Бүгін 92 жасында қазақтың қабырғалы қаламгері Әкім Тарази пәни жалғанның парағын жауыпты.
Ғажайып сәйкестік: дәл осы уақытта «Таразы» шоқжұлдызы да Сүмбілені соңына салып, Үркерді жанына алып, жерге түсіп барады. Ол сонау таң суыр тамыздың ілкі декадасында дүниеге қайта келеді. Яки жаңа дүние, жас төлмен, буынды шөп, бұлтты көкпен қайта қауышады…
Әкім ағамыз да ешқашан жербауырлап жүрмеген рухты қаламдоз. Ілкі туындысы «Құйрықты жұлдыз» (1966) аталғанмен, қаламгердің бұйрықты жұлдызы ұзақ жанды. Әбден толысқан шағында «Қорқау жұлдызды» жазғанмен, Алқау жұлдызы тұңғиыққа емес, тым биікке шырқады. Оның рух қыраны «ұясын бұлтқа салды!» Сол қасиет бәрімізге үлгі!
Алыптар шоғыры азайып барады. Бұл Жылан жылы жақсыларымызды жұтумен жылжуда. Дегенмен ілгеріден үміт күткен жұрт едік, түбі қайыр деп, қайырын сұрайық!
Шаңырағын сұлу сезімдерге бесік қылып, терезесін таза ойларға есік қылып, аңыз адамды бөпедей саялаған, абыз ағамды анадай аялаған Роза ханым Мұқановаға көңілқосымды білдіремін! Қастерлі шаңырақта ұялаған бақтың сәулесі көшпегей, құттың тәубесі өшпегей!
Светқали НҰРЖАН,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын