Биыл 3 203 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 151 мыңнан астам этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы жылы қандастардың жартысы (48,1%) Қытайдан, 39,5% – Өзбекстаннан, 5,8% – Түрікменстаннан, 2,5% – Монғолиядан, 1,9% – Ресейден, 2,2% тағы басқа елдерден келген екен.
1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 8,2%-ды құраған. Білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 27,8%-ы орта кәсіби білімді, 52,9%-ы жалпы орта білімді, және 1,4% білім жоқ.
Қандастарды қоныстандыру тұрғысында еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған.
Қандастар жалпы түрлі өңірлерге қоныстанды.
«Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 642 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-ден 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 147 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 94 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды», деп хабарланды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданған. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.