Ұлттық кітап күніне орай іс-шаралар шоғыры Батыс Қазақстан облысында соңғы бір апта бойы толастар емес. Аудан-ауылдардағы кітапханалардың бәрінде де оқырманмен жүздесу, түрлі форум, кітап таныстырылымдары өтіп жатыр.
Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деген сөзі зиялы қауымның көңілінен шықты. Бұл үрдісті қарапайым халық та қолдап отыр. Өйткені технологиялық өркениеттің жалт-жұлт жарнамасы сәл басылып, әр отбасы ұрпақ тәрбиесі деген үлкен мәселеге алаңдай бастаған.
«Біз кейінгі 30 жылда кітап оқудан айырылып қалып едік. Қоғамдағы көптеген жағымсыз құбылыстың себебін мен содан көремін. Адамға алдымен керегі – білім, сауат, парасат, ұлы тәрбие. Мұның барлығы – кітапта. Сондықтан бұл мереке, кітап мейрамы – өте керек мереке», дейді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева.
«Біздің Батыс Қазақстан облысында бүгін 356 кітапхана заман талабына сай қызмет көрсетеді. 25 кітапхана жаңартудан өтіп жатыр. Яғни өңірде оқитын қоғам қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Кітап – рухани қазына, білім мен тәрбие құралы. Ақпараттық технология қанша дамыса да, кітап оқу әрқашан трендте болуы керек. Кітапқұмар жандар қатары көбейе берсін!» деді Абай ескерткіші жанында жиналған халық алдында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.
Дина Нұрпейісова көшесінің бойында, ел-жұрт «Арбат» деп атап кеткен жаяу көшеде өткен іс-шараға халық көп жиналды. Өңірдегі қаламгерлер, ғалымдар, өлкетанушылар да осы жерде бас қосты. Облыс орталығындағы ең үлкен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, зағип жандарға арналған облыстық арнаулы кітапхана, Орал қалалық кітапханасы барлық филиалымен бірге жұмылып, кітап мерекесінің көрігін қыздырып жіберді. Көрмеге Махамбет пен Жәңгір хан атындағы және инженерлік техникалық университеттердің ғылыми кітапханалары өз оқытушы-ғалымдарының жазған түрлі ғылыми еңбектерін де әкелген. Көше бойынан «Атамұра» корпорациясының «Жәңгірхан» кітап дүкенін, «Kitapal» дүкенін, «Отбасы хрестоматиясы» кітаптарын ұсынған «Zerek» оқу орталығының сауда сөрелерін де байқадық. Ең ғажабы, қазақы нақыштағы сырт киімдерімен әйгілі «Айкербез» ұлттық киім және қолөнер орталығының шапан-желеңдерін киген сұлу қыздар да қолына кітап ұстап, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» (Әбіш Кекілбаев) ғажап қазынаны насихаттап жүрді.
Жаңа мейрамның бел ортасында кітапханашылар жүргенін айттық қой. Шынында да кітапханашылар қауымы кейінгі кезде кітапқұмар балалар, оқырман отбасылар көбейгенін байқапты.
«Кітап қалашығы» аллеясында жаңа әдебиеттер мен жергілікті басылымдардың көрмесі, шеберлік сыныптары, кітап дүкендерінің жәрмеңкесі, ұлттық ойындар алаңы, bookcrossing, кітап дефилесі, әдеби-музыкалық quiz, әдеби нон-стоп, жастар мен балаларға арналған алаңдар ұйымдастырылды. Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театрының әртістері сомдаған Абай, Жұбан, Қадыр бейнелері келушілер назарын аударды.
Мереке аясында кітапхананың ең үздік оқырмандары, ең белсенді отбасылар және кітапхана серіктестері марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы