Ташкент қаласында өткен көркем гимнастикадан Әлем кубогінің үшінші кезеңінде астаналық «Фурор» командасы жүлдегер атанды, деп жазады Egemen.kz.
Спортшыларымыз 5 лента бағдарламасы бойынша сәтті өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды. Команда құрамында елордалық гимнасшылар Аида Хәкімжанова, Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес және Айзере Нұрмағамбетова өнер көрсеткен.
Осы сында І орынды Қытай құрамасы иеленсе, күміс медальді Польша құрамасының гимнастшылары алды.
«Қыздарымыздың еңбегі ақталды. Олар талмай жаттықты, әр жаттығуды жүректерімен орындады. Бұл – олардың табандылығы мен еңбексүйгіштігінің нәтижесі. Алдағы уақытта да үлкен белестерді бағындыруға күш саламыз», деді команданың жеке бапкері Меруерт Балғынбаева.