Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінде KMF пен «BNK Finance Kazakhstan» компанияларына екінші деңгейлі банк ретінде қайта құрылуға ресми рұқсат берілді. Бұл туралы агенттік жаңа банк заңнамасын таныстыру барысында хабарлады.
Агенттік ұсынған заң жобасындағы басты өзгерістердің бірі – банктердің жарғылық капиталына қойылатын талапты 20 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендету. Бастама банк секторының ашықтығын арттырып, жаңа ойыншылардың, әсіресе микроқаржы ұйымдарының нарыққа кіруіне мүмкіндік береді.
Қазір елімізде капиталы 10 млрд теңгеден асатын 12 микроқаржы ұйымы бар. Олардың ішінде KMF – нарық көшбасшысы. Оның капиталы 336 млрд теңгеге жетсе, «BNK Finance Kazakhstan» 24 млрд теңгеден жоғары көрсеткішке ие. Сонымен қатар «Toyota Financial Services Kazakhstan» (257 млрд), «MyCar Finance» (173 млрд) және «OnlineKazFinance» (130 млрд) секілді ірі ойыншылар да бар. Ал капиталы 10 млрд теңгеден төмен ұйымдардың саны – 62.