Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатқалы екі жылдан асып барады. Жұрт болып жұмыла атқарған жұмыс осы күні шын мәнінде елдік сипат алып үлгерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жуырда облыс әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, жалпыөңірлік тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырған болатын.
«Абай облысы – ұлы тұлғаның атымен аталған, тарихы терең, табиғаты көркем өңір. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Тоғыз жолдың торабында бой көтеріп, аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келе жатқан Семейіміздің географиялық орыны бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те артары белгілі. Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – бәрімізге ортақ. Ал тазалық дегеніміз – айына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде күнделікті дағдыға айналып, салт болып қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет. Осыны ескере отырып, біз былтыр сәуірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда жалпыөңірлік сенбілік бастағанбыз», деді аймақ басшысы.
Расында, соның нәтижесінде тазалық науқандарына былтыр өңірде 349 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде 70 мыңнан астам көшет егілді. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орындары жойылды. Осы игі істердің заңды жалғасы ретінде облыста 10 ауданында «Үлгілі ауыл» байқауын өткізген. Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мен тазалығын сақтау жұмыстарына қатысып, белсенділік танытқан 20 ауылға 20 трактордың кілті берілгеніне куә болғанбыз.
Алайда әттеген-айлар да жоқ емес. Жауырды жаба тоқымдап, жарамызды жасыра берген де болмас. Күні кеше Үржар ауданда болғанымызда осындай жайттарға тап болғанымыз бар. Жыл сайын дәстүрге айналдырған облыс әкімінің үндеуіне үн қосып, туған жердің тазалығына салғырт қарайтын елді мекенді көріп, қарадай қарнымыздың ашқаны бар. Басқасын айтпағанда, аудан орталығының негізгі көшелерінде тазалық талабы сақталмаған. Құлаған кәрі теректің діңдері, шашылған пластик құтылар, темекі тұқылы және қоқыс жәшіктерінің де айналасы шашылып жатқанын көрдік.
Осыған байланысты аудандық әкімдіктен мән-жайды сұрап көргенбіз. Аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е. Жұмашевтың берген мәліметінше, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Үржар ауданында санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді екен. Биыл көктемнен бері аудан көлемінде бірнеше сенбілік ұйымдастырылып, оған елді мекен тұрғындары, кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлері белсенді қатысқан. Нәтижесінде жүздеген тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, көшеттер отырғызылып, арықтар мен қоғамдық орындар тазартылған. Сонымен қатар заңсыз қоқыс төгу орындарына ескерту тақтайшалары мен бейнекамералар орнатылған.
«Сондай-ақ Үржар ауылында жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұған қоса, ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын «Таза Үржар» ЖШС жұмысын бастап, тұрғындарға қызмет көрсете бастаған», дейді бөлім басшысы.
Оның берген мәліметінше, биыл 30 сәуірде сенбілік өткен, оған 130 адам қатысқан, 43 тонна қоқыс шығарылған, 600м арық тазаланған, 6 дана техника тартылған. Яғни қағазда бәрі «қанттай», ал көрініс көңіл көншітерлік емес екенін біз түсірген фотосуреттерден байқауға болады.
Абай облысы, Үржар ауданы