• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Көрме Кеше

Қарқаралы суреттері

20 рет
көрсетілді

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Суретші-лер одағының мүшесі Жүрсін Балкенов туындыларын ел назарына ұсынды. «Шабыт және мұра» деп аталған көрмеге талантты суретшінің 49 картинасы ілінді.

Жүрсін Шаяхметұлының таланты табиғаттан дары­ған­­дай. Жаны даламен егіз. Қыл­­қа­­ламымен Арқаның інжу-мар­жанына айналған Қарқа­­ралыны көп салыпты. Шай­тан­көлін, орманын, тауын су­реттепті. Туған жерге арнал­ған 100-ден аса туындыны жа­рыққа әкелген. Ерекшелігі сол, біріне-бірі ұқсамайды. «Ор­мандағы таң», «Қарқаралы тау­лары», «Тау ішінде», «Айлы түн», «Шайтанкөл», «Кенттегі қыс» секілді ғажап картиналарынан сұлу табиғатқа деген іңкәрлік, туған жерге деген сағыныш лебі сезілетіндей.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде қарағандылық танымал суретші Мұрат Қалқа­баев көрме жұмыстарын тама­шалап шыққанын, Жүр­сін Шаяхметұлының шығар­машы­лығымен бұрын­нан таныс екенін айтып, мерейтойымен құттықтады.

Жүрсін Балкенов – Е.А.Бө­кетов атындағы Қара­ғанды зерт­теу университетінің, кәсіби-көркем өнер факуль­теті­нің дизайн және бейнелеу өнері кафедрасының профессоры, бейнелеу өнерінің жана­шыры. Сонау 1987 жылы Қара­ған­дыға аспирантураны енді бі­тіріп келген ол өнерлі жастар білім алсын, оқысын деп пе­да­гогикалық институтта «Көркем сурет» факультетінің қайта ашылуына ықпал еткен еді.

Ал Суретшілер одағының облыстағы төрағасы Айдархан Қалмаханов мерейтой иесінің омырауына «Бейнелеу өне­ріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін жарқырата тақты.

«Суретші талғамы айтар ойымен үндес болу керек. Сонда өнер бағалы болады. Мәселен, мен әрбір жұ­мы­сымда қазақтың жанын көрсетуге ұмтыламын. Сондық­тан да «Даналығым – дала» дегенді үнемі айтып отыра­мын. Себебі Еуропада, басқа жұртта дала деген ұғым бола бермейді. Ол түркі жұр­тына ғана тән, оның ішінде қазақта бар. Бұған дейін мен жұмы­сыма көрген дүниемді айныт­пай салуды мақсат сана­маппын. Оны фотоаппарат­тар да мін­сіз орындай алады. Менің ойла­ғаным – әрбір салған картинам арқылы адам жанына үңілу, адам жанын сөйлету, сурет арқылы сырласу. Осыған дейін бейнелеу өнері жөнінде бірнеше ғылыми кітап жаздым. Соның пайдасын қазақ балалары көріп жатыр. Осыдан артық бақыт бар ма?», деп тебіренді суретші.

 

Қарағанды облысы