Жыл сайын ел экономикасының құрылымы өзгеріп, жаңа салалар мен технологиялар пайда болып жатыр. Бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының біліктілігіне жаңаша талап қояды. IT, инженерия сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары болса да, қырнаушы, дәнекерлеуші, сылақшы, құрылысшы сияқты мамандықтар экономиканың көптеген секторларының тұрақты жұмыс істеуіне қашанда қажет.
Құрылыс индустриясы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты салаларда кадр тапшы. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, кадрлардың тиісті даярлығын қамтамасыз етудің жөні бөлек.
Қазірде жұмыссыз азаматтарды, соның ішінде жастарды жұмысшы мамандықтарына тегін оқытуды ұсынатын бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Қайта даярлау бағдарламалары әртүрлі жастағы адамдарға жаңа мамандық алуға мүмкіндік береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп кәсіптік білім беру, жұмыспен қамту саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға бағытталған іс-шаралар кешенін қолға алды. Еңбек нарығын білікті кадрлармен толықтыру мен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін жұмыс аясында бос орындар жәрмеңкелерін өткізу, кәсіби стандарттарды жетілдіру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды күшейту көзделген. Министрліктің халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Әзиз Ибрагимовтің айтуынша, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау салаларында жұмысшы кадрлар жоғары сұранысқа ие. «Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам санына бағаланады. Оның 900 мыңға жуығы – кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады», дейді ол.
Құрылыс саласындағы ең үлкен сұраныс: сылақшылардың (9 758 адам), құрылыс бригадалары прорабтарының (9 477 адам), дәнекерлеушілердің (7 229 адам) үлесіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы саласына: 10 695 фермер, 7 141 тракторшы, 4 940 ірі қара өсіруші керек. Сол секілді өңдеу өнеркәсібінде: дәнекерлеушілерге (3 342 адам), тігіншілер мен киімді қалпына келтірушілеріге (2 606 адам), өнеркәсіптік жабдықтардың слесарьларына (2 367 адам), сантехниктер мен құбыр өткізушілерге (2 051 адам) қажеттілік артады. Денсаулық сақтау саласы 24 614 орта медициналық құраммен, 4 604 жедел жәрдем жүргізушісімен, 4 536 фельдшермен толығуға тиіс.
«Мансап компасы» платформасының базасында 100 мың жоғары сынып оқушыларын қамти отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта осы платформада кәсіби диагностика бойынша функционалды енгізу басталып, сәуірде іске қосылмақ. Сондай-ақ «Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлауға кемінде 35 мың тәлімгер тарту, жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспарланған. Биылдың өзінде жастар практикасына 3,2 мың адам жіберілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жастар практикасына қатысушыларға 2 645 тәлімгер бекітілген.
Бүгінде «Skills Enbek» платформасында 9 827 оқушы мен ТжКБ студенттері онлайн-оқытумен қамтылды. Сондай-ақ биыл кемінде 500 мың оқушы мен ТжКБ студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытылады. ТжКБ-ның үздік мың түлегін елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарланған. Жұмыс беруші жұмыссыздарды 6 айлық кәсіптік оқытуды ұйымдастырады.
Биылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жұмысшы мамандықтарына басымдық бере отырып өткізіледі. Елордада мұндай жәрмеңке «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында өтіп, бір аптаға созылды. Осылайша, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне мыңнан астам жұмыс беруші қатысып, жұмысшы мамандықтар бойынша 9,6 мың бос жұмыс орнын ұсынды.
Сонымен қатар су шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, тау-кен металлургия өнеркәсібі, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы, көлік логистикасы, автомобиль жолдары, тағы басқа салаларда 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады. Біліктілікті тануды бағалау төрт тәуелсіз орталықтың базасында басталған. Тағы бес орталық ашылып, екеуі халықаралық стандарттарға негізделетін болады.