Бүгін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде «Digital Farabi - 2025» халықаралық форумы өтті.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, NVIDIA корпорациясының корпоративтік бизнесті дамыту, Қазақстандағы ASUS, Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия мемлекеттік органдарымен жұмыс жөніндегі Kaspersky компаниясының өкілдері ғылыми-зерттеулер нәтижелері, IT-жобалардың көрмесімен танысты.
Форумда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлемдік тәжірибелерді зерттеу негізінде қолға алынып, жүезеге асатын жобалар барысына тоқталды.
Американың бірінші сыныптан жасанды интеллект курстарын енгізу тәжірибесін, Қытайда 2035 стратегиясы аясында жасанды интеллектіні арнайы пән ретінде оқытылатындығын мысалға алға министр ғаламдық бәсекеде Қазақстан да өз орнын нықтап алуы үшін осы салада мамандар даярлаудың заманауи мүмкіндіктерін қолдану қажеттігін алға тартты.
Айтуынша, әлемнің мықты университеттермен бірлесіп, еліміздің жоғары білім жүйесінде бұрын-соңды қолға алынбаған 20-дан астам жасанды интеллект жобасы іске асатын болады. Қазіргі кезде елімізде 2 мыңнан астам студент сала бойынша білім алып жатқан болса, бұл өте аз көрсеткіш екенін алға тартқан министр AI-Sana білім бағдараламасы аясында 650 студенттің ЖИ базалық дағдысын игеретіндігіне тоқталды.
Яғни, бірінші кезеңде жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттерге базалық білім беріледі. Ал екінші кезеңінде 100 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласындағы кәсіпкерлік дағдысын мейлінше тереңдетіп оқуға мүмкіндік алады. Оның барысынеда экономиканың қандай саласында жасанды интеллекті қолдануға болатындығына қатысты нақты білім дағдылары берілетін болады. Ары қарай unicorn компания деңгейіне жетуді мақсат ететін студенттер инвесторлармен жұмыс, жасанды интеллект кластері аясында даму мүмкіндігіне ие болады. Осы жолды бастан аяғына дейін өтуге дайын студенттер үшін жыл сайын үш басымдыққа ие, яғни биыл энергетика, тұрақты дамы және агоркешен салалары қаржыланатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев дәстүрлі шараның маңызын атап өтіп, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік пен тілдік модельді цифрландыруға арналған жобаларға тоқталды. Атап өткендей, жас ғалымдарды ынталандыруға жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Осы орайда Президент тапсырмасымен университетте экономиканы дамытуға бағытталған заманауи жобалар іске асуда. Қазіргі кезде университет алдыңғы қатарды технологиялық компаниялармен әріптестікте жұмыс істеп, заманауи оқыту бағдарламасы аясында болашақтың мамандарын даярлап жатыр.
Форумда сондай-ақ NVIDIA корпорациясының корпоративтік бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Антон Джораев, Қазақстандағы ASUS өкілі Рамазан Аранғазы, Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия мемлекеттік органдарымен жұмыс жөніндегі Kaspersky компаниясының аға менеджері Әсет Ордабаев, сарапшы ғалымдар жасанды интеллектің еліміздегі даму барысы, компанияларда қолданылу тәжірибесімен бөлісті.
Форумда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Бейжіңдегі «March» цифрлық экономика институты және «Наурыз цифрлық экономика паркі» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар форумда «Cyber Defence Challenge» байқауы өтіп, жасанды интеллект, IT кеңістіктің ең жас қатысушылары заманауи жобаларын таныстырды.
АЛМАТЫ