• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Ауылнай – азаматтық қоғам өкілі

30 рет
көрсетілді

Қазталов – Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі ауданның бірі. Бір қабырғасы Ресей Федерациясымен шектесіп жатқан осы өңірде 47 елді мекен, 16 округ орталығы бар.

Округ орталықтарында мемлекеттік мекеме түгел, әлеуметтік мәселе барынша шешілген. Ауыл әкімі, әкімдік аппараты бар, басқару тетігі әбден қалыптасқан. Дегенмен округ орталығынан бөлек жатқан шағын елді мекендерде жағдай қандай? Көбіне бұрынғы кеңшар бөлімшесі, мал фермасы болған ауылдардың қазір бас иесі кім?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз сапалы мем­лекеттік басқарудың берік негізін қалыптастыру үшін Үкімет пен қоғамның моральдық стандарттарын жақсартуымыз керек» деген сөзі бар. Жалпы, қазақ халқының басқару жүйесі ғасырлар бойы өзгеріп, әр кезеңнің талаптарына сай бейімделіп отырды. Дәстүрлі билік құрылымы көшпелі қоғам­ның ерекшеліктеріне негіз­делді. Халық қажетін ескеретін басқару жүйесі қалыптасты. Бір кездері осын­дай жүйенің ең басында ауыл­най деген лауазым болған екен. Біз соны қалпына келтірдік, – дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.

Елдегі билік реформасына сәйкес 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін халық тікелей өзі сайлайтын болды. Қазталов ауданында да 2021 жылы – 4 әкім, 2022 жылы – 3, 2023 жылы – 7, 2024 жылы  4 әкім сайланды. 2025 жылдың басынан бері тағы бір ауыл өз әкімін таңдап алды. «Бұл реформа халықтың жергілікті билікке деген сенімін арттырып, олардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қаты­суына жол ашты», дейді аудан басшылары. Осы ауылдық округ әкімдерінің жұмысын жеңілдету, ауыл халқының мұң-мұқтажын жедел шешу мақсатында округ орталықтарынан бөлек елді мекенде ауылнай тағайындалып, бірнеше жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Биыл да аталған шағын ауылдарда жиналыс өтіп, 31 елді мекеннің ауылнайы анықталған.

Бір қызығы, халық арасынан шыққан бұл ауылнайлар жалақы алмайды. Рас, жыл соңында жұмыс нәтижесіне қарай марапат алып, мақтау естуі мүмкін. Бірақ өзі тұратын шағын ауылдың шаруасы, тұрғындардың мұң-мұқтажы үшін алдымен шыр-пыры шығатын – дәл осы ауылнай.

– Ауылнайдың мақсаты – елді мекенде мемлекеттік бағдар­­ламаларды іске асыруға жәрдем­десу, тұр­ғындарының әлеуметтік-эконо­ми­калық әл-ауқатын көте­руге көмектесу, ең бастысы елді мекен тұрғындарының өзекті мәселе­лерін аудан, ауыл әкімінің назарына ұсынып, шешілу жолына атсалысу, елді мекенді дамытуға үлес қосу, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.

Шағын ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылға алдымен инфрақұрылым – жол, су, жарық, байланыс керек. Тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік­ті дамытуға жәрдемдесу басты орын­да. Ауылнай қал-қадерінше барлық салаға араласады. Баланың оқуы, науқастың денсаулығы, ауылдың экологиясы, халықтың тыныштығы, тіпті төтенше жағдай кезінде халықты ұйымдастыру, хабардар етуге де сол қауымның өз ортасынан шыққан басшы болғаны дұрыс-ақ.

Ауылнай өзі тұрған ауылдың бүкіл отбасын жақсы таниды. Әр шаңырақта, әр отбасында болып жатқан жағдайды одан жақсы білетін адам табу қиын. Араздасқанды татуластыру, телі-тентекті тию ең алдымен қауым­ның өз ішінде жүреді. Қазір біраз ауыл ішімдіктен бас тартты, алкоголь сатылмайды. Бұл істе де ауылнайдың ықпалы зор. Бүлдіргі діни ағымдардың алдын алуға, ұлттық дәстүрге қайшы әдет-әрекетке де алдымен қарсы шығып, бұл туралы әкімдікке, учаскелік полицияға, аудандық ішкі саясат бөліміне хабарлауды да ауылнай өз міндетіне алған. Әр округтегі ресурстық орталық мамандарымен бірлесіп, түрлі мәдени-спорттық, патриоттық іс-шара­ларды ұйымдастырады. Жасы толған жігіттердің әскерге баруы, ауылдың санитарлық тазалығы, тіпті халықты газет-журналға жаздырып, олардың ақпараттық сауа­тын арттыру ісіне де араласады.

Биылғы «Жұмысшы маман­дық­тар жылына» орай қазір Қаз­та­лов ауданында қарапайым ең­бек адамының, жұмысшы маман­дықтарының беделін арт­тыруға бағытталған жұмыс көбейді. Әр ауылда, халық арасында жүрген еңбек ардагерлерінің ісі дәріптеліп, насихатталып жатыр.

Жақында ауылнайлардың басын қосқан «Ауыл – береке мен бірліктің қайнар көзі» атты бірінші форум өтті. Форумда ауыл­найлардың жұмысын жетіл­діру, ауданда атқарылып жатқан жұ­мыстар, елді мекен­дердің әлеуетін арттыру мәселелері тал­қыланды. Аудан әкімі А.Сар­құлов ауқымды іс-шараның Мем­лекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасымен ұштасып отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі форум азаматтық қоғам қалыптастырудың айқын көрінісі. Ауылнайлар жергілікті әкімдікпен, депутаттармен, қо­ғам­дық кеңес мүшелері, кәсіп­кер­лер, шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс­та жұмыс істейді. Оның қыз­ме­ті ауылдық жерлердің өркенде­уіне, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді өз сөзінде аудан әкімі.

Форум аясында елді мекен­дердің әлеуетін арттыру мақ­сатында «Үздік ауыл», «Үздік ауыл­най» сынды жобаларды жүзеге асырып, ауыл­найлар арасында тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру семинарларын ұйымдастыру жөнін­де ұсыныс айтылды. Жиын соңын­да былтыр «Қаладан – ауыл­ға» бағдарламасы бойынша үздік нәти­же көрсеткен Болашақ, Тал­ды­апан ауылдық округтерінің әкім­дік­теріне су жаңа автокөлік берілді.

 

Батыс Қазақстан облысы