеліп отыр», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар плас­ти­калық бұйымдарға арналған мемлекеттік стандарттардың ескіргенін, микропластикке қа­тысты елеулі қауіптер барын атап өтті. Оның айтуынша, түрлі пластик түрлерін өндіру кезінде 4 мыңға жуық химия­­лық зат қол­данылуы мүмкін, олар­дың ша­мамен 600-і адам ден­сау­лы­ғы­на қауіпті. Өз үндеуін­­де сена­тор бұл мәселелерді шешуге ке­шенді көзқарас ұсын­ды. Атап айтқанда, эколог Евгений Мұха­мед­жанов­тың бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан «ECONetwork» жобасы­ның тәжірибесін кеңінен ен­гізу, сондай-ақ Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттік стартаптарының үлгісін қолдану қажеттігін атап өтті.

«Пластик өңдеушілер үшін салықты азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын, субси­диялар мен «жасыл» грант­тарды, сондай-ақ өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігін қарастыратын арнайы бағдар­лама әзірлеу қажет. Бұған қоса бизнес пен «жасыл» инвести­циялар­­ды тартуға басымдық беру керек. «ECO Network» пен Дәулет Серік­баев атындағы  ШҚТУ-дың тәжіри­­бесі негізінде халық­тың экосана­сын арттыру және қалдықтар пайда болатын жерде аз көлем­дегі пластикті қайта өңдеуге арнал­ған шағын желілерді құру жөніндегі табысты жобалар мен студенттік стартаптарды кеңінен енгізу маңызды», деп ұсыныс білдірді О.Булавкина.