Шоқтығы биік, қаз мойынды тұлпарлар ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, көпшілік көрерменнің алдына шықты. Құйрық-жалдары төгілген бұл сәйгүліктер Өскеменнің іргесіндегі ат спорты клубында өтіп жатқан көрмеге жеткізілген. Бұл жолы жылқылардың ең жүйрігі емес, күтімі мен бітіміне қарай бағаланды.
Сонымен қатар ат спорты кешенінде садақ ату, теңге ілу, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен де жарыс болды. Облыстың әр өңірінен әкелінген 14 сәйгүлік төрешілер мен көрермендердің таңдауына ұсынылды. Қазақтың жабы тұқымынан бастап, ақалтеке, ағылшын, Орлов сәйгүліктеріне дейін сынға түсті. Бас жүлде өскемендік Александра Попованың арғымағына бұйырды.
Бұл іс-шарада иппотерапия бағытындағы жұмыстар да таныстырылды. «Титан» кешенінде 2009 жылдан бері ерекше балалар үшін атпен сауықтыру сабақтары өткізіліп келеді. Қазір мұнда 130-дан астам бала иппотерапия қызметін алады. Атпен емдеу жүйкеге, бұлшық етке және психологиялық жағдайға оң әсер етіп, балалардың денсаулығын түзеуге көмектеседі.
Мерекелік іс-шарада өңір өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, киіз үйлерде ұлттық тағамдар ұсынылды. Қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.
Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов ат спортының дамуына назар аударып, Шығыс Қазақстан шабандоздарының халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктерін ерекше атап өтті.
Облыс басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Өскемендегі «Титан» ат спорт клубындағы иппотерапия әдісі Шығыс Қазақстан облысының басқа да аудандарында ұйымдастырылуға тиіс. Биыл жобаны Риддер қаласында, Ұлан ауданында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
– Қазақстан Паралимпиада құрамасының құрамы жеті адамнан тұрса, оның алтауы біздің спортшыларымыз екенін ерекше мақтанышпен атап өткім келеді. Жылда олар халықаралық жарыстарда тек бірінші орындардан көрінеді. Арнайы Олимпиада бағдарламасындағы ат спорты ерекше мақтанышқа лайық. Біздің команда Лос-Анджелестегі Бүкіләлемдік жазғы ойындарға, Мәскеуде өткен халықаралық жарыстарға қатысып, екі алтын, бес күміс және бір қола медаль жеңіп алды, – деді облыс әкімі.
2009 жылдан бастап аталған клуб ерекше балалар денсаулығын қалпына келтірудің жаңа бағытын сәтті жүзеге асырып, иппотерапия әдісін қолдану арқылы сауықтыру сабақтарын өткізетін әдістемелік орталыққа айналды.
– Бүгінгі сайыстың мақсаты – адамдардың атқа деген қызығушылығын көрсету. Ат баптаудағы мәдениетті қалыптастыру, сондықтан талаптар спорттық дайындыққа емес, арғымақтың күтіміне байланысты қойылған. Жал-құйрығы таралған, тынысы ашылған сәйгүліктер жеңіске жетеді, – деді облыстық ат спорты федерациясының директоры Екатерина Руденко.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, арғымақтардың мұндай көрмесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұруы мүмкін. Биыл Өскемен өңірінің тұлпары топ жарса, келер жылы басқа жақтың жылқысы жеңіске жетуі мүмкін.
Өскемен