Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде заңсыз иемделген активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жобалары іске асырылып жатыр. Осы бағытта Ақтөбе облысында медициналық мекемелердің құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 1,4 млрд теңге бөлінді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде бірқатар бастама көтерілді. Қайтарылған қаражат 11 медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияның құрылысын қаржыландырады. Жоспарға сәйкес, биыл Ақтөбе облысының бірнеше ауданында жаңа медициналық нысандар салынады. Атап айтқанда, Ырғыз ауданының Нұра ауылында, Байғанин ауданының Ноғайты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтереді. Сонымен қатар Шалқар ауданының Шоқысу, Сарысай, Тоғыз ауылдарында, Мұғалжар ауданының Жарық ауылында, Қобда ауданының Бегалы ауылында, Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункттер ашылады.
– Қазір Жарық ауылында жас маман ретінде жұмыс істеп жатырмын, музыка пәнінен сабақ беремін. Ауылда көптеген өзгеріс болып жатыр: балаларға арналған ойын алаңы салынуда, сонымен қатар көптен күткен жаңалық, ауылымызға газ келді, тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бұдан басқа, медициналық пункт салу жоспарланып жатыр. Ол мүмкіндігінше тезірек пайдалануға беріледі деп үміттенеміз, – деді Мұғалжар ауданы Жарық ауылының тұрғыны Қуаныш Нұрсәт.
Дәрігерлік амбулаториялар Мұғалжар ауданының Қайыңды, Мұғалжар ауылдарында, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында салынбақ. Бұл мекемелердің барлығы тәулігіне 25-45 келушіге қызмет көрсетуге есептелген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық қызметтің жоғары қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
– Былтыр біздің ауылда асфальт төселіп, жолдар салынды. Ауылда медициналық пункттің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Жалпы, мұндай әлеуметтік нысандар барлық елді мекенге қажет. Бұрын медициналық қызмет алу үшін көршілес Бершүгір ауылына баруға тура келетін, енді мұндай медициналық пункт біздің ауылда да ашылады. Ол биыл іске қосылады. Ауылымыздың атынан осы жұмысты ұйымдастыратын және оған қатысатын азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз, – деді Шалқар ауданы Сарысай ауылының тұрғыны Нұрлан Оразов.
Ақтөбе облысындағы медициналық мекемелердің құрылысын жүзеге асыру – әлеуметтік жағдайды жақсартуға, сондай-ақ тұрғындар үшін денсаулық сақтау саласының қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.