• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Бюджет 22 Сәуір, 2025

Бюджетті бүтіндеудің амалы қандай?

60 рет
көрсетілді

Елімізде ауқымды салық реформасы басталды. Оның аясында салық жүйесін ретке келтіріп, «көлеңкелі» экономиканың көрігін қыздырып жүргендердің ақшасын заңды айналымға қосу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен ұлттық Құрылтайда осы мәселеге маңыз беріп, «салық жүйесі – мемлекеттік жүйенің негізгі тірегі» деп мәлімдеді. Егер бюджетте қаржы жетіспесе, мемлекет өз міндеттерін толық орындай алмай, әлеуметтік төлемдер уақытылы жасалмай, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төнеді.

Әлеуметтік салаларға жұмсалады

Мемлекет басшысы халықтың салық реформасының өзекті екенін айтып, маңызына баса назар аударды. Айтуынша, эко­номикалық, қаржылық мәсе­лелерді барлығы бірдей жетік білмейді, сондықтан Үкімет реформаның мәнін халыққа түсінікті тілде жеткізуге тиіс. Қандай өзгерістер енгізілетінін, олардың қандай нәтиже беретінін егжей-тегжейлі түсіндіру маңыз­ды.

– Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азая­ды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс, – деді Президент.

Бүгінде ел бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаларға жұмсалады. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік жәрдемақыларды қамтиды. Мемлекет басшысы мұндай шығындарды азайтуды көздемейтінін айтты, бірақ көмек тек шын мұқтаж жандарға берілуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет тиімсіз және басымдыққа ие емес жобаларға бөлінетін қаржыны қысқартуы керек. Сонымен қатар заңсыз жәрдемақы алудың алдын алу шаралары күшейтіледі.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылы мемлекеттік шығыс­тардың негізгі бөлігі – 37%-ы әлеуметтік саланы қаржы­ландыруға бағытталған. Бұл көр­сеткіш 2026 жылға қарай 44,7%-ға дейін өсуі мүмкін. Яғни халықты қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт пен туризмге бөлінетін қаражат артады. Ал экономиканың нақты секторына – инфрақұрылымдық жобаларға, республикалық жолдар мен бөгеттер құрылысына, жоғары қосылған құн беретін өндірістерге және жаңа жұмыс орындарын құруға небәрі 8-9% ғана қарастырылған. Бұл – дамушы ел үшін тым аз көр­сеткіш. Дамыған елдерде мемлекет – экономиканың басты инвесторының бірі. Мысалы, шетелде бюджеттен нақты секторға бөлінетін қаражат көлемі орта есеппен 25%-ды құрайды.

– Бізде ішкі жалпы өнімге шаққандағы мемлекеттік инвестиция көлемі 2,5%-ды ғана құрайды. Бұл көрсеткіш ТМД елдерімен салыстырғанда да әлдеқайда төмен. Мемлекеттің инвестиция­сы – басқа инвесторлар үшін де маңызды белгі. Егер Үкімет өзі қаржы құймаса, басқалар да инвестиция салмайды, дейді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин.

 

Дефолттың демі сезілсе...

Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қорға 520,2 млрд теңге түссе, алынған қаражат көлемі 1 трлн теңгеден асып кеткен. Шығын кірістен 2 есе көп деген сөз. Ұлттық қорға түсетін негізгі табыс мұнай-газ секторынан келеді. Бірақ биылғы екі айда бұл түсім небәрі 226,9 млрд теңгені ғана құрады. Ал мұнай секторындағы кәсіпорындар төлеген салықтар 519,7 млрд теңгеге жеткен. Салықтардың жартысы ғана Ұлттық қорға түскен деген сөз. Яғни мұнайдан түскен кіріс Ұлттық қорды толтыруға жеткіліксіз болып отыр.

Мұндай қаржы теңгерімсіздігі ұзақ уақыт бойы сақталса, бюджет тапшылығының ұлғаюына және Ұлттық қордағы резервтердің таусылуына әкелуі мүмкін. Сөйтіп, дефолттың демі сезіле бастады. Дефолт – мемлекеттің өз қаржылық міндеттемелерін орындай алмауы. Қазір тікелей төніп тұрмаса да, бюджет шы­ғын­дары өсе берсе және Ұлттық қордан қаражат алуды азайт­пасақ, болашақта батпақта қа­луы­мыз әбден ықтимал.

Сарапшы Элдар Шамсут­динов Президенттің сөзін қол­дайды. Оның айтуынша, бюд­жетті қайта құрылымдауды барынша тездету қажет.

– Дефолт туралы айтуға әлі ерте, алдымен бюджет дағ­да­ры­сы болады. Бұл – расымен бар қауіп. Мен бұған дейін де Са­лық кодексін шикі күйінде болса да былтыр қабылдау қа­жет екенін айтқанмын, оны 2025 жылдың екінші жарты жылдығына шегермеу керек еді. Идеал-сценарийде салық саясатын 2016 жылы өзгерту қажет болатын, бірақ ол кезде мемлекет бизнесті құтқарғанды жөн көрді. Бұл бюджет дағдарысының мәні мен қаупін түсінбейтіндердің ықпалымен жасалды. Ұлттық қор – тұрақтандыру құралы, сыртқы қарыздарды қайтару кепілдігі, несие берушілер үшін төлем қабілетінің көрсеткіші. Егер несие беруші қарыз алушының өз «ұлттық депозитін» жүйелі түрде жұмсап, бюджетті қайта құры­лымдамайтынын және салық жүйесіне өзгеріс енгізбейтінін көрсе, ол қарызды мерзімінен бұрын қайтаруды талап етуі мүмкін. Қазақстанның несие берушілері үшін бұл жағдай Ұлттық қордың 5-7 жылда емес, әлдеқайда ертерек таусылуы мүмкін екенін көрсетеді. Ұлттық қордан қаражат алу фискалдық саясатты нашарлатады, бұл өз кезегінде қордан шығындардың артуына алып келеді. Бұл – бір-бірін күшейтетін үдеріс. Неғұрлым көп қаражат алынған сайын, соғұрлым көп қаржы қажет болады. Мұндай қарқынмен Ұлттық қорды 3-5 жылда тауысып қоюымыз мүм­кін, – дейді сарапшы.

 

Ұлттық қор – уақытша дәрі

Қазіргі бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 2,7%-ын құрайды, мемлекеттік қарыз – 22,8%. Бұл әзірге шекті мөлшерден аспайды. Экономист Алмас Чукиннің айтуын­ша, егер қаржы жүйесі дұ­рыс реттелмесе, бес жылдан кейін елдің әлеуметтік, экономи­ка­лық тұрақтылығына қауіп төнеді.

– Ауруды емдеу үшін алдымен дұрыс диагноз қою керек. Біздің экономикамызда мәселе бар екені анық. Кейінгі бес жылда мемлекеттік шығындар кірістен әлдеқайда асып кетті. Біз қазір Ұлттық қордың «ауырсынуды басатын дәрілерімен» күн көріп отырмыз. Ұлттық экономика министрлігінің ұсынысын қолдаймын, себебі көптен бері кіріс пен шығыс баптарын теңестіру керек деп айтып келемін. Барлық болжамдарға сәйкес, бес жылдан кейін біз қаржылық апатқа тап болуымыз мүмкін, – деді сарапшы Мәжілісте өткен салық реформасына арналған жиында.

 

100 млрд доллардың жолы ұзақ

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің болжамынша, 2025 жылы мемлекет Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге емес, 7-8 трлн теңге көлемінде қаражат алуы мүмкін.

– Дефолт болуы мүмкін емес, себебі Ұлттық қорда жеткілікті қаражат бар. Үкімет бағаны ырықтандыру және Ұлттық қорды толықтыру жолдарын да қарастырып жатыр. Бұған қоса, бізде жартыжылдық және жыл соңында инвестициялық табыс болады. Сондықтан кем дегенде, алдағы бес жылға алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл үрдіс ұзаққа созылуы мүмкін. Алайда Ұлттық қорды 100 млрд долларға дейін жеткізу міндеті бұрынғыдан да күрделене түсті. Шын мәнінде, бұл бастапқыда орындалуы екіталай мақсат еді. 2025 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бо­йынша тәуекелдердің ауқымын бағалауға әлі ерте, оны жарты жылдық көрсеткіштер негізінде қараған дұрыс. Дегенмен Ұлттық қордан жоспарланғаннан да көп қаражат алынуы мүмкін екенін естен шығармау керек. Сондықтан бізге міндетті түрде сақтандыру тетіктері қажет, – дейді ол.