• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2025

«Отбасы банк» бірегей баспана жәрмеңкесін өткізді

30 рет
көрсетілді

Астанада «Отбасы банк» ұйымдастырған жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне жүздеген адам ағылды. Бұл жәрмеңке халыққа ыңғайлы уақытта сенбі күні ұйымдастырылды. Жұмыс күндері бір мезет банкке сұранып шыға алмайтын астаналықтар бұл күні «Қазмедианы» бетке алды.

«Отбасы банктің» шақыруымен келдім»

26 сәуірде «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банк» «Наурыз» бағдарламасының қатысушыларына арналған жылжымайтын мүлік жәрмең­кесін өткізді. Іс-шара барысында бір алаңда елдің жетекші құрылыс компаниялары бас қосты. Жәрмеңкеде банк менеджерлерімен қатар Астанадағы белгілі құрылыс компанияларынан «Alash Way», «Aizia Invest», «El Invest», «Grand Building Group», «Lake House 1», «TC Company», «SAT-NS», «The Akan Building», «Bazis-A», «BI-Group», «Jetisu», «Favorite Group», «Grey Plaza Holding (Inju Promenade)», «Aqyn Abai (Vvbuilding)», «Рамадан2020», «Sensata», «Шар-Құрылыс» менед­­жерлері қаз-қатар отырып, халық­қа қызмет көрсетті.

«Қазмедиаға» бұл күні Астананың жүздеген тұрғыны келді. Олардың бәрі де баспанадан үмітті. Көбі «Наурыз» бағ­дарла­­масында шекті сома мақұлдауынан өткен. Көңілдері көтеріңкі, еңселері тік.

Жәрмеңке қонақтарына ұсыныс­тардың ішінен тиімді нұсқаны таңдап, нысанды көруге алдын ала келісу, тұрғын үй сатып алу тәртібі бойынша толыққанды кеңес алу әрі «Баспана маркет» порталы арқылы пәтерді брондау мүмкіндігі қарастырылды. «Қазмедиаға» келген астаналық Нұрсұлтан Нұрғожин атты тұрғын «Отбасы банктің» шақыруымен келгенін айтады.

«26 млн теңгеге дейін сомаға мақұлдау алдым. Бұл жәрмеңке ыңғайлы екен. «Отбасы банктің» менеджерлері мен құрылыс компанияларының өкілдері қаз-қатар отыр. Бүгін өзімізге бір үй қараймыз. «Наурыз» бағдарламасымен үй аламыз. Қаражатты үш жыл жина­дым. Біз сияқты қарапайым жұ­­мыс­шыларға «Отбасы банктің» бағдар­ла­малары тиімді екеніне көзім жетті», дейді ол.

«Отбасы банктің» кеңесшілері жәр­мең­ке барысында несие мөлшер­лемесін есептеп беріп, төлем қабілет­тілігін баға­лау рәсімін де сол жерде өткізді. Бұл – алдын ала мақұлдау алу үшін қажет. Аста­налық Гүлден Қабы­кеева да банк тала­бының бірін­ші кезеңінен өтіп, енді төлем қабілет­тілігін растау үшін жәрмеңкеге келген.

«4 жылдан бері 3,6 млн теңге жинадым. Маған «бірінші кезеңнен өттіңіз» деген жауап келді. Енді қандай сатылардан өтуім керектігін білейін деп келдім. Жұмыс күні жұмыстан шыға алмаймын. Бүгінгі күн ыңғайлы болды. Іздегенге сұраған дегендей, SМS-хабарлама арқылы бүгін жәрмеңке өтетіні туралы хабарлама келді. Бірінші кезеңнен кейін қайдан өтуім керектігін шынымды айтсам білмеймін. Сол үшін келіп отырмын. Оның үстіне бұл жерде банктің менеджерлерімен қатар құрылыс компанияларының да адамдары отыр екен. Жақсы болды. Бүгін бір үй таңдаймын», дейді Гүлден.

 

«Наурыз» мыңдаған адамды қуантты

2025 жылы еліміздің 34 745 азаматы «Наурыз» бағдарламасына қатысуға өтініш берген. Соның ішінде жоғары балл жинаған 12 000 азамат қатысушы ретінде таңдалған. Олардың ішінде 4 577 адам немесе 38,1%-ы — тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Шамамен әрбір алтыншы қатысушы (16,8%) — әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі — 35 жасқа дейінгі жастар (7 112 адам). Олардың көпшілігі — отбасылы, балалы азаматтар. Сондай-ақ қатысушылардың 25%-ы — тұрғын үй төлемдерін алушылар, яғни әскерилер мен арнайы мемлекеттік органдар қыз­мет­керлері.

Қазір «Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың баспана таңдауына уақыт берілген. 2024 жылы «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының арқасында 10 249 отбасы қоныстойын атап өткен.

 

«Ешкім көңіл күйін түсірмесін»

«Отбасы банктің» Астанадағы филиа­­­­лы­­ның директоры Жанар Ізімбетованы сөзге тарттық. Оның айтуын­­­­ша, «Наурыз» бағдарламасы іске асы­­­­­рылып жатқанына 2 жыл болған. Бұл бағ­­­дар­ла­ма­ны Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Отбасы банк» әзірлеген. Оның шарты: дайын пәтер алсаңыз бастапқы жарна 10 па­­­йыз, жартылай дайын пәтер үшін 20 пайыз. Несие бойынша аз қам­тылған отбасыларға мөлшерлеме жылдық 7 па­йыз (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6% дейін) болса, қалған санаттағы азаматтардың бәріне 9 пайыз (ЖТСМ 9,4%-дан 13% дейін). Астана, Алматы мен Шымкент қаласында берілетін лимит 36 млн теңгеге дейін болса, басқа облыс орталықтары үшін 30 млн теңге.

«Астана туралы айтар болсақ, бағдар­лама бойынша 2707 адам өтсе, 477 азаматтың төлем қабі­леттілігі расталды. Олар қазір баспана іздеп, осында жүр­ген құрылыс компанияларымен де сөйлесіп жатыр. 477 азаматтың ішінде 38-і «Наурыз» бағдарламасы бойынша бас­пана сатып алды.  17 наурыздан бас­тап «Наурыз жұмыскер» атты жаңа бағдарлама басталды. Бұл бағдарлама бойынша да өтінім қабылдау жұмысы аяқталды. Астанадан 480 азамат осы бағдарлама бойынша тіркелді. 238-ден аса адам өз баспанасын тапты. Қалған азаматтар сатып алатын үй іздеп жатыр», деді Жанар Ізімбетова.

Банктің өкілі «Отбасы банкте» қазір осы екі бағдарлама барынша тиімді саналатынын айтады. «Наурыз» бағдарламасы әлі де бес жылға созылады.

«Яғни биыл конкурстан өтпей қалғандар болса көңіл күйін түсірмесін. Олар алғашқы жарнаға қажетті 10–20 па­йыз ақшаны тауып, келесі жолы өтінім бере алады. Біз порталымызда тұрған құрылыс компаниялардың бәрімен серіктеспіз. Астана жайында айтатын болсақ, оның ішінде 83 нысан бар. Яғни бұл – 3300 пәтер. Олардың кейбіреуі пайдалануға берілген. Сонымен бірге кепілдікпен салынып жатқан үйлер де бар. Бізбен серіктес көп компаниялар осында келіп отыр», деп түйді сөзін Жанар Ізімбетова.

Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да болады.