Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі материалдық емес мәдени мұра объектілері элементтерінің ұлттық тізімі қайта қаралғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еліміздегі материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізімі қайта зерделеніп, бұған дейін тіркелген 45 элементтің қатары 79-ға дейін ұлғайған. Бұл қадам ұлттық мәдениетті сақтау мен насихаттауға бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның атынан «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне» енгізілген элементтер саны 14-ке жеткен. Бұл – еліміздің көпғасырлық рухани және мәдени байлығының халықаралық деңгейде мойындалуының айқын көрінісі.
«Бүгінде еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіші тіркелді. Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде еліміздің 10 тарихи және мәдени ескерткіші бар», деді Аида Балаева.