Шығыста аса қауіпті ауруларға қарсы ветеринарлық шараларды жүзеге асыру барысында жалпы көлемі 4,7 миллион дозаға жуық вакцинациялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда облысқа 2,2 миллион доза биопрепарат жеткізілген. Бұл жалпы көлемнің 46%-ын құрайды. Өңірде алдын алу мақсатында жалпы саны 539 мыңнан астам ветеринариялық іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, ірі қара малға сібір жарасы, аусыл және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы екпелер егілді. Сонымен қатар, иттер арасында құтырма, ал жыртқыш жануарлар арасында эхинококкоз ауруының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Ветеринариялық қызмет – азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Төрт түліктің саулығы ет, сүт және басқа да өнімдердің сапасына тікелей әсер етеді. Өңірде жалпы 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 99 ветеринарлық пункті біріктіреді. Бұл пункттерде 475 маман еңбек етіп жүр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында олар 60 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Барлық құжат айналымы «ЕАСУ», «ИСЖ» ақпараттық жүйелері мен «VET-MOBILE» мобильдік қосымшасы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады, – дейді басқарма басшысы Ертай Батхолдин.
Бұдан бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда жылдық жоспардың 20,8%-ы орындалып, 100 мыңнан астам жануар тіркеуден өтті. Бұл шаралар мал басын және барлық ветеринарлық рәсімдерді тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысы