Қарағандыда бекзада күй өнерін дәріптеуді дәстүрге айналдырған байқау бар. Дарынды орындаушылардың басын қосып, Арқа даласын дүбірге бөлейтін биылғы Тәттімбет атындағы ІХ республикалық байқау мәреге жетті. Бұл жолғы күй жәрмеңкесі шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенімен ерекшеленді.
Ұлттық музыканың алыбы Тәтекеңе арналған өнер додасына Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қостанай, Семей, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, тағы да басқа өңірлерден келген 70-ке жуық өнерпаз бақ сынады. Олар екі күн бойы қылқобыз, прима-қобыз, домбыра, тағы да басқа аспаптарда классикалық туындылар мен халық күйлерін орындады.
Үміткерлердің дарынын есімдері елге белгілі өнер саңлақтарынан құралған қазылар алқасы таразылады. «Қыл-қобыз» аталымының III дәрежелі дипломы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп оқушысы Темірлан Алиевке, II дәрежелі дипломы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Абылай Есетовке, I дәрежелі дипломы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Ерасыл Төрехановқа бұйырды.
Ал «Қобыз-прима» аталымында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бекзада Самиғолла – III орын, дәл осы университеттің студенті Нұрайлым Әбді – II орын, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпазы Әсия Нұртай I орын иеленді.
Конкурстың «Домбыра» аталымында М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесінің студенті Ерболат Талапхан, Қарағанды қаласы №2 музыка мектебінің оқушысы Манап Анықбеков, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Сара Қамбарова дипломант атанды. Аталған аталым бойынша Шет ауданы Мәдениет үйінің өнерпазы Дәулетбек Жүсіп – III орын, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Аяна Сатаева – II орын, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінің оқушысы Нұрәлі Саят I орын алды. Осы жолы Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы «Өнерлі өркен» арнайы сыйлықтарын тағайындап, бірқатар үміткерді марапаттады.
Сонымен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының өнерпазы Ержанат Жарқыннұр байқаудың бас бәйгесін алды. Жеңімпазға «Үкілі домбыра» байқауының бас жүлде иегері, қолөнер шебері Нарбек Охановтың домбырасы тарту етілді.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, бас жүлде бұйырды. Бұл менің ғана жеңісім емес, бізге аманатталған дәстүрлі өнердің жеңісі деп ойлаймын. Өзім төкпе күймен өскенмін. Арқа жеріне келіп, шертпе күйден осындай жетістікке жету – мәртебе», деді байқаудың бас жүлде иегері.
Қарағанды облысы